Көп жайға қанықтырады

Қолымда «Ұрпаққа аманат» кітабы. Астана қаласынан 2011 жылы шыққан. Авторы – Сағындық Байұзақұлы. Оқып шықтым да риза болдым. Соңғы кезде естеліктер жазу көбейіп кетті ғой. Ақшаң болса, шығара бер. Оның көркемдік құндылығына, ішкі дүние-мазмұнына мән беріп, үңіліп жатқандар некен-саяқ.

Ал, мына «Ұрпаққа аманат» есті жазылғаны  көрініп тұр. Сағындық ағамыз бәзбіреулердей бірыңғай өз ата-бабасын дәріптеуден аулақ. Қорғалжын тарихын сөйлетеді. Қасиетті туған мекеннің табиғат көріністерін тамылжыта суреттеген.
 «Қорғалжындықпын» деп кеуде қағып жүрген мына пақырың Асаубұлақ, Қақай, Айнабай, Аққошқар, Сұлтан келді, Сарыкөл, Есей, Шолақ көлдері атауын осы еңбекпен танысқаннан кейін барып білді. Осыдан соң «Қойнауы құт, Қорғалжыным, біз біле бермейтін қаншама қазынаң бар-ау» деген перзенттік мақтаныш та қылаң бергенін қалайша жасырайын. Елді мекен атауларының қысқаша тарихын да түгендей кеткен.
Әкесі Байұзақтың өсиетін ұрпаққа аманат еткен «Ақтабан ат» хикаясын автордың әкесіне сөзбен қойған ескерткіші деп түсіну керек. Балалық шақтағы досы, Біртабан ауылының тумасы, Қорғалжын ауданының біртуар азаматы, милиция полковнигі Балықбай Кәрімұлы туралы да балалық шаққа саяхат жасай отырып, сағыныш сезімін тербетеді. Досқа деген адалдығына риза болдық. «Рухының өрлігімен үлгі болған еді», – деп тебіренеді досы туралы.
Бір ғажабы, Сәкең Қорғалжын тарихына байланысты жаңсақ кеткен пікірлерге үзілді-кесілді қарсылығын білдіріп отырған. Сәржан Сауытбаевтың «Дударай» Әнетұлы Үлебайдікі емес» деген топшылауына дәлелді тойтарыспен жауап берген.
Мәселен, 2008 жылы 10 қаңтар күні Сағындық Байұзақұлы Мырзатай Жолдасбеков пен марқұм Ақселеу Сейдімбекке жолдаған хатында атақты Байдалы би туралы ғалымдардың жаңсақ кеткен пікірлеріне өз уәжін айтып, көзқарасын білдіреді. Өзі айтқандай «шикілік барын сезген». Сезгенде ғалымдардың пайымдауынша, шешендік нақыштар тек Байдалы Бекшеұлына телініп отырғанын байқаған. Әрине, бұл жерде Байдалы биге жасаған қиянатқа ара түскен. Екеуі де Алтай руының айтулы тұлғалары екені рас. Әрі дау туғызбас ақиқат. Әдебиетші ғалымдар өз кезегінде Сәкеңе ризашылықтарын білдіріп, жауап хат та жазыпты. Сөйтіп, Қорғалжынның «Қара шалына» құрмет көрсеткен.
Қарағандылық ғалым Рәшит Кәреновтың атақты айтыс ақыны Құлтума Өтемісұлы туралы білместікпен жазғандарына да қынжылыс білдіреді. Себебі, ғалым Құлтума Сармұратұлы деп оғаш ой қорытқан. Атақты айтыс ақыны Құлтумадан ұрпақ қалмаған деген қателікке бой алдырған. Ақыннан бес бала өмірге келгенін айтып, есімдеріне дейін түгендеп берген Сәкеңе қалай риза болмассың. Атақты айтыс ақынының Өтемістен туғанын шежіре бойынша түгендеп өткен. Кейін Құлтума Өтемісұлының қараусыз қалған бейітін жаңғыртып, басына ескерткіш орнатудағы ерен еңбегіне бас ию керек.
Ақтайлақ Салпы баласы туралы жинақтағандарын көпшілік назарына ұсынған. Әсіресе, Қорғалжында көпшілік біле бермейтін Жұмабай баласы Тоқа туралы жазғандары ғылыми тұрғыдан құнды дүние дер едім. Бұл кісі керуен басы болған. Түрікмен жүйріктерін қазақ даласына жеткізіп отырған. Жамбасы жерге тимеген балуан екенін де осы кітапта айрықша атап көрсеткен. Әрине, ол кезде керуен басы болу деген әркімнің пешенесіне жазыла бермегені анық.
Естелікті ерекше бір сағынышпен оқыдым. Қорғалжын мектебіне елу жыл! Бұрынғы түлектері түскен суретке үңілемін. Таныс бейнелер. Бүгінде немере, керек болса шөбере сүйіп отырған елу жыл бұрынғы оқушылар. Соңғы қатарда жалаң қолымен арлан қасқырды буындырып өлтірген менің батыр ағам Тұрсынбек Естайұлы тұр.
Сәкең елу жылдықты әдемілеп әдіптепті. «Мектепте жүргенде адаммен сөйлесуге, қыздардың бетіне қарауға ұялатын, үнемі үндемей, өзімен-өзі болып жүретін, біреу бетіне қараса, қызарып төмен қарайтын Өтетілеуов Ермекті сөз шебері, ұлағатты рухани азығы мол, бала тәрбиесінде теңдесі жоқ, бөбектерге арнап өлең жазатын ақын, ғылым иесі, баспасөздің шебері, аудармашы, сыншы, еліне еңбегі сіңген елеулі азамат еткен елу жыл!», – деп тебіренеді.
Нығман ауылының тарихынан сыр шерте отырып, осы топырақта өсіп-өнген азаматтарды атап-атап өтіпті. «…Асаудың Мәркейі, Мәркейдің Мұхамедияры» дегендей. Бұл енді елі еркелеткен, жігіттердің ерекше құрметіне бөленген абзал азамат Мұхамедияр – Мұқат. Қаншама жыл басшылық қызметте жүрсе де, марқұм Мұқат адалдықтың ақ туын көтеріп өткен азамат еді.
«Пай-пай, қасиетіңнен айналайын, кең далам-ай, топырағыңның жылуы бойымды балқытты ғой» деп Асанқайғы елжірей жырлайтын қасиетті Қорғалжын өңірі туралы Сағындық Байұзақұлының бұл естелігі – құнды шығарма. Ең бастысы, «Ұрпаққа аманаттың» Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының сөресінен орын алуы осы сөзіміздің айғағы.
Сағындық ағамыз ұзақ жылдар Қорғалжынның Жантекесінде орта мектепті басқарды. Мектепте мұражай ашқаны өз алдына бір бөлек ұзақ әңгіме. Айтпағым, сол аласапыран кезде де ұлт мұратын бәрінен биік қойғанына тәнті боласың.
Жасыратын несі бар, кейде ара-кідік әртүрлі  жиындарда қорғалжындық ақсақалдармен кездесіп қалсаң, көр-жерді, болмашы бірдеңелерді сөз етіп отырғандарына қарның ашады. Туған жеріңдегі шығатын тауыңның биік болғаны кім-кімге де керек-ау. Қысқасы, ойланатын жәйттер көп …

Тілеубек ЫСҚАҚОВ,
 зейнеткер ұстаз, Қазақстан Республикасы халыққа білім беру ісінің озық қызметкері.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар