Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Қазақстанды жаңа индустрияландыру. 2015 жыл қорытындысы» атты жалпыұлттық телекөпірде Ерейментау ауданындағы қуаттылығы 45 МВт алғашқы жел электр станциясы іске қосылды. Мемлекет басшысы сондай-ақ, Целиногр

Ерейментау қаласындағы тұңғыш  жел электр станциясы Арқаның  тынымсыз  соққан  желін  пайдаланып, қыруар қуат көзін өндіретін теңдессіз жоба. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын  жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге  қатысады.
Бұл – Қазақстандағы  өндірістік ауқымдағы   алғашқы  жел электр станциясы.
– Құрметті Елбасы! Өткен жылы Сіз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші өнеркәсіптік жел паркін құруға рұқсат бердіңіз, бүгін сол жобаның табысты іске асырылуын және іске қосуға дайындығын баяндаймыз. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар, – деді «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамы Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары Қаныш Молдабаев.
Мемлекет басшысы бүгінде барша әлем атмосфераның ластануына қарсы күрес жүргізіп жатқандығын айта келе, «Біздегі «ЭКСПО-2017» көрмесі жаңа энергетиканың негізі болмақ.  45 МВт – ірі жоба. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деп атап өтті.
Осы күні Мемлекет басшысы Целиноград ауданындағы «Capital Project LTD» серіктестігінің еңбек ұжымын да құттықтады.  Аталған кәсіпорын 2017 жылы 20 мың тонна құс етін өндіруді межелеп отыр.  Бұл туралы осы кәсіпорын құрамына кіретін «Шаңырақ» басқарушы компаниясы» серіктестігінің басшысы Максим Божко баяндап берді.
Оның айтуынша,  2013 жылы  «Ақмол-Феникс» акционерлік қоғамының бұрынғы нысандары негізінде Целиноград ауданының Ақмол ауылында ашылған кәсіпорында бос қалған цехтарды жөндеуден өткізіп, заманауи қондырғылар орнатқан соң жұмыс жандана бастады.
–Біздің фабриканы іске қосу үшін қыруар жұмыстар атқаруға тура келді. Нәтижесінде Германиялық инвесторлармен бірлесіп,  етті бағыттағы жаңа кәсіпорын аштық.  Осылайша,  400 жаңа жұмыс орны ашылды. Жоба Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуіне кіреді, сондай-ақ, Елорданы құс етімен 100 пайызға қамтамасыз етуге және импортты 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді, – деді серіктестік басшысы Максим Божко өз сөзінде.
Тағы бір айта кетерлігі, кәсіпорында алты үлкен нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, қажетті қондырғылар орнатылған. Оның ішінде әрқайсысына 23 мың балапан сыятын үш корпустан тұратын цех, 40 мың бройлерлік 4 корпус және жылына 15 миллион балапан шығара алатын инкубатор бар. Біреуінде 54 мың бройлер өсіруге болатын тағы да 14 арнайы цех жұмыс істейді. Сондай-ақ, сағатына 15 тонна өнім шығара алатын құрама жем цехы мен бройлерлерді соятын және етін өңдейтін зауыт іске қосылды. Енді осыған өздерінің автомобиль паркі мен үш жылу орталығы қосылатын болса, жұмыстың қаншалықты ауқымды екендігін пайымдауға болады. Міне, осының бәрі кәсіпорын ұжымына тәулігіне 45-50 тонна сапалы өнім өндіруге мүмкіндік беріп отыр. Оның ішінде өнімнің құс еті, шұжық, ысталған ет сияқты 20 түрі бар.
Бір назар аударарлығы, өнімді сатуда ешқандай қиындық жоқ екен. Бүгінгі таңда кәсіпорын өнімдері Астана, Қарағанды, Алматы қалалары мен Ақмола облысының
аудандарына жөнелтілуде. Сондай-ақ, Ресейдің Мәскеу қаласы мен Сібірге, Ресейдің орталық округтеріне де жеткізілуде.
Максим Божконың айтуына қарағанда, кәсіпорын қол жеткен табыстармен шектелмей, келесі жылы өнім шығаруды екі есе көбейтуді жоспарлап отырған көрінеді. Осы мақсатта фаб-рика өнім шығарумен қатар, өндірістік базаны кеңейтуді қолға алып отыр.
Қазіргі кезде 9 миллион инкубациялық жұмыртқа алынатын тағы 4 корпус жабдықталуда. Бұл өндіріс көлемі екі есе артады деген сөз. Осының бәрін ескерсек, бүгінде тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын фабрика алдағы уақытта өнім көлемін тәулік сайын 150-170 тоннаға жеткізе алады.  Яғни, 2017 жылы кәсіпорын толыққанды жұмыс істеп, жылына 20 мың тонна құс етін өндіретін болады.

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар