Ауыл қуанышы

Облыс әкімі Сергей Кулагин уәдесінде тұрып, көктемгі су  тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылының тұрғындарына алғашқы 40 пәтердің кілтін тапсырды.

Елорданың іргесіндегі Целиноград ауданы биылғы көктемгі су тасқынына ұшырағаны баршамызға белгілі. Әсіресе,  табиғат апатынан қатты жапа шеккен Оразақ ауылында көптеген үйлер тұруға жарамсыз болып қалып, олардың орнына жаңасын салу жұмыстары қызу қолға алынды. Осы бағытта республикалық бюджеттен бөлінген қаржының уақытында түспеуі салдарынан, құрылыс кешеуілдеп басталғанымен,  облыстық әкімдіктің жедел іс-қимылы және осыған қол ұшын созған кәсіпорындар мен жеке азаматтардың көмегінің арқасында құрылыс жұмыстары ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Бұл орайда,  «Іскер ТТЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруда. Тіпті, республикадан бөлінетін қаржының кешеуілдетіп түспей жатқан кезінде де мердігерлер екі пәтерлі жүз үйдің құрылысын бір сәтке де тоқтатпады.
Ауданға сапары барысында облыс әкімі Сергей Кулагин осында көктемде үйлерін су шайып кеткен тұрғындарға арналып салынып жатқан екі пәтерлі 100 үйдің жиырмасының дайын болуына байланысты 40 отбасына жаңа пәтердің кілтін тапсыру салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
–Табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету бұл үлкен маңыздағы шаруа. Сондықтан, мұндағы барлық жұмыс Елбасының бақылауында тұр. Осынау қиын кезде қол ұшын созған Мемлекет басшысына, Үкіметке ақмолалықтар атынан алғысымды білдіремін. Зардап шеккендердің барлығына әкімдік тарапынан тиісінше көмек көрсетіледі. Аудан бойынша 290-ға жуық пәтердің құрылысы жүргізілуде. Олардың барлығына дерлік табиғат апатынан зардап шеккендер қоныстанатын болады, – деді өз сөзінде облыс әкімі.
Облыс әкімі бұдан әрі  мердігер компания мен көмек қолын созған жекелеген кәсіпорын басшыларына алғысын білдірді.
– Қиын кезде қол ұшын созған барша азаматтарға алғысым шексіз. Бүгін міне, су жаңа баспанаға қол жеткізіп отырмын. Пәтерлердің іші кең. Сапасы жаман емес. Үйіміздің іргетасынан бастап, кілті қолымызға тигенше барлық құрылыс жұмыстарын өзіміз бақылап отырдық. Бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қиын кезде қол ұшын созған жерлестеріме алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды жаңа пәтер иесі Қуат Ысқақов.
Сапар барысында облыс әкімі аудан орталығындағы бу қазандығының қысқы маусымға дайындығын да пысықтап, көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналып салынып жатқан Ақмол және Қосшы ауылдарындағы төрт
45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған үйлерге Ағанас, Шнет, Оразақ,  Ақмол, және Қосшы ауылдарының тұрғындары қоныстанатын болады. Бұл үйлерді қазан айының соңы мен қарашаның басында пайдалануға беру көзделген.
Целиноград ауданы.

 

Аслан ОСПАНОВ

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар