Ұлт жоспары – ел мұраты

Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласы талқыланған актив жиналысы болып өтті.

Алдымен, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімованың Елбасының мақаласындағы міндеттер жайлы толымды баяндамасы тыңдалды. Шешен өз сөзінде биылғы жылдан бастап елімізде бірқатар жаңа заңдар қолданысқа енгізілгеніне, ал, келер жылдан бастап жастардың тегін техникалық білім алатынына тоқтала келе, әр қазақстандық азаматтың өз елінің игілігіне жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Қуаныш Жапақов «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заң негізінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар жайлы айтып өтті. Ендігі кезекте, әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансабы оның біліктілігі және жинақтаған тәжірибесі есепке алына отырып құралады. Қызмет сатысының әр баспалдағында ол өзінің кәсіби жарамдылығын дәлелдеп отыруға тиіс болады. Сондай-ақ, биылдан бастап бос мемлекеттік қызмет орындарына үміткерлерді қабылдау үшін конкурсты жергілікті басылымдарда жариялау міндетті емес.  Президенттің «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында айтылғандай, бұл шаралардың барлығы мемлекетті кәсібилендірудің маңызды тетіктері болып саналады.
Сонымен қатар, құқық тәртібі және заңдылық сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту бағыттары да мақалада орын алған. Бұдан былай азаматтар сот шешіміне үкім шыққаннан кейін бір айдың ішінде шағымдана алады. Көп іс қаралатын бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының рөлдері айтарлықтай күшейтіліп, істерді Жоғарғы сотқа дейін жеткізбей, жергілікті соттарда шешуге күш салынбақ. Бұл туралы актив жиналысында  облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Жанәділов  сөз қозғаса, «Көкшетау сүт зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әрсен Жақсылықов, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті Мұрат Әліби қолға алынып жатқан жаңа реформалар дағдарыс кезеңінде кәсіпкерлерге болашаққа нық сеніммен қарауға жігер бергені, бұл міндеттерді орындауға да жастардың қосар үлесі туралы пікірлерімен бөлісті.  
Актив жиналысын қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов басқарма және ведомство басшыларына, үкіметтік емес ұйым жетекшілеріне өз ұжымдарында Президент Жолдауын және мақаласын талқылауға арналған шаралар өткізуді, онда айтылған міндеттерге сүйене отырып, үстіміздегі жылға нақты жұмыс жоспарларын әзірлеуді тапсырды.    
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар