Дін деп өткен қажырлы тұлға еді

Көкшетау қаласындағы бұрынғы орталық мешітке бар саналы өмірін ислам дінін насихаттап, халықты имандылыққа уағыздаумен өткізген Жақия қажы Бейсембайұлының есімі берілді.

Бір кезде әкесі саяси қуғын-сүргінге ұшырап, Ресей жеріне қоныс аударуға мәжбүр болған Жақия қажы Бейсембайұлы жастайынан ата-анасынан айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартады. Әкесінің жолдасы, белгілі дін қайраткері Сәдуақас Ғылманидің көмегімен бала кезінен дін – исламға ден қояды. 1959 жылы сол кісінің қолдауымен Бұхарадағы Мир-Араб медресесіне түсіп, тоғыз жылдай білім алды. Оқу бітірген соң Алматы мешітінде алғашында азаншы, кейінірек имам болып қызмет атқарды. 1970 жылы қажылық парызын өтеп оралған ол Орта Азия діни басқармасының жолдауымен Сирияның Дамаскі ислам институтына оқуға жіберіледі.
Атеистік түсінік үстемдік құрып тұрған сол заманда шетелге барып дін оқуын оқу екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт еді. Ислам институтын бітіріп келген оны Қазақстан мұсылмандарының қазиі етіп тағайындайды. Осылайша Жақия қажы Бейсембайұлы біраз жыл еліміздің мұсылмандарына жетекшілік жасайды. 1979 жылы ол халықтың сұрауымен Көкшетау мешітінің имамы болды. Содан кейінгі ұзақ жылдар ішінде Көкше өңірінде халықтың жүрегіне имандылық сезімін ұялату жолында үлкен еңбек сіңірді. Жақия қажының тікелей күш салуымен бұрынғы орталық мешіт қайтарып алынып, мұсылмандардың жиналатын иманды орнына айналды.
Өткен жылы Көкшетауда жаңа сәулетті мешіттің бой көтергені белгілі. Жаңа мешітке осы өңірде халықты имандылыққа ұйытуға үлкен еңбек сіңірген тарихи тұлға  Науан Хазіреттің есімі берілгендіктен, бұрынғы мешіт осы атауын өзгерту қажеттігі туған еді. Көпшіліктің сұрауымен енді сол мешітке Жақия қажы Бейсембайұлының есімі берілді.
Мешітке жиналған қауымды осы қуанышты оқиғаға орай арнайы келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі Серікбай қажы Ораз құттықтап, кезінде ол кісінің көзін көріп, шәкірті болғанын мақтанышпен айтып өтті. «Бар өмірін ислам дінін таратуға, жұртшылықты имандылыққа ұйытуға арнаған сондай жанға мешіт атауының берілуі оған жасалған лайықты құрмет» – деді ол.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қанат Қыдырминнің құран оқуымен басталған шара барысында облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Ысқақов, ғалым, профессор Жолмырза Керейұлы және Жақия қажының зайыбы Айтжамал әже Нұрғалиқызы жүрекжарды жылы тілектерін айтып, мешітке есімін беріп, құрмет көрсеткені үшін  дінбасылары мен көпшілікке ақ алғыстарын білдірді.
Осыдан кейін Жақия қажының есімі жазылған тақтайша салтанатты түрде ашылды. Жиын соңында Жақия қажыға арналып ас берілді.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар