Уақыттың өзі асықтыра бастады

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын тез аяқтау шараларын қарастырды.

  Ерте көктемде Астананың іргесіндегі Целиноград ауданында табиғат апаты орын алып, өңірдегі бірқатар елді мекендер топан судан зардап шеккені белгілі. Сол кезде қар суы шайып кеткен 300-ге жуық үй жарамсыз болып, тұрғындар сергелдеңге түскен еді. Оның ішінде Оразақ ауылына келтірілген шығынды айтып жеткізу мүмкін емес. Суда қалған үйлердің 200-ге жуығы тұруға жарамсыз болып қалды. Табиғат апатын алдын алу бағытындағы төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың ширақ қимылдарының арқасында қайта су тасқыны дер кезінде ескертіліп, адам және мал шығынына жол берілмеді. Осы күні табиғат апатынан келтірілген залал орнына келтірілуде. Қосшы ауылында болған өңір басшысы осында салынып жатқан 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысына назар аударды. Мердігер «Асгард» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Еркін Аяповтың айтуынша, қазіргі кезде аталған үйдің сыртқы кәріз және сумен жабдықтау жүйесі тартылып, абаттандыру, асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталған. Тек ішкі әрлеу жұмыстары қолға алынған.
– Күн суытып барады. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуіміз керек. Уақыт босаңсуды көтермейді. Жұмысты ширатып, қайткен күнде де үйді қарашаның 25-не дейін тапсыру керек, – деді өз сөзінде облыс әкімі. Дәл осындай 45 пәтерлі тұрғын үй Ақмол ауылында да салынып жатыр. Бұл үйлердің де сыртқы инженерлік желілері тартылып, ауласы абаттандырылған.
Сонымен қатар,  өңір басшысы Оразақ ауылындағы тұрғын үй құрылысына да назар аударды. Қазіргі кезде табиғат апатының зардаптарын жою бағытында Оразақ ауылында үйлері тұруға жарамсыз болып қалған 200 отбасына арналған екі пәтерлі 100 үйдің құрылысы қызу жүргізілуде. Қаржыландыру мәселесі де толық шешілген. Жақында 46 үй пайдалануға беріліп, 92 отбасы баспаналы болған еді. Оған қоса, 12 үйдің құрылысы аяқталып, тапсырылғалы тұр. Бұл – жақында тағы 24 отбасы пәтерлі болады деген сөз. Ал, қалған үйлердің құрылысын аяқтау үшін облыстың барлық аудандары мен қалаларынан қосымша жұмыс күші тартылып отыр. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Сергей Кулагин салынып жатқан үйлердің сапасына назар аудара келе, мердігерлерге оларды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырды.

 

Аслан ОСПАНОВ

Целиноград ауданы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар