Жыл басынан жұмысты жақсарту қажет

 Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңірдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары шығарылып, 2016 жылдың міндеттері белгіленді, сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген жерлесіміз, «Астана Опера» опера және балет театрының әншісі Салтанат Ахметоваға  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының куәлігі тапсырылды.

  Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері, облыс әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты. Аппарат кеңесін бастамас бұрын облыс әкімі алдымен, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 3 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы» Жарлығына сәйкес Көкше жерінің тумасы, «Астана Опера» опера және балет театрының әншісі Салтанат Ахметоваға  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын тапсырды. Салтанат Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыка колледжінің түлегі, Қазақ ұлттық музыка академиясында білім алған. Кейін Италияның вокал өнері академиясында әлемнің атақты опера әншілерінің шеберлік сыныбына қатысып, тәжірибе жинайды. Түрлі халықаралық байқаулардың жеңімпазы. Бүгінгі таңда Елордадағы «Астана Опера» опера және балет театрының белді әншісі.
– Өңірімізден осындай талант иесінің шығып отырғандығы қуантады. Салтанаттың өнері маған колледж қабырғасында оқып жүрген кезінен таныс. Ол өзінің талантының арқасында елімізді, оның ішінде Ақмола облысын әлемге танытты. Жерлесімізді осынау жетістігімен барша ақмолалықтар атынан құттықтаймын! – деді осы орайда облыс әкімі  өз сөзінде.
Сондай-ақ,  құттықтау сөз алған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Шолпан Дүкембаева да жоғары  талант иесінің бағындырған асуларына тоқталып өтті.  
Одан әрі облыс әкімі Ақмола облысы бойынша еңбек инспекциясының басшысы Мұнарбек Батырхановты зейнет демалысына шығуымен құттықтап, түрлі мемлекеттік қызметте атқарған адал еңбегі үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ,  жақында Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы лауазымына тағайындалған Қуаныш Жапақовты да таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.  
Аппарат кеңесінің күн тәртібінде тұрған облыстың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы міндеттер, 2015 жылғы бюджеттің орындалуы туралы мәселелер бойынша облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтың баяндамалары тыңдалды. Ол өз сөзінде өткен жылы облыс еңбеккерлері табысты жұмыс істегендігін атай келе, негізгі салалар бойынша өңірдің қол жеткізген жетістіктері мен кемшін тұстарына жан-жақты тоқталып өтті.
Атап айтқанда, өнеркәсіп көлемінің индексі 106,9 пайызға орындалып, облыс еліміз бойынша бірінші орынға шықты. Бұл астаналық облыс үшін үлкен жетістік. 2015 жылғы ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ауыл шаруашылығы саласы үшін де жыл толайым табыстармен қорытындыланып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 102,1 пайызды құрады. Ішкі өнім көлемі 263,1 миллиард теңгеге жетті. Жиналған барлық астықтың 82 пайызы үшінші класты болуы оны сатып, өткізуде де бірталай артықшылықтарға қол жеткізуде. Осының нәтижесінде биыл Үкіметтен алынған қарыз толығымен өтеліп отыр. Мал шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер бар. Дегенмен,  астықты өңір болғанына қарамастан, облыс ауыл шаруашылығы саласы бойынша республикада 12-інші орыннан көрініп отыр.
Құрылыс, шағын және орта бизнесті дамыту,  инвестиция тарту, әлеуметтік қамсыздандыру және бағаны тұрақтандыру  бағытында да жаман жұмыс істелген жоқ. Тек,  салық төлеу,  бюджеттен бөлінген қаржыны игеру және мүлікті жекешелендіру мен заңдастыру бағытындағы жұмыстар ширатуды қажет етеді.
Сонымен қатар,  аппарат кеңесінде Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру аясында қолға алынған мемлекеттік жекеменшік арасындағы серіктестікті дамыту да сөз болды.
Осы орайда,  бүгінгі таңда өңiрде 28 жоба тiркелген, оның 3-еуi еуропалық қайта құру және даму банкімен ынтымақтастық аясында  жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Көкшетау, Степногорск және Астана қаласына жақын орналасқан елдi мекендерде мемлекеттік жекеменшік серіктестік тетігі арқылы балабақшалар салу көзделген.
Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен алдағы міндеттерді жан-жақты саралай келе, барлық сала бойынша жұмысты ширатуды тапсырды. Осы орайда, бірқатар аудан, қала әкімдерінің жеткіліксіз жұмыстары сынға алынып, жыл барысында жергілікті жерлерде жол берілген олқылықтарды түзету талап етілді. 2016 жылы алда тұрған міндеттер ауқымы өте зор. Бұл әр басшыдан өз ісіне жоғары жауапкершілікті қажет етеді. 2015 жылы облыс өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында бірқатар көрсеткіштер бойынша алдыңғы және ортаңғы лектен көрінді. Енді әлі де болса кенжелеп отырған жұмыс салаларын ілгері бастыру – басты міндет.  

 

Аслан ОСПАНОВ

Суретте: «Астана Опера» опера және балет театрының әншісі Салтанат Ахметоваға  «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын тапсыру сәті.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар