Бимен зікір салады түнгі клуб…

Демалыс күндері қолым бос болса, көбіне ауылға барамын. Әйтеуір,  ауыл десе ет жүрегім елжіреп тұрады. Өзгелер де солай ма екен? Әрі ата-анам да сонда ғой. Кенет қалта телефоным шыр ете түсті. Құрбым екен. Бір ұсыныс айтты…

– Жоқ, дос-жарандарымды сонда шақырып қойып едім, – деді ол. Не керек, ауылға баратынымды айтсам да, өтініп болмаған соң көңілін қимадым, келістім. Әрі түнгі клубтағы түнгі өмірді жобалап білсем де, өз көзіммен көргім келді. Содан түн қараңғылығы қоюланған кезде біз де қаладағы түнгі клубтардың бірінен табылдық. Ішке өте бергенімізде алдымыздан шыққан күзетші сөмкемізді ақтарып, қолымызға клубтың таңбасын басты. Бір қызықтан қалып қоярдай, ішке ентелеп кіріп жатқан жастар көп.  Біз де араларына сіңіп кеттік. Нағыз қайнаған өмір осында ма дерсің. Даңғаза әуенге әр беретін түрлі-түсті жарық басында таңсық болғанымен,  аз уақыттың ішінде мезі қылып жіберді.  Өзіме де обал жоқ. Түнгі клубтың ішіндегі тіршілікті  көзіммен шолып тұрғанымда ақын Мұхамеджан Тазабековтың мына бір өлең жолдары еріксіз еске оралды:
Жүрміз-ау, жүзді білмей, бірді біліп,
Қазақтан шығып жатыр түрлі қылық.
Дискотекаң жастардың мешітіндей,
Бимен зікір салады шын бүгіліп.
Майкл Джексон артық тұр азаншыдан,
Әніне тәу етеді құлдық ұрып.
Қажыға баратындай қуанады,
Жарығын жаққан кезде түнгі клуб.
Сыра тасып, сыйлайды бірін-бірі,
Дәрет алған адамдай зыр жүгіріп.
Қаймағы бұзылмаған қайран жастар
Қайда кетіп барады мың құбылып…
Шынымен, ашық-шашық киінген қыздарды да, ащы суға сылқия тойған жігіттерді де осында кездестіресің. Ал, даяшы ретінде жастардың еркелігін көтеріп, шөлмек тасып, нәпақа тауып жүрген ұл-қыздар қаншама?!
Кештің көрігі қызған уақытта қыздардан да, жігіттерден де ес кетті. Қайсысы сау, қайсысы мас екенін ажырату мүмкін емес. Ортада сылаңдап, өз өнерлерін көрсетіп жатқан қыздарды жын қаққан ба деймін ішімнен. Бәрі мұндай биші болар ма?.. Мәдени шараларда жұртшылық алдына шығып, өз өнерін көрсетуге қымсынатын жастардың түнгі клубтарда адам танымастай өзгеруі мен үшін қызық болып көрінді.
Ал, аға ұрпақ өкілдері «еліміздің болашағы – жастардың қолында» дейді. Сенімге селкеу түспесе игі. Өйткені, сенім артқан сол жастар түнгі клубтарда санасын улап жүр. Әсіресе, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Ұлтымыздың тағдыры мен болашағы қыздарымыздың қолында. Тіптен, қыз бала – ұлттың ұяты деп бекер айтылмаса керек. Ал, бір күндік жалған дүниеде қыз, келін, ана, әйел қауымы өзінің міндетін қаншалықты дұрыс орындай алып жүр деген сауал ойға оралатыны бар. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Тек кейбір замандастарымның осындай қылығына қарадай қарным ашады.
  Маған түнгі клубтағы нәрселердің бәрі ерсі болып көрінді. Темекіні будақтатқан шылымқор  қыздар ерлерден кем түспейді. Олар соны істегенде жігіттер не істемейді дейсіз?  Арақ-шарап саудасы да қызып тұр. Тіпті, олардың түр-түрі сатылады.
Байқағанымдай, түнгі клубтардың қонақтары көбіне студенттер екен. Сондықтан, келушілердің қатары көбеймесе, азаймасы анық. Сол жастар ата-анасының ақшасына қыдырып жүргендеріне бас қатырмайтын сияқты. «Қызым үйде – қылығы түзде» дегендей. Олар бауыр еті баласының бұл қылығын қайдан білсін.  Ауылдағы бірлі-жарым малымен күн көріп отырған ата-анасының тірнектеп жинағанын кейбір жастардың осындай түнгі клубтарға шашатыны өкінішті-ақ. Жастар арасында белең алып отырған маскүнемдік пен нашақорлық, басқа қылмыстық істер де осы түнгі клубтарға келіп тіреледі десек, артық айтқанымыз емес.  
Бұл әдеттен қалай арылуға болады? Ол оңай емес. Өйткені, бәрі заман ағымы. Тек аздап болса да, жастар ойланса дейсің. Ұлттың рухани күйзелісі өз алдына, болашағына қауіп төнбесе екен. Шындығына келгенде, менің де түнгі клуб десе арқасы қозып тұратын таныстарым бар. Олар аптасына бір рет осында бас сұқпаса жүре алмайды. Оларды түнгі клубтағы даңғаза осылай өзіне қаратып алған.
Ал, мен  сол күні түнгі клубта өзімді біртүрлі ыңғайсыз сезіндім. Іштей құрбымды жазғырдым. Тек туған күні болған соң, бұл ойымды өзіне сездірмедім. Дегенмен, кейін айтуға тура келді.  Айтпақшы, туған күн демекші, жастардың көбі қазір туған күндерін осылай түнгі клубта атап өтуді дәстүрге айналдырған. Бұл да құптайтын жайт емес-ау…

 

Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар