Адам және тағдыр

«Тағдырға жазылған өзгермейді» демекші әр адамның тағдыры жазылып қойған, алайда, қалай өмір сүретіні әр адамның өз қолында. Тура жолда жүрем десе де, ақ жолдан тайып, теріс жолға түсем десе де – өз таңдауы. 

Ақмола облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының Біржан сал ауданындағы «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында алты жылдай өмір сүріп келе жатқан қызмет алушы 83 жастағы Алексей Лубенченконың тағдыры туралы айтқым келеді.
Ол кісі 1937 жылдың 25 маусымында Ақмола облысы Атбасар ауданы Полтавка ауылында дүниеге келген. Әкесін 1942 жылы майданға әкетіп, содан оралмаған. Анасы бес баламен жалғыз қалған. 1943 жылы үлкен ағасы майданға аттанып, одан кейін әскери борышын өтеп, 1950 жылы үйіне оралған. Отбасындағы үлкен әпкесі Мария колхозда жұмыс істеп, қысы-жазы малға азық тауып, қолмен жер жыртқан.
Алексей Александрович төртінші сыныпқа дейін ауылдық мектепте оқыған, одан соң ағасы майданнан қайтып келгенде Атбасар қаласына қоныс аударып, анасымен, ағаларымен бірге пәтер жалдап тұрған. Ағасы паровозда от жағушы болып жұмыс істеді. Әпкесі Мария майданнан келген бір аяғы жоқ мүгедек жігітке тұрмысқа шығып, ауылда қалған, ал, 1928 жылғы тағы бір ағасы саптық әскерге жарамсыз болып, Қарағанды шахтасына еңбек әскеріне шақырылып, онда үш жыл жұмыс істеген.
Бір жылдары қиындық басталды, өйткені, қамқоршы болып, ақша тауып, көмектескен ағасы өз отбасын құрғасын, анасымен қалған екі кішкентай балалардың күн көрісіне табыс болмады. Қарағандыдағы ағасына хат жазып, көмек сұраған. Ол жұмысынан шығып, отбасына келіп, локомотив депосына жұмысқа шыққан. Жеңгесі де балабақшада еңбек еткен. Бір пәтерден екінші пәтерге көшіп-қонып жүрген. Артынан үлкен ағасы өзіне пәтер сатып алып, екі кіші інілерін екі үйге бөлген, яғни, Алексейден үлкен ағасы мен анасын Қарағандыдан келген ағасы қолына алған, ал, кейіпкеріміз үлкен ағасының қолына барған.
Ағасының отбасында кішкентай ұлы болған, Алексей сол баланы өсіріп, бағып-қағып, қамқор болған. Солай баланы бағамын деп, сабағы да нашарлап кеткен, не оқу, не жазу білмеген. Алтыншы сыныпта екінші жылға қалып, енді мектепке барғысы келмеген. Содан ағасы мектепке барып, өтініш жазып, баланың құжаттарын алып кеткен. Кәмелеттік жасқа толмағасын еш жерде жұмысқа алмаған. Бір күні көршінің баласы келіп, комсомол райкомында Қарағандыға тракторшылар курсына жазылуға болатынын айтады. Курсқа қашан жіберетінін артынан айтамыз деген. Уақытты жай өткізбей, Алексей байланыс монтеріне оқып, жаз бойы телефон желісін өткізіп жұмыс істеген, бірақ еңбекақысы төленбей, тамағы болмай, дем алатын жері егістік болғасын жұмыстан шығып кеткен.
Көршінің баласы екеуі тракторшылар курсын білуге барса, аты-жөні тізімде болмай шыққан. Кәмелетке толмағасын ешқайда алмайтынын айтқан. Жаны қысылғасын жас бала райкомның төрағасына кіріп, өмір сүруі қиын екенін, адал еңбек еткісі келетінін, ұрлыққа бармайтынын айтып түсіндірген. Сонда райком төрағасы баланы тізімге қосып, оқуға жіберген. Сарань қаласына оқуға 370 бала келген екен. Оларды алты ай оқытып, тыңға жұмыс істеуге дайындаған.
Оқу аяқталғаннан кейін барлығын өз туған жерлеріне жіберіпті. Алексей Атбасарға жұмысқа келген. Бірақ, тракторлар болмағандықтан, басшысы оларға құрылысшының жұмысын ұсынған. Денсаулығын ойлаған Алексей Покровка ауы-
лына қайтқан. Ауыл директоры балалардың құжаттарын қарап, туысының қасына тракторшы ретінде жұмысқа тұрғызған. Онда біраз уақыт жұмыс істеп, еңбектеніп тапқан ақшасын алуға барса, кадрлар жетпейтін болғандықтан, жұмыстан жібергісі келмей, тағы да еңбекақысын төлемеген. Атбасар қаласына барып, 18 жасында электростанцияда моторист болып 10 ай жұмыс істеп жүрген кезде, оны әскер қатарына шақыртқан.
1956 жылдың 6 шілдесіне комиссиядан өткізіп, Көкшетау қаласына әкеліп, ауылдарға жіберген. Алексей Александрович Рузаев ауданы Бірлік ауылына астық жинап, вагондарға жүктеп, сол жерде бірнеше ай жұмыс істейді. Одан кейін 3 жыл Беларусияда оқу танкілік батальонде әскери борышын өтеген. Әскерде жүрген жылдары жүргізуші механик курсын, химиялық құрал-жабдықты жөндеу, сақтау бойынша курстарды өткен. 1959 жылы Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, ауылдық, қалалық жерлерде тракторшы болып еңбек еткен. Кейіпкеріміз «Еңбек Қызыл Ту» ордені, «Еңбек ардагері», «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Алексей Александровичтің жеке отбасы туралы айтатын болсам, ол кісі 23 жасында үйленген. 2006 жылы жұбайы қайтыс болады, өкініштісі артынан ерген балалары болмаған. Әйелі қайтыс болғаннан кейін, екі жылдан соң әпкесінен де айырылған. Ағасы мен жеңгесі келіп, тамағын пісіріп, үйін жинап, көмектесіп жүрген. Дегенмен, олар да сексеннен асқан қарт адамдар болғандықтан, Алексей жаны ашып, өзін қарттар үйіне тапсыруын өтінген.
Солай, 2014 жылдан бастап Макинка ауылындағы «Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өмір сүруде. Қазіргі таңда Алексей Александрович қарттар үйінде тұрып жатқанына еш өкінбейді. «Тамағым тоқ, жылы бөлмем, жататын төсегім бар. Моншаға да барамыз. Барлық мүмкіндік жасалған», – дейді. Бос уақытында көркем шығармаларды оқығанды ұнатады. Бүгінгі жас, ертеңгі – қария. Мұны әрбір азаматттың жадында сақтап, көңілге түйіп, атасыз үйлері – батасыз, анасыз үйлері – панасыз қалатынын ескерген дұрыс.
Мәнсия ӘБЖАНОВА,
«Мейірім» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының аудармашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар