Білім сату дегенді қайдан шығардық?!.

Жұмыстан кейін үйге бару үшін автобус тосып аялдамада тұрмын. Айнала ығы-жығы. Кісілер қоғамдық көліктерге бірінен соң бірі сығылысып кіріп-шығып жатыр. Бір кезде үш бейтаныс қыздың аялдамаға ілінген жарнама қағаздарды көздерімен сүзіп, бір нәрсе іздеп жатқанын байқадым. Араларындағы шапшаңдауы: «Кеше осы жерден көргем. «Дипломдық жұмыс жазамын» деген қағаз ілініп тұрған болатын», – деп аузы аузына жұқпай, қайталаумен әлек. «Ендеше, ол жарнама қайда кетеді?» – дейді сол арада көңіл-күйлері түсіп кеткен құрбылары. Біраз уақыттан соң іздегендері табылғанда, әлгілердің қуанғандарын көрсеңіз. Үшеуінің бұл әрекетін сырттай тамашалаған адамға әлгі қыздардың жоғары оқу орнын тәмамдағалы жатқан студент екендіктерін, дипломдық жұмыс жазбай, оны сатып алғылары келетінін түсіну қиын емес. Мені де сол жолы үйге жеткенімше осы ой қатты мазалады.
Несін жасырайық, дипломдық жұмыс жазуға бас қатырғылары келмей, ақшасын төлеп, оны біреуге жазғызатын, тіпті, тақырыбы, мазмұны келіп жатса, дайынын сатып алатын студенттер арамызда баршылық. Тіпті, балаларын аяп, «құлыным, миыңды ашытып қайтесің, одан да мұғаліміңе ақша төлеп жазғызсаң қайтеді» дейтін ата-аналарды да талай кездестіргенім рас. Өзіміз бала жанының бағбандары деп жүрген ұстаздардың дипломдық жұмыс жазуды баяғыда-ақ қосымша кіріс көзіне айналдырып алғанына не дерсіз? Кейде сондай оқытушылар «университет мұғалімі» деген зор атаққа ие бола  тұра, базардағы сатушының  ісін істеп,  шімірікпей қылшылдаған жастардан қалай ақша алады деп те ойланамын.
Жарайды, оны қоя тұрып, аялдамадағы үш қыз секілді ойлайтын жастардың мәселесіне келсек. Солар дипломдық жұмыстың  төрт жыл бойы  жоғары оқу орнында алған білімінің қорытындысы екенін, оның ертеңгі күні мамандығына да әсер ететінін түсінсе болар еді ғой. Әй, қайдам. Айналып келгенде мұның барлығы тәрбие мәселесіне келіп тіреледі. Кейде өзіміз де  мектепте оқитын іні-сіңлілерімізге бір нәрсені білмей, үй тапсырмасын орындай алмай жатса, ғаламтордан қарап көрші дей саламыз. Мінеки, бар пәле осында жатыр. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ осылай оңайға үйренген бала университетке барғанда да бар шаруасын жанын қинамай бітіргісі келіп тұрады.  
Ең өкініштісі, қазіргі қоғамда білімді сатып алу үйреншікті жайтқа айналып бара жатыр. Қолына дипломын алмай жатып, осы диплом жұмысын біреуге жазғызатындардан ертеңгі күні өз қызметіне тиянақты, адал, білікті маман шығуы екіталай. Осыны санамызға мықтап түйіп алсақ…
 Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар