Намысың келіп, қынжыласың…

Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді,
Тыңдағанда көңілдің өсері бар, –
деп ұлы Абай жырлағандай, қай халық, қай ұлт болсын, жаны құлаққа жағымды әуезді әннен табады. Әнді нақышына келтіріп орындау үлкен өнер. «Орындаушысы жоқ ән жетім» деп бабаларымыз текке айтпаса керек.
Қазақ – өнерлі халық. Алтайдан Атырауға дейінгі сайын далада не көп, сал-сері, ақын-жырау, биші-күйшілер көп болған. Солардың ішінде Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра, Әміре Қашаубаев, тағы басқаларының шоқтығы тым биік. Әрине, ән тек қазақтың ғана еншісі емес, басқа халықтарда да ән бар. Міне, сол әнді көпшілік алдында қалай болса солай орындау қателік деп ойлаймын.
Бала кезімізде радиодан Күләш, Шабал апаларымыз бен Ғарифолла, Манарбек, Жүсіпбек, Ермек ағаларымыздың орындауындағы әндерді естігенде біртүрлі елти түсетінбіз. Одан бері де көп су ақты. Бұл екі ортада талай композитор, талай әнші халыққа танылды. Сексенінші жылдардың аяқ кезінде Алтынбек Қоразбаевтың «Бозторғай» әні өмірге келді. Тастанды балалардың мұң-зарын, ата-анаға деген сағынышын жеткізген бұл ән сол кезде ең танымал әндердің бірі болды.
Анам болса келмей ме,
Баласын бір көрмей ме?
Мейірлене құшақтап,
Өрік-мейіз бермей ме?

Торғай екеш торғай да,
Балапанын қорғайды.
Ана безсе баладан,
Бәрінен де сол қайғы, –
деп Мейрамбек баламыз осы әнді орындағанда сай-сүйегің сырқырайтын. Сол кезде жасы сексеннің бел ортасынан асып кеткен әжеміздің «жаратқан ием-ай, жесірлерін жылатпаған, жетімдерін жат жерге бермеген ел едік, бұл заман не болып бара жатыр?» деп  жылағанын көрдім. Міне, ән дегеннің құдіреті.
Шынында да ән – құдірет. Жақсы ән тыңдасаң бір сәт бәрін ұмыттырып, арманыңа қанат бітіреді. Ән бар жерде сән бар, ән бар жерде мән бар. Соңғы кезде осы әннің біз айтып жатқан сәнін де, мәнін де кетіріп алып жүрген жоқпыз ба деген заңды сұрақ туындайды. Рас, үлкен қалаларда болып, белгілі әншілеріміздің концерттерін тамашалаған біз жоқ. Бірақ, ауылда жүріп те, бұл жағынан біраз нәрсені аңғаруға болады. Әншілердің тобынан өзіме «Қоңыр» тобы ұнайды. Қолдарынан қазақтың үкілі домбырасы түспейді. «Қоңыр» деген атының өзі неге тұрады. Екі жігіт, бір қыз, үшеуі де шеттерінен әнші. Сүйсінесің, нағыз өнер иелері осындай болуы керек деп тамсанасың. Қазіргі әншілердің арасынан Стамғазиев, Болманов, Көпбосынұлы сияқты ән әлеміне өзіндік бір қолтаңбасымен келген орындаушыларға да ризашылығыңды білдіріп, тәнті боласың. Бірде теледидарды тоққа қосып қалып едім.
Көк тудың желбірегені,
Қазақтың асқақ беделі.
Көк тудың желбірегені,
Жаныма қуат береді,–
деп бір әнші шырқап тұр. Өзімді-өзім ұстай алмай, қатты тебірендім. Мұндай әндер көп емес, нағыз «Атамекен», «Отырардағы той», «Әлия» сияқты әндердің қатарына қосатын патриоттық ән. Осы арада тағы да Абай бабамыздың «ұйықтап қалған жүректі ән оятар, оның тәтті оралған мәні оятар» деген сөзі ойыңа түседі.
Осындайда шіркін, «Мәдинаның әндері қандай еді» деп еріксіз М.Ерәлиеваны да еске аласың. Әсіресе, «Жылқы ішінде бір бала», «Қоғалы-ай» сияқты сазды да назды халық қазынасының інжу-маржандары сүйікті әншіміздің орындауында ел ішінде кеңінен тарап кетіп еді. Теледидар қызметкерлерінің құлағына алтын сырға, кейінгі кезде сол Мәдинаның ешкімге ұқсамайтын сирек дауысын да анда-санда бір еститін болдық. Оның есесіне ерінбегеннің бәрі әнші болып жатқан жағдай. Қайсысы шын, қайсысы өтірік әнші, айырудан қалдық. Бәріне кінәлі фонограмма. Одан қалды, әнге, әншіге деген талап, талғамның төмендеп кеткені. Мектеп қабырғасында оқып жүрген бүлдіршіндердің өзі халық әнін билеп жүріп айтатынды шығарды. Теледидарда кейбір әншілеріміз сахнаға жұлқына шыққанда, әдеп, ибасы қайда деп те ойлайсың. Не көп, сөзі жұтаң, әуені мардымсыз әндер көп.
Мына түрімен көгілдір экранға, радиоға қалай шығып кеткеніне таңымыз бар.Ұлы дала философы Баласағұн бабамыз «мұңымды айтсам мұңаярсың өзің де» деген екен. Теледидарға қарап отырып, жауабы жоқ шым-шытырық ойға қаласың. Толып кеткен бір ұлттық сипаты жоқ ток-шоу. Ана бір жылдары өзім жақсы көріп, әнін үзбей тыңдап жүрген әншім ән мәтінін «тагы да, тагы да» деп бұрмалағанда таң қалғаным есімде. Сөйтсем, кейін газет бетінен оқыдым, мәтіннің өзінде солай екен. Бұған не деуге болады, бұл да шоудың бір түрі шығар деп қалдым. Біздегі ток-шоулар да Ресей телеарналарында көрсетіліп жатқан ток-шоулардан аумайды, тіпті, егіс қозыдай дерсің. Мүмкіндіктер бар ғой, неге іздене түспеске?!. Бүкіл Қазақстан бойынша «Отау ТВ» жұмыс істеп тұр. Осындағы «Біз», «Жұлдыздар додасы», «Түнгі студия» дегендердің барлығы көшірмелер.
Соңғы жылдары Ресей әншілері мен әртістері сияқты, бізде де көгілдір экрандағы хабарлар мен бағдарламаларды әншілеріміз жүргізетін болып алды. Олардың әншілігіне ештеңе демей-ақ қояйын. Бірақ, телевидениенің өзіндік заңдылықтары бар емес пе? Өз басым Нұрлан Абдуллин жүргізетін «Бешбармақ», Айгүл Иманбаева мен Жанар Айжанова бірігіп жүргізетін «Той Beststar» ток-шоуларын да құптай қоймаймын. Баян Есентаева деген қарындасымыз да «Жанды дауыс» деген шоуын жүргізіп келеді. Нағыз жасанды шоу. Хабарымыз да, шоуымыз да бұлай аралас тілде болмауы керек. Бір кезде телеарна арқылы берілетін хабарлар мемлекеттік және ресми тілде 50 пайыздан тең болады деп еді. Ол да қазір сақтала бермейтін сияқты. Ән айтқыштар әндерін айтып болған соң Баян қарындасымыздың аузына қарайды. Ал, ол болса, қазақша хабарда отырғанын ұмытып, орыс тілінде жауап береді. Ойдан-қырдан жиналған орыс тілді әншілердің бірен-сараны ғана өз ана тілінде сөйлегені болмаса, басқалары ресми тілде сөйлегенде алдарына жан салмайды.
Сонда «осы біз не көріп отырмыз?» деп дал боламыз. «Жанды дауыс» бағдарламасының бас сарапшысының ана тілінде сөйлемеуі мемлекеттік тілге деген көзқарасының дұрыс еместігі. Қазақша әндерді сөзін жеп, бұзып айту, мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды түннің ортасына қарай сырғыту қашан бір жөнге келер екен? Қазақ болған соң осының бәріне қарадай намысың келіп, қынжыласың.
Амангелді ЕСТАЙ.

Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар