Халықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуіміз керек

Елбасының Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауы біздің тәуелсіз мемлекетіміздің дамуының маңызды бір кезеңі болып келе жатқаны сөзсіз. Бұл құжаттардың барлығы  атқарылып жатқан, алдағы уақытта атқарылатын істеріміздің бәріне соны серпін береді.

 

Ұлт Көшбасшысы дағдарысқа қарсы және құрылымдық түрлендірудің бес бағытын алға тартты. Бұл жерде қаржылық сектордың тұрақтандырылуы, бюджеттік саясаттың оңтайландырылуы, экономикалық бәсекені жекешелендіру, ынталандыру, жаңа инвестициялық және әлеуметтік саясат туралы айтылған. Президенттің «Қазір әлем шапшаң қарқынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінгі күні Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Оның ықпалынан ешкім де сақтанып қала алмайды»  деген сөзі маңызды болып табылады.  Ол Қазақстанды әлемдік дағдарыстың әсерінен сенімді түрде қорғайтын, біздің алға қарай жылжуымызға жәрдем беретін  бірқатар шараларды ұсынады.  Жолдау-да әрбір өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының даму басымдылықтарын нақтырақ орнықтыру қажет деп дөп басып айтылған.  Солтүстік өңірге келер болсақ, астық өндірісі мен мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жандандыру қажет делінген, сонымен қатар, бұл салаларды бәсекеге қабілетті етіп, шет мемлекеттердің экспорттық тауарларын тиімді қолдану керек.
Бұл міндеттер Ақмола  облысының аграрлық саласына да қатысты екені даусыз. Оларды іске асыру үшін біздің де дайындығымыз бар.  Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша қойылған міндеттерді іске асыру «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.  Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің жалпы көлемі 263,1 миллиард теңгені құрап, алдағы жылға қарағанда 2,1 пайызға өсті. Машина-трактор паркін өнімділігі жоғары  техникалармен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2015 жылы жаңадан астық комбайндары, тракторлар мен себу кешендері сатып алынды. Мемлекеттік қолдаудың шеңберінде аграрлық сектордағы барлық кешенді іс-шараларды орындауға 16,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, бұл 2014 жылға қарағанда біршама көп. Жалпы, қолданылып жатқан шаралардың барлығы қажетті агротехникалық шараларды ойдағыдай жүргізуге, астықты шашпай-төкпей жинауға, гектар берекесін жақсы көрсеткішке жеткізуге мүмкіндік берді.  Жалпы түсімнің көбі 3 класс. Өңір қажетті ауыл шаруашылығы дақылдарының аудандастырылған тұқымдарымен толығымен қамтамасыз етілді.
Ішкі азық-түлік нарығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі кезде мал шаруашылығының дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Ірі қара малдың саны 2014 жылмен салыстырғанда біршама өскен. Сондай-ақ, қой-ешкі мен құс саны да көбейді. Сүт, ет, жұмыртқа өндірісі артты. Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуеті жобасын іске асыру шеңберінде 2010-2015 жылдары  12 мың бастан астам ет және сүт бағытындағы ең жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алынды.  Асыл тұқымды ірі қара малды көбейтумен айналысатын он тоғыз шаруашылық құрылды. Нәтижесінде асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы өсті. Екі бройлерлі құс фабрикасын іске қосудың арқасында облыста құс етінің өндірісі  артты. Облыстың құс өсірушілері жұмыртқаны экспорттаумен қатар Астана мен облыс тұрғындарының қажеттіліктерін толыққанды қанағаттандырып отырады.
Елорданың базарларына 86,8 мың тоннадан астам сүт, 20,9 мың тонна ет өнімдері, 217,5  миллион дана жұмыртқа жеткізілді. Азық-түлік белдеуінің аясында 2015 жылы он төрт жоба жүзеге асырылды, соның ішінде он бір астық сақтау қоймасы, екі құс шаруашылығының  жобасы, сүтті мал шаруашылығының бір жобасы бар. 2016 жылы облыс Астана нарығын 52 пайызға дейін ет өнімдерімен, 48 пайызға дейін сүт өнімдерімен, 100 пайызға дейін ұн, жұмыртқа және картоппен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы саласы дамуының негізгі басымдығы осы саладағы өндірісті қарқындату болып табылады, бұл ауыл шаруашылығы дақылдары өнімділігін арттырудың және оларды өндіруге кеткен шығындарды азайтудың арқасында жүзеге асырылады.
Өндіріс көлемін ұлғайту үшін мал шаруашылығын дамытудың нысаналы кредиттік бағдарламаларына қатысу белсенділігін арттыру қажет. «Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары бо-йынша мал сатып алу және қуаттылығы әртүрлі 18 тауарлы-сүт фермасын құру  бойынша жоспарлы көрсеткіштерді орындау жөнінде міндеттер қойылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру қажет.  Сүт өңдейтін кәсіпорындардың жүктелімін 65 пайызға дейін, ет өңдеуді – 70 пайызға дейін, ұн өндірісін 35 пайызға дейін ұлғайту межеленіп отыр.
2016 жылға нақты жоспарлар қойылды, енді бізге сол межеленген белестерді бағындырудың амалдарын қарастырып, жыл аяғында нәтижелі көрсеткіштерге жету үшін қажырлы әрі жемісті еңбек етуіміз қажет.

Мұрат  БАЛПАН,
облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар