Қариялар күтіп отырады

Түні бойы жауған қар аяқ алдырып жүргізер емес. Іздеген пәтеріме  кіріп келгенімде қалың қардан аздап шаршағаным да жоқ емес еді. Алайда, терезеден енген күннің шуағы бөлмені нұрландырып, көңілді жайландыра түседі екен.

Көкшетаулық әлеуметтік қызметкер  Нұрсан Нұрғалиева мені жылы қарсы алып, ас үйге өтті. Өзі күтетін қарияға түскі ас дайындап жатқан көрінеді. Мен де бөлменің бір бұрышында отырған  Мария әжейдің «Қызым, кіре ғой» деген үніне құлақ асып, орындыққа жайғастым. Шағын  болса дағы бөлме іші қыздың жиған жүгіндей жинақы әрі жылы екен. Шашын ақ қырау шалған қария көзілдірігін киіп алып, газет оқып отыр. Жасы сексенге келсе де, күнделікті жаңалықтардан қалыс қалмаудың әрекеті ғой. Менен жөн сұрап, біраз әңгіме айтты. Сөз арасында жалғызбасты әже бала сүймесе де, Нұрсан Тарбаққызын туған қызындай көретінін жасырмады. Иә, тамағын пісіріп, қажет кезде ауруханаға жетектеп апаратын жанның жөні бөлек қой. Бір сөзбен айтқанда, кейіпкеріміз  ізгілікті кәсіптің иесі. Нұрсан тәте күнделікті қам-қарекетін бітірген соң, осы саладағы он жеті жылдық тәжірибесі тұрғысында әсерлі әңгіме өрбітті.
Қамқор жан таңның атысы, күннің батысы бір тыным таппайды. Қарамағындағы тоғыз адамға аптасына екі рет барып тұрады. Бәріне үлгеруі керек. Әр үйде 1,5-2 сағаттай болып, әлеуметтік қызмет көрсетеді. Мұндай  қызметкерлердің міндетіне қамқорлығындағы адамға ауруханаға түскен жағдайда барып тұру, коммуналдық төлемдерді төлеу, қажет болса, құжаттарын алмастыруына қол ұшын беру  секілді шаруаларды атқару да кіреді.  Қажет болса, дәрі-дәрмектер, азық-түлік, газет-журналдар мен хаттарды әкеп береді. Асылы, жалақыны азсынбай, қариялармен шүйіркелесіп,  әр кезде жандарынан табылуға аса мән береді.
– Қарттық дегеніміз өмірдің күзі мен қысы ғой. Ол әр адамның басына түсетін жағдай. Сондай уақытта жақсы күтім мен медициналық көмек қажет екендігі белгілі. Ең бастысы, әркімге сүйеу болатын адам керек қой. Мен мұны жақсы түсінемін. Сондықтан да, бұл істен шаршап-шалдығып жүрген кезім болған емес. Керісінше, туғанындай қарап, жағдайларын ойлап отырамын. Бәрінен де олардың маған берген батасы  қым-
бат, – дейді Нұрсан Нұрғалиева бір сөзінде.
Күнде үйден шығып, жұмысқа жеткенше «Қызым, қашан келесің?» деп көмекке мұқтаж жандар қоңырау шалып, іздеп отыратын көрінеді. Келген кезде  олардың балаша қуанып, іштегі шерін тарқатуы әдетке айналған. Сол сәтте әлеуметтік қызметкер тек үй шаруасына ғана емес, сондай-ақ, өзінің қамқорлығындағы қарт кісілерге психологиялық жағынан да көмек көрсетуге тырысады. Себебі, әр адам бір-бір жеке әлем. Әрбіреуінің көңіл-күйін  байқап қалып, тиісінше әдіс-тәсілдерді ойластыруы күнделікті жағдай.  Бірі барға қанағатшыл, жоққа жабықпайтын төзімді болса, араларында бала құсап бұртиып, сәл нәрсеге өкпелеп қалатындары да бар. Әйтеуір, көңілдерін аулап, барынша ренжітпеуге тырысады.
Айтқан әңгімесін тыңдап отырғанда,  оның  жоқ-жітікке жанашыр, қажығандарды демегіш қамқор жан екені сезіліп тұрды. Сөйлесіп отырған сәтте Мария әжеден де көз алмай, бірнеше рет орнынан тұрып, қарайласып келді.
Бүгінде көңілі қаяу жандармен біте қайнасып өмір сүріп келе жатқан әлеуметтік көмекші төрт қызды дүниеге әкелген аяулы ана, ардақты әже. Оның Әдемі, Әлемі, Әйгерім және Жанна есімді өмір  гүлдері бар. Ол егемен еліміз өркениет биігіне өрлеп, экономикалық әлеуетін нығайтқан сайын қоғамның әлжуаз топтарына қамқорлық жасау өзекті мәселе екенін жан дүниесімен ұғынып, іштей жақсы түйсінеді.
Міне, мен де сұхбатымды аяқтап, қоштасып, шығар есікке беттедім. Нұрсан Тарбаққызы болса, қарияға дәрісін ішкізіп, өз жұмысына кірісті. Осы сәтте қарт та «қызым, сау бол, келіп тұр» деп мені қимай шығарып салды. Иә, осындай мейірімді жандардың көңілдеріне қаяу түспесінші…

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар