Ата кәсіптің жолын тапқан

Бір қарағанда мал шаруашылығы саласы нәзік жандылар үшін қиын сияқты болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, Жаңа Қима ауылының тұрғыны Алмира Жабағина осы саланы таңдапты.

Бүгінгі күні оның қорасында үш сиыры, елуге тарта қойы және жүз шақты қаз бен тауығы бар. Алмира көп балалы ана. Бес перзенті уақыттарын босқа өткізбейді. Үлкен ұлдары анасына мал бағуға көмектеседі. Субсидия түрінде мемлекет те қолдау көрсетеді. Алмира «Бастау Бизнес» бағдарламасының курсын тәмамдаған. Көп балалы ана ретінде 53 мың теңге жәрдемақы алады. –Ауылда тек жәрдемақыға жалтақтап, өмір сүру мүмкін емес. Былтыр грантқа ие болып, 30 қой сатып алдым. Қойларым қоздап, саны көбейді. Қазір елуге жуық қой бар. Алдағы уақытта несие алып, сүт өндірісімен айналысамын. Қосымша жұмыс орындарын ашамын,–дейді ол бізбен әңгімесінде. Мал шаруашылығы саласын дамыту үшін алдымен, мал азығы мәселесін шешіп алу қажет. Бір арба шөптің құны 25 мың теңгені құрайды. Жемшөппен, малға қажетті өзге де азықпен Алмираның жұбайы айналысады. Жақсы аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Рүстем Қойшығұлов бізге «Бастау Бизнес» бағдарламасының екінші бағыты бойынша курста оқуға елу адам жіберілгенін айтты.
– Олардың 27-сі оқуды аяқтап, сертификат алды. Несие алу үшін «Қаржылай қолдау қорына» 27 адам жіберген едік, бүгінгі күні солардың 23-іне 87 миллион 400 мың теңгенің несиесі берілді,–дейді орталықтың маманы. Ауданда тамыздан қазан айына дейін 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беріледі. «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша елді мекендердің 80 пайызы қамтылған. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығын одан әрі дамыту үшін субсидиялар мен шағын несиелерге үміт артып отыр. Бұл түсінікті жағдай. Өйткені, ауылдағы негізгі табыс көзі дәл осы мал шаруашылығы саласы.

Боранбай КӨМЕКЕЙ.
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар