Науқаны аяқталуға жақын. Гектар түсімі жоғары

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша биыл өңір диқандары 4 миллион 427,7 мың гектар жерге тұқым себілген еді. Бүгінгі күнге дейін 4 миллион 246,5 мың гектар жердің  егіні бастырылып, қамбаға 4 миллион 798 мың тонна астық, оның ішінде 529,8 мың тонна тұқым құйылды. Орташа гектар түсімі 11,2 центнерден айналуда.

Дәнді және бұршақты дақылдарды бастыру жұмысы аяқталып келеді. Мәселен, Зеренді, Бурабай, Атбасар, Есіл, Жарқайың аудандары егін орағын алғашқылардың қатарында болып аяқтады. Бүгінгі күні майлы дақылдарды жинау жұмысы жүргізілуде. 22 қыркүйекте 125 мың гектар алқаптың майлы дақылдары, оның ішінде 85 мың тонна майлы дақылдар тұқымы жиналып алынды. Бұл – барлық алқаптың 53 пайызы. Орташа шығымдылық гектарынан 6,8 центнерді құрайды.

Қазір облыстың элеваторларына биылғы орақтың 1,5 миллион тонна бидайы түсті. Оның 88,7 пайызы 3 кластық бидай, 67,8 пайыз бидайдың қамырлығы 25-28 пайызды құрайды. Бұл облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бидайды жоғары бағамен сатуға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде өңірдің аграрлық бизнес шаруашылығы субъектілерінің экономикалық жағдайына оң әсерін тигізеді. Элеваторларға  1311,9 мың тонна бидай, 217,2 мың тонна арпа, 10,9 мың тонна басқа дақылдар түсті. Бидайдың  1291,5 мың тоннасы жұмсақ, 20,4 мың тоннасы қатты. Өткізілген жұмсақ бидайдың 2,2 пайызы 2 класқа, 88,7 пайызы 3 класқа, 7,9 пайызы 4 класқа, 0,3 пайызы 5 класқа жатады. Облыстың астық қабылдау кәсіпорындары биылғы жылдың астығын қабылдауды жалғастыруда.

Облыстың агроөнеркәсіп кешенінде комбайн мен трактор паркін жаңарту жұмысы жүргізілуде. Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері биылғы жылдың 8 айында 203 комбайн, 287 трактор, 42 егіс кешені сатып алды.

Зеренді ауданының диқандары облыста бірінші болып егін орағын аяқтады. Зеренділіктер 204,8 мың гектар егіс алқабынан 306,8 мың тонна астық жинады. Гектар берекесі 15 центнерді құрады. Биылғы жылдың астығын 65 астық қабылдау кәсіпорыны қабылдауда. Элеваторлардың 4,2 миллион тонна астық қабылдау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарының астық қоймалары да астық сақтауға әзір.  2020 жылдың басынан бері 1300,9 мың тонна бидай экспортталды. Еліміздің өзге облыстарына 412,3 мың тонна бидай сатылды.

 «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар