Жаңа мешітіміз құтты болсын, қадірлі мұсылман қауымы!

Кеше Көкшетау қаласында мұсылман қауым әлденеше жыл арман еткен Науан Хазірет мешітінің ашылу салтанатына облыс әкімі Сергей Кулагин, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жабал Ерғалиев, Рәшит Әкімов, Қазақстан Республикасы Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың депутаттары және қалың жамағат қатысты.

Күн шайдай ашық. Лүп еткен жел жоқ. Сонау зәулім көкте нарттай қызарған күннің өзі жамағатқа жып-жылы шуағын себезгілеп, нұр сеуіп тұрғандай. Науан Хазірет атындағы алыстан көз тартатын, айбыны асқақ, мұнаралары ақша бұлтпен астасқан жаңа мешіттің алдына жиналған, бір-бірінен сүйінші сұрасқан, бір-біріне құтты болсын айтысқан жамағаттың көңілі де дәл көк аспандай мөп-мөлдір, тап-таза.
Иә, шынында да бұл Қараөткел мен Көкшетаудың кең жазирасын жайлаған жалпақ жұрттың ет жүректерін лүпілдетіп, көкіректерін қуаныш кернеген күн болды. Осы мешіттің ашылуын халық сағына, сарғая үлкен үмітпен тосып еді. Үміт ақталды. Ақ түйенің қарны жарылған, туған елімізді тамаша қуанышқа кенелткен сәт те сағатын соқты.    
Алдымен, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырмин Құран оқыды. Әуезді әуеніне жамағаттың жан дүниесі қорғасындай балқып, ғажайып тылсым бір дүниеге енгендей. Ақ таяғына сүйенген ақсақал да, ақ жаулықты әже де, қаумалай иін тірескен жастар да мінажат етіп, иманға ұйыды.
Мұнан соң салтанатты рәсімдегі алғашқы сөз облыс әкімі Сергей Кулагинге берілді. Әкім өз сөзін қазақ тілінде бастағанына көпшілік разы болып, бір серпілісіп қалды.  
– Бүгін мұсылман қауымы үшін, тұтас облыс жұртшылығы үшін мерекелі, берекелі сәт болып тұр. Жалпы, мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айтының алдында адамдардың рухани жан дүниесін байытып, ізгілік пен мейірімге шақыратын, бейбітшілік пен келісімімізді нығайтатын шара өткелі отыр. Бұл күн барша ақмолалықтардың қуанышы. Арғы заманда осы төңірекке имандылық шуағын шашқан, білімдар, үлкен оқымысты Науан Хазіреттің атындағы мешіттің ашылуы баршаңызға құтты болсын. Дін дегеніңіздің өзі тіршіліктің қалыбы, бейнесі. Дүние дүние болып жаралғалы жақсылық пен жамандық, ақ пен қара, ізгілік пен зұлымдық белдесіп келе жатқанын барша ел біледі. Осы мешіт тәрізді имандылықтың ұясында ел бойындағы жақсылықтың бүр жаратындығына, ізгілік пен ізеттің нық орнығатынына сенімдіміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел бірлігі, еліміздің тұтастығы туралы орамды ойларын, парасатты пікірлерін  жиі айтады.
Жалпы, бұл халықтық құрылыс болғандығын айта кетуге тиістімін. Өйткені, мешіттің құрылыс жұмысына бірнеше ұжымдар қатысты. Аудандардың да, облыс орталығының жұртшылығы да қолдарынан келгендерінше көмек-жәрдемін көрсетті. Олардың арасынан «Алтынтау Көкшетау», «Көкшетау минералды сулары», «Логос Трейд», «Көкшетау жолдары», «Көкшетау көлік жолдары», «Нұрай Строй», «Ақмола Бидай» ұжымдары көп жәрдем берді. Құрылыс материалдары бірнеше шетелдерден әкелінді. Сөйтіп, жұмылдыра кіріскен ортақ істің нәтижесінде жалпы аумағы бес мың шаршы метрді құрайтын, биіктігі 45 метрлік мешіт үйі пайдалануға беріліп отыр. Ең биік мұнарасы – 12 метр. Ішінде ерлерге арналған, әйелдерге арналған кең залдар бар, неке қиятын бөлмесі, асханасы, дәрет алатын жерлері заман талабына сай әрлендірілген. Жалпы, мешіт құрылысы шығыс-араб үлгісімен салынды. Осы құрылысты жүргізуге бес жыл уақыт кетті. Сол бес жылдың ішінде Ақмола облысының әкімі болып қызмет істеген Альберт Рау, Сергей Дьяченко, Қайрат Қожамжаров, Қосман Айтмұхаметовтің еңбегін атап өту керек. Сондай-ақ, облыс орталығындағы және облыстағы бірқатар ірі кәсіпорындар, аудан әкімдері, кәсіпкерлер, жалпы ел ішіндегі осындай ізгі ниеттегі шаруаға бейжай қарай алмайтын азаматтар білек сыбана атсалысты. Облысымызды мекендейтін барлық ұлттың өкілдері де қарап қалған жоқ. Біле білсеңіздер, бұл да біздің бірлігімізді көрсететін, тірлігімізді мәнді ететін қарекет.
Мұнан соң Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы құттықтау сөз сөйледі. Шешен өз сөзінде Көкшетау жұртшылығы үшін айрықша қуанышты күн екенін айта келіп, Қазақстандағы ірі қалалардың бәрінде осындай мешіт салынғандығын тілге тиек етті. Дәл осындай ақжарылқап таң Көкшетауда да атып отыр. Мұнарасын күн сүйген, ақша бұлты аймалаған мешіт үйі замандас-тарымызды имандылыққа шақыратын болады. Құранда былай деп айтылған: «Тіршілігінде мешіт салғандарға пейіште үй салынады». Сондықтан, осы мешітті салуға жәрдем еткендерге мың да бір алғыс. Атам қазақтың құнарлы сөзінің бірінде «азанды ауыл азбайды» деген аталы сөз бар. Қазір жастар имандылыққа бет бұруда. Иншалла қоғамымыз иманды, инабатты болса, нұр үстіне нұр. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы салтанатты рәсімдегі сөзін түйіндей келе жаңа мешіттің ашылуына орай, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырминге алтынмен өрнектелген Құран кітабын табыс етті.  
Салтанатты рәсімде сөз алған «Мәдени мұра» қорының жетекшісі Болат Жанәділов өз сөзін Қазақ хандығының 550 жылдығынан бастады. Тамыры тереңге жайылған Алаш жұртшылығы бүгінде тәуелсіз тіршілік етуде. Сол қасиетті тәуелсіздіктің арқасында тіліміз тіріліп, дінге бет бұрдық деді ол.
– Маған дейінгілер айтып өткеніндей мешіт құрылысы шынымен халықтық сипат алды. Облыс әкімдері қолдан келгендерінше қолдап бақты. Бүгін сол істің нәтижесі тәрізді мынау жарқыраған, жайнаған мешіт үйі есіктерін айқара ашып жатыр. Қуаныш құтты болсын, ағайын, – деп сөзін түйіндеді Болат Сүлейменұлы.  
Салтанатты рәсім соңында жерлесіміз, белгілі айтыскер ақын Арман Бердалин жыр жолдарын арнады. Ақынның әдемі мақамымен өрілген жырда қуаныштың лебі, жаратқанға мінажат, жақсылыққа шүкіршілік тәрізді түйінді ойлар айтылды.
Рәсім аяқталған соң, тағатсыздана тосқан қаумалаған қалың ел жаңа мешітке кіруге асықты. Ине шаншар жер жоқ. Бәрі жаңа мешітке қадам баспақ, асығулы. Елдің иманға бет бұрғанын осыдан көруге болар. Келер күндерде де елдің осы қатары селдіремесе екен дедік біз іштей.
Көкшетау қаласында Науан Хазірет атындағы жаңа мешіттің ашылу қуанышына орай Краснояр кентіндегі атшабарда аламан бәйге өткізілді. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында жерлес ақын Құдайберлі Мырзабектің «Науан Хазірет» қойылымы көрермендердің назарына ұсынылды.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар