Алқапта дәні, төскейде малы

Бидай өндірісі ел экономикасының негізгі тірегінің бірі екені анық. Сондықтан да, өңірімізде бидай алқабына жер көп бөлініп, орақ науқанына да мемлекет тарапынан тұрақты назар аударылып келеді. Күзгі уақыт – диқандардың жаз бойғы еңбегінің жемісін, нәтижесін көрсететін шақ. Шаруашылықтар күннің ашықтығын ұтымды пайдаланып, пісіп тұрған астықты жауын-шашынға қалдырмай жинап алуға күш салуда.

Орақ науқанына алғашқылардың бірі болып кіріскен Андреевка ауылдық округіндегі «Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқабына барып, диқан қауымының тірлігін көзбен көріп қайттық.
«Нива» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – аудандағы алдыңғы қатардағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Шаруашылықты ұзақ жылдар бойы тәжірибелі басшы Владимир Абермит басқарып келеді. Андреевка селосында туып-өсіп, еңбек жолын да туған селосында бастаған ол егіншіліктің қыр-сырын жетік біледі. Қажырлы еңбегінің арқасында қарапайым механизатордан шаруашылық басшысы лауазымына дейін көтерілген Владимир Фридрихович өз шаруашылығы мен ауыл тұрғындарының игілігі үшін күш-жігерін аямай, табысты еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, шаруашылық биылғы жылы 20 мың гектар жерге астық дақылдарын егіпті. Олар негізінен, жұмсақ және қатты сұрыпты бидай, арпа, зығыр, бидай қоспасы және бұршақ. Қазіргі таңда егін жинау науқаны қызу жүруде. Диқандар қар түскенге дейін астықты қамбаға түсірудің қамын жасауда.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуда, өнім көлемі мен еңбек өнімділігін арттыруда заманауи техникалардың маңызы жоғары. Бұл бағытта шаруашылық техника паркін ұдайы жаңартып отырады.
– Егін орағының әр күні санаулы екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл науқан ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Сондықтан, егін оруды мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бар техника алқап басында. Комбайншылар бастырған астықты «К-700» тракторлары мен «КамАЗ» машиналары механикаландырылған қырманға және элеваторға тасуда. Еңбек қарқынын арттыру үшін енді түнгі ауысымға көшеміз, – дейді шаруашылық басшысы.
Биылғы егін орағына 18 комбайн жұмылдырылған. Жаңа заманғы «КЛААС» және «Вектор» комбайндарында Сергей Бозыков, Владимир Ященко, Евгений мен Вячеслав Юрченко, Сергей Петроченко, Александр Рябцев, Петр Лукарецкий еңбек етуде. Ең жас комбайншы Иван Абермит. Шаруашылықта отбасымен бірге жұмыс істейтіндер де бар. Серіктестік басшылығы жаздың ыстығында шөп жинауда ерең еңбегімен көрінген Сергей Степаненко, Василий Воропаев, Эдуард Казакевич, Александр Фишер, Юрий Алексеев, Андрей Кирихкеслер сияқты пішеншілердің де еңбегін оң бағалап отыр. Жауапты науқан кезінде үздіксіз жұмысты қамтамасыз етуде техниканы жөндеуші-реттеушілер Владимир Стафиняк пен Сергей Юрченконың да ортақ іске қосып отырған үлесі зор.
–Жігіттер өз істерін жетік біледі және күн-түн демей атқарады, – дейді егіншілік бригадасының бригадирі Анатолий Богуславский. Қазір егістік алқабында көктемгі және күзгі науқандық жұмыстар кезінде төккен тердің жемісін көру жолындағы диқаншылардың еңбегі нағыз қызған шақ.
– Жылда тұқым сұрыпын ауыстыруға тырысамыз, біздің егістік алқаптар үшін өнімділігі жоғары сұрыптар таңдаймыз, – дейді серіктестіктің агрономы Александр Кунавич. Қырманға келіп түскен астықты сұрыптарға бөліп, кептіру жұмыстарына Светлана Усанова, Ирина Свинцицкая, Александр Караян, Володя Мамлеев, Юрий Лукаревский, Юрий Вензель, Максим Плехов жауапты. Серіктестік егін шаруашылығынан бөлек, мал шаруашылығымен айналысады.
–Шаруашылықта 400-ге жуық ірі қара мал бар. Оларды бағып, сүтін сауатын село тұрғындары жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, мал азығын дайындау үшін де бидай қоспаларын да егеміз, – дейді серіктестік директоры.
Егін орағының қарқынын үдетіп, әрбір ашық күнді тиімді пайдалану үшін шаруашылықта барлық жағдай жасалған. Осыдан кейін науқанның табысты аяқталуы тек еңбек адамдарының өздеріне байланысты.
Андреевка ауылдық округінің елді мекендердегі абаттандыру мен көркейту жұмыстарының нәтижелерін ауылдық округ әкімі Алексей Ермолов айтып берді. Әкімнің сөзінше, ауылдық округке қарайтын Андреевка және Октябрьское селоларында ерте көктемнен абаттандыру айлығы басталып, бұл бағытта ауқымды істер жүргізілген. Қысқы отын қалдықтары мен қоқыстар шығарылып, көшелер арамшөптерден тазартылып, әкімшілік ғимараттар мен үйлер аумағына ағаш көшеттері мен гүлдер егілген. Қыста елді мекендер жолдары қардан үнемі тазартылып отырады.
Биылғы жылы Андреевка селосының 11 көшесінің 9 көшесі жарықтандырылған. Округтің екі селосы да ауыз сумен қамтамасыз етілген. Мектеп ғимараты мен дәрігерлік амбулаторияға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстардың бәріне серіктестік үнемі демеушілік көмегін көрсетіп келеді. Мерекелік шаралар, оқушыларды тамақтандыру мәселелері, сумен жабдықтау, жолдарды тегістеу, абаттандыру жұмыстары шаруашылық назарынан тыс қалмайды. Сондай-ақ, барлық проблемалық мәселер де осылай шешіліп келеді. Соған қол ұшын беріп, әрқашанда көмегін аямайтын Владимир Абермитке село тұрғындары дән риза.
Ауылды аралағанда мұны өзіміз де көріп, куә болдық. Таза көшелер, жайқалып өсіп тұрған қызылды-жасылды гүлдер, балалардың спорт және ойын алаңқайлары тұрғындардың еңбекқорлығын, ұқыптылығын, туған өлкесіне деген сүйіспеншілігін көрсеткендей.
Гүлзияш ҚАБДЕШОВА.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар