Махаббаттың машақаты

(әзіл әңгіме)

Жаңа ғана соттан шықтым! Кәдімгі соттан! Бір қызығы бұл сотқа мен әрі куәгер, әрі жәбірленуші болып қатыстым. Құрысын, әйтеуір бәрі жақсы өтті! Ал енді, ел аман, жұрт тынышта не сот дейсіздер ғой? Тағы да сол Қойлаш досымның хикаясы.

Осыдан бірер жыл бұрын «сендерден қалмаймын» деп, Қойлаш та қалаға көшіп келген. Қолындағы азғана мал-пұлын салып, көп қабатты үйден екі бөлмелі пәтер, «қара жұмыс істемесем отыра алмаймын» деп, қаланың бір шетінен шағын дача, тағы бір шетінен жаман машинасына гараж сатып алған. Бірақ, алғаны бар болсын, барлығы сол дача мен гараждан басталды…
Биыл көктемнің шуағы білінгесін, Қойлаш бәйбішесі Пимаштың пәрменімен «елден қалмай, оны-мұнымызды отырғызайық» деп дачаға барады ғой. Бірақ, қашанда алас-күлес асығыс жүретін Қойлаш емес пе, бақшада жұмыс істейтін құралдарын үйде ұмыт қалдырыпты. Бұл қылығы үшін Пимаштан біраз «тәрбие сағатын» өткен ол амалсыздан ұмыт қалған дүниелерді алып келмек болып, қайтадан қалаға тартады. Міне, барлық пәле осыдан басталған!
Қас қылғандай, қалаға кіреберіс жолда бір келіншек қол көтеріп тұр екен. Зыр етіп өте шығуға Қойлаштың «джентельмендігі» жібермесе керек, тоқтап, әлгі келіншекті мінгізіп алады. Ақырындап көз салып байқаса, бас-аяғы тәп-тәуір әйел екен. Қойлаш оңбағанның осы жерде жігіттігі ұстап (көктем айы ғой), әлгі келіншекті айналдыра бастайды. Апама жездем сай дегендей, ол да кет әрі болмаса керек. Ақыры не керек, Қойлекең сөздің турасына көшіп: «Өзім жалғыз тұрам, әйеліммен ажырасып кеткен адаммын, мүмкін алдағы уақытта сөзіміз жарасса «серёзно» жүріп қалармыз, жүр менің пәтеріме барып, біраз көңіл көтерейік» – десе керек-мыс. Бастапқыда: «Нет, что вы, неудобно же» – деп аздап бұлданған анау әйел ақыры келісім береді. Бірақ, осы жерде тағы да Қойлаштың ұмытшақтығы «подводить» еткен. Дачада Пимаштың айғайынан асып-сасып есі шығып жүргенде, пәтердің кілті мен қалта телефонын ұмытып кетіпті. Енді не істеу керек? Бірақ, кездейсоқ кездескен келіншектен өлсе де айырылғысы жоқ. Ақыры Қойлаш ит «выход» тауып, «положениеден» шығып кетеді. Әйелге:
–Кілті түскір қалтамнан түсіп қалған ғой, бірақ енді осы дұрыс басталған шаруамызды үзбей, қаланың ана шетіндегі менің гаражыма барайық, сол жерде машинаның ішінде отырып азырақ «демалайық», мен дүкеннен ішімдік, анау-мынау тіске басатын бердеңе алайын, – депті әйелге. Анау да бір Қойлаш секілді «қарағым» болса керек, «болса болсын» дейді.
Осылай «шаруасының» оң шешілетініне қуанған Қойлекең айдап отырып қаланың бір қиырындағы гаражына барып, әйелге:
–Мен машинаны гаражға кіргізем де, сыртынан жауып кетем. Сен машинаның ішінде бола тұр, далада жүрсең кім біледі… Өзім жылдамдатып ана жердегі дүкеннен «бірдеңе» әкеле қояйын, маған қалта телефоныңды бере тұршы, бастығыма да звондайын, мені іздемесін және телефоныңа «единица» салып берейін, – деп, әйелдің телефонын алып, сыртынан жауып, жүгіре басып дүкенге тартады.
Бірақ, адамды қырсық шалам десе оп-оңай екен. Сасқалақтап жүрген Қойлаш дүкенге барар жолды кесіп өте бергенде, ойсыздан бір жеңіл машина келіп қағады да кетеді. Қойлаш қалпақтай түседі. Әйтеуір шопыры бір дұрыс адам болса керек, ес-түссіз жатқан Қойлекеңді емханаға апарып тапсырып кетіпті.
Түнге қарай Қойлаш есін жимай ма. Көзін ашса, қасында Пимаш отыр. (Қойлашты қас қарайғанша дачада күтіп, таксимен келіпті).
Біраздан соң аздап жөнге келе бастаған Қойлаштың есіне күндізгі «ерліктері» түседі ғой. Бір мезгілде гаражда қалған әйел ойына оралғанда, аяғы мертігіп жатқан Қойлаш төсектен тұрып кете жаздаса керек. Бұның «құпияларынан» хабары жоқ Пимаш зәресі ұшып не болды деп сұрайды. Ахылап-ухілеп жатқан Қойлаш тез арада Дымқылды (мені) шақыр деген өтініш айтады Пимашқа.
–Жаным-ау, оны қайтесің түн ішінде елді дүрліктіріп, таңертең де сөйлеспейсің бе? – деген Пимаштың сөзіне Қойлаш:
–Жоқ, шақыршы, бала күннен бірге өскен досым еді, олай-бұлай болып кетсем, кім біледі… кешу алысып қалайын, – депті.
«Өлім аузындағы» адамның соңғы тілегін орындамауға болмайды, Пимаш түн ішінде маған звондап: «Осылай да, осылай, тез жет!» – деді.
Әрине, бұндай трагедиялық жағдайда үйде жатуға бола ма, дереу таксилетіп жеттім емханаға. Қойлаш байқұс шынында да бір аяғы гипстеліп, төсекке таңылып қалған екен. Мені көріп, көзіне кәдімгідей жас алды. Әйтеуір сәтін салып, мен келгесін Пимаш бірер минутқа дәлізге шығып кеткен. Сол-ақ екен, «ауыр халде» ыңқылдап жатқан Қойлаш маған тез еңкейіп құлағыңды тос деп ымдап, гаражда қамауда қалған әйелдің мәселесін айтып үлгерді.
–Тезірек шалбарымның қалтасындағы гараждың кілтін ал, – деп сыбырлаған Қойлаш, бәйбішесі палатаға кірісімен қайтадан ыңқылдап, «ес-түссіз» халге түсе қалған.
Мен Пимашқа досымның жағдайы ауыр екенін ескертіп, «бір қымбат дәрі тауып, қайтадан оралам» деп тездетіп шығып кеттім. «Жазған құлда шаршау бар ма» дегендей, тағы да такси ұстап, қаланың шетіндегі Қойлаштың гаражына тарттым. Әйтеуір әупірімдеп тауып алып, сипалап жүріп есігін ашып, қап-қараңғы гараждың ішіне қарай аттауым мұң екен, көзімнің оты жарқ еткенін білем, ес-түсссіз құлаппын.
Мәселе былай болған. Түннің ортасына дейін «қамауда» отырған әйел не істерге білмей, бар қолынан келгені есікті ұрғылайды. Бірақ, адам жүрмейтін қиырда ол кімнің құлағына жетсін. Басына не бір түрлі ой келген әйел ақыр аяғында Қойлашты гаражға қамап, адам өлтіретін маньяк шығар деген шешімге келеді. Осылай әрі қорқып, әрі зығырданы қайнап отырғанда, мен келіп есікті ашпаймын ба. Сырттан тықыр естіген әйел қолына бір кеспелтек темірді алып, қалтарысқа тұра қалады да, мен аттап кіре бергенде, басымнан ұрады ғой. Құлап жатқан маған қарап, Қойлаш емес екенімді білген кезде, зәресі ұшып, жүгіргеннен жүгіріп отырып полицияға барады.
Міне, осы оқиғаның аяғы сот отырысымен аяқталды. Үш адамға айып тағылды: Қойлашқа танымайтын әйелді гаражға қамап кеткені үшін. Жеңіл көліктің иесіне Қойлашты қағып кеткені үшін. Анау әйелге танымайтын адамды (мені) бастан ұрғаны үшін. Сот процесі барысында күлкіге шыдай алмаған судья бірер мәрте шығып кетіп, әбден күліп келгені тағы бар. Сонымен не керек, «айыпкерлер» бәріміз бір-бірімізді кешіріп, сол арадан бейбіт жолмен тарасып кеттік.
Сол оқиғадан соң Пимаш Қойлаштың жаман машинасы мен гаражын дачамен қоса сатып жіберіпті. Қойлекең қазір жаяу, аяғын аздап сылтып басады. Ең жаманы, Қойлаш досымның махаббатының машақатын тартқан менмін. Басым әлі де ауырады. Қазір иесіз тұрған гараж көрсем, айналып өтетін болдым.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар