Пантамен емдеуде

 Бурабайда марал өсіріп, науқастарды пантамен емдеу тәсілі тез дамып келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде құрылған марал шаруашылығының бұғылары бүгіндері жергілікті жерге тез бейімделіп кетті.

  Шығыс Қазақстан облысынан әкелінген маралдардың саны қазіргі кезде жүз елуге жеткен. Жануарлардың табиғи ортада өсіп, өнуіне барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда алты жүз гектар алқап маралдардың тұрақты мекеніне айналып отыр. Жас маралдың мүйізінен алынған панталарды облыстың сауықтыру мекемелері сатып алуда.
–Маралдар төлдеп, жылдан-жылға саны артып келеді. Келешекте бұл маралдардан пантаны мол аламыз деген жоспарымыз бар. Кесілген жас мүйіздің салмағы 400-500 грамнан келеді, – дейді «Бурабай» МҰТП марал шаруашылығының меңгерушісі  Марат Омаров.
Маралдың мүйізін кесу науқаны мамыр айының аяғында басталады. Алынған шикізат өңделіп, Бурабай ауданындағы сауықтыру орындарына жөнелтіледі. Пантамен емдеу тәсілі дәстүрлі және халық медицинасында кеңінен қолданылады. Сүйекке айнала қоймаған жас мүйіздерде биологиялық белсенді заттар қоры көп кездеседі. Пантаның ғажайып емдік қасиетін ғалымдар маралдардың қорегімен байланыстырады. Кербез жануарлар шөптің тамырын таңдап жейді. Оның мүйізінен алынған препарат буынның, жүректің қызметін жақсартатын көрінеді.
Бурабайдың сауықтыру туризмі шетелдік туристер арасында танымал бола бастаған. Сол себепті,  ұлттық парктің ендігі жоспары шаруашылықты кеңейтіп, өндірісті жолға қою. Онда пантадан бір емес,  бірнеше препараттар алуға мүмкіндік туады. Әзірге облыс аумағында емдеу-сауықтыру туризмімен 50-ге жуық шипажай айналысады. Олардың 10-ы пантамен емдеу әдісін  қолданады. Келешекте олардың да саны артатыны сөзсіз.

 

Аслан ОСПАНОВ

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар