Ұлттық музей: тарихтан сыр

Музей халқымыздың өткені мен бүгінінен тарихи сыр шертетін қастерлі орын. Өйткені, ол ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын жинақтап, сан ғасырларды бір арнаға тоғыстырады. Уақыт көшімен тыныстап, келер ұрпаққа атадан мирас болып қалған мұраны насихаттайтын да осы мұражай. Сондықтан, мұражай ісін дамыту бүгінгі күннің талабы болып отыр.

Ұлттық киім, қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан сыр шертетін дүниелер музей сөрелерінен берік орын алған. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар дегендей уақыт өз орнында тұрмасы анық. Осы орайда, ұлттық құндылықтарымызды жинақтайтын ұлттық музейіміздің болғаны қандай ғажап. Ашылғанына бір жыл толып отырған Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және тікелей қолдауымен іске асқан жоба. Ұлттық музейдің жалпы көлемі 74 мың шаршы метр. Ол архитектуралық сәулеті жөнінен әлемнің үздік 10 музейінің қатарында. Қазір мұндағы жиналған жәдігерлер саны 200 мыңға жуық.
 Ұлттық музейдің алдына қойған мақсат, міндеті де зор. Болашақта бүкіл халыққа рухани азық беретін ірі орталық болып қалыптаспақшы. Қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де аз емес. Түрлі іс-шараларды өткізуде ұйымдастырушылық қабілетімен ерекше көзге түсетін де осы Ұлттық музей. Сөзімізге дәлел ретінде жуырда өткен «Музейдегі түн» акциясында 23 мың келуші бір мезетте мұражайдағы жәдігерлерді тамашалауға мүмкіндік алғанын айтып өткен жөн. Сонымен қатар, музейде халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар, дөңгелек үстел, акциялар жиі ұйымдастырылады.  Музейдегі ауқымды жобалардың тағы бірі «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы дер едік.
Акцияның басты мақсаты ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығына байланысты құнды жәдігерлерді музей қорына қабылдау. Акция алдымен, Астана және Алматы қалаларында ұйымдастырылды. Нәтижесінде 700-ге жуық құнды жәдігер Ұлттық музейдің экспонаттар қатарына қосылды. Ол жәдігерлердің арасында Ілияс Жансүгіров, Кенен Әзірбаев, Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Жұмабек Тәшенов, Қасым Қайсенов пен тағы да басқа белгілі адамдардың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлер бар. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлттық музей жәдігерлерді қабылдау барысында олардың ұлт тарихында қаншалықты маңызы бар екендігіне ерекше мән береді.
Осы орайда,  Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбайдың «Әркім өз отбасындағы қадірлі бұйым туралы ойланып көрсінші, соның көбі жоғалған, жойылған немесе қолды болған. Сондықтан, «кез-келген мұра музейде сақталу керек» деген елдік ұстанымды жалпыхалықтық парыз санаудың уақыты туды деп санаймын» деген салмақты да салиқалы ойы көңілге қонымды. Бұл «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы еліміздің барлық өңірлерін қамтуда.  Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан биылғыдай жылы мұның ерекше маңызы бар. Ұлт тарихына, елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер әрбір үйде сақталуы бек мүмкін. Ата-бабадан көненің көзі ретінде мұраға қалған құнды дүниені ұлт тарихының бір бөлшегі ретінде аталмыш музейге сыйға тартуға болатынын оқырман қауымға айта кеткен жөн.
Өзіміз айтып өткендей көптеген танымал тұлғалардың құнды жәдігерлері музейден орын алды. Көпшілік қауым құнды дүниелерін музей қорына тапсыруға ниет етуде. Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалижан Бекхожиннің жары Зайда Бекхожина өмірлік серігіне қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, белгілі жазушы Сәбит Мұқанов сыйлаған самауырды, академик Әлкей Марғұланның естелікке тарту еткен құмырасын және жарының «Мерседес» жазу машинкасын Ұлттық музей қорына сыйға тартқан. Ғанибетті ғұмырын халқына қалтқысыз қызмет етуге арнаған, қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған жазушының  жеке заттары мен жазу машинкасы тарихи жәдігер ретінде ұлтымыздың баға жетпес құндылығына айналатынына зор сенім білдіруге болады. Ал, мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Өзбекәлі Жәнібековтің немересі Әзел Жәнібек  атасының заттарын, оның ішінде көздің қарашығындай сақтаған 80-ге жуық фотосуретін, қаламын, қолжазбасын және қайшысын Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне табыстап, заттардың мұражайда сақталатыны әулет үшін зор қуаныш екенін айтады.
Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы өз ұлтының тарихы мен мәдениетіне жанашырлықпен қараса, бұл елдігіміздің нығая түскендігінің белгісі. Сондықтан, тарихымызды түгендеп, мұрамызды жинауға бәріміз де белсене атсалыссақ, нұр үстіне нұр.

Бейбіт ТОҚТАРБАЙ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің
қоғаммен байланыс бөлімінің қызметкері.

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар