Азаматтардың әлеуметтік мүдделерін қорғайды

Мемлекет басшысы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2011 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және басқа да мерекелердің тізіміне қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтілетін әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің де күні енгізілді. Осы Жарлықпен Қазақстанда басталған әлеуметтік жүйені жаңғырту әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлеріне ерекше мәртебе берілгенін растады.
Бүгінде Қазақстан азаматтарын әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесінде телекоммуникациялық технологиялар саласындағы соңғы жетістіктерді белсенді түрде енгізіп және қолдана отырып, өмірде қиын-қыстау жағдайларға ұшыраған адамдарға тиесілі барлық әлеуметтік көмек түрлерін қысқа мерзімде ресімдеуге дайын 50 мыңға жуық қызметкер еңбек етуде. Сондықтан, жаңа интерактивті құралдарды қарқынды түрде меңгерумен байланысты туындайтын жаңа міндеттерге қарамастан, әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мәртебесі әлі де жоғары, ал, олардың қамқорлығымен мыңдаған адамның ауыртпашылығы шешілетіндіктен, әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбектері оң нәтижелерін көрсетуде.
Қазақстанның әлеуметтік саясаты әртүрлі әлемдік өзгерістерге қарамастан, ең алдымен,  еліміздің азаматтарын жағымсыз экономикалық факторлардан қорғауға бағытталған.  Халықты әлеуметтік қорғаудың маңызды жүйелік бөлігінің бірі «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Респуб-ликасы Заңымен реттелетін, қаржылық негізі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру  қорына (МӘСҚ) ай сайын аударылатын аударымдар негізінен құралатын халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі болып табылады.
Әлеуметтік тәуекелдер туған жағдайда жұмыс істейтін азамат, сонымен қатар, оның асырауындағылар ол қайтыс болған жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға құқылы. Әрине, төлемдер мөлшері әлеуметтік аударымдар төленген табысқа және олардың төлену ұзақтығына тікелей байланысты болады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі осындай принциптермен жұмыс жасайды, яғни, қаржылық қолдаудың қосымша түрімен қамтамасыз ете отырып, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың алдындағы міндеттемелерін жүзеге асырады.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің енгізілгеніне он жыл ғана өтсе де, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып отыр. Өз қызметінің алғашқы он жылдығында МӘСҚ біршама нәтижелерге жетті. 2005 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары 4 миллион адамнан 2015 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға 6,6 миллион адамға дейін жетті, бұл Қазақстандағы  экономикалық белсенді халықтың 73,4 пайызды құрайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар санының жыл сайын тұрақты түрде артуы МӘСҚ әлеуметтік төлем алушылар санының артуына да әсерін тигізуде. Егер алғашқы үш жылда жалпы сомасы 821 миллион теңгеге әлеуметтік төлемдер төленсе, ал 2014 жылы қатысушылар санының бірнеше есеге артуы себебінен Қордан төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 106 миллиард теңгеге жетті.  Еңбек ету қабілетінен айырылуы жағдайына алғашқы үш жылда МӘСҚ 545 миллион теңге аударса, 2014 жылы төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 6,2 миллиард теңгені құрады.
Осындай көріністі асыраушысынан айырылуы жағдайына төленген әлеуметтік төлемдерден де көруге болады, яғни, алғашқы үш жылда сақтандыру көмегінің жалпы сомасы 265 миллион теңге болса, 2014 жылы МӘСҚ төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасы 4 миллиард теңгені құрады. Жұмысынан айырылған және жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға көрсетілетін көмектің тағы бір түрі – ол жұмысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлемдер. Бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты бір айдан төрт айға дейін тағайындалады. Алайда, Қазақстан Үкіметі 2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысының салдарларын ескере отырып, жұмыссыздарға қолдау білдірді, соның нәтижесінде 2009-2010 жылдары жұмыссыздығы бойынша төленетін әлеуметтік төлемнің  ұзақтығы алты айға дейін ұзартылды. 2014 жылы 18,3 мың жұмыссыз жұмысынан айырылуы себебінен жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеге әлеуметтік төлем алды.
Тұтастай алғанда мемлекеттің әлеуметтік саясатының, оның ішінде МӘСҚ басым бағыттарының бірі ана мен бала мүддесін қорғау болып табылады. Сондықтан, жас аналарға Қордан төленетін әлеуметтік төлемдер маңызды рөл атқарады. Бұл негізгі құралдардың бірі болып табылады және 2014 жылы МӘСҚ жүктілігіне және босануына байланысты 44,6 миллиард теңгеге әлеуметтік төлем төленсе, ал бір жасқа дейінгі бала күтіміне төленген әлеуметтік төлемдер 50 миллиард теңгені құрады.
Әлеуметтік қорғау жүйесін түбірінен жаңғырту және міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілгеннен бері өткен он жыл оның тиімділігі мен уақытында қолға алынғандығын көрсетіп отыр. МӘСҚ төленетін әлеуметтік төлемдер көп деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесінің құрамдас бір бөлігі ретінде Қазақстандағы миллиондаған қызметкерлерді әлеуметтік қолдап қана қоймай, олардың отбасы мүшелеріне де қиын сәтте қолдау көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылғы 10 шілдедегі  «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында «Қазақстан қоғамы өмірінің ақпараттық құрамдасын біршама жоғарылатып, Интернет-технологияның мүмкіндіктерін азаматтарды ақпараттандыру, сондай-ақ мемлекет пен тұрғындардың тұрақты «кері байланысын» нығайту мәселелерінде де кеңейту міндеті тұр» деп, жаңғыртылу процесінің басты міндеттерінің арасынан атап көрсетті.
Бүгінде біз қарқынды түрде енгізіле бастаған заманауи коммуникациялық технологиялардың МӘСҚ қызметкерлеріне  түскен мәліметтерді өңдеу уақытын күрт төмендетуге, кейіннен ақпараттарға мониторинг жүргізуге және жан-жақты сараптамалық талдау жасауға мүмкіндік бергенін айта аламыз. Әрине көрсетілетін әлеуметтік қызметтер сапасын ең алдымен қарапайым азаматтар сезінуде. Біз осы жеткен нәтижелермен тоқтап қалмаймыз және процестерді одан әрі оңтайландыруды жалғастыратын боламыз, сонымен бірге, 2016 жылдың 1 қаңтарынан  миллиондаған азаматтарымыз әлеуметтік сақтандыру саласында www.e-gov.kz.  электронды үкімет порталынан қашықтықтан көрсетілетін қызметтің жаңа түрлерін алатын болады.
Осы әлеуметтік қорғау қызметкерлері жүйесінің мерекелік күнінде осы салада жоғары деңгейлі кәсіби мамандар жұмыс істейтінін және олар Қазақстан халқы тарапынан үлкен сенім мен құрметке ие екенін нық айта аламын. Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде қызмет жасайтын әріптестерімді шын жүректен құттықтап, оларға еңбектеріне жаңа табыстар, жаңа жетістіктер тілеймін! Еліміздегі жүздеген адам күніне Сіздердің қамқорлықтарыңыз бен мейірімдеріңізді сезінеді! Осындай айтулы күні Сіздерге және Сіздердің жақындарыңызға, құрметті әріптестер, достар, бақыт, қуаныш тілеймін!

Марат ЖӘНІБЕКОВ,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ  Вице-Президенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар