«Арлан» – күміс жүлдегер!

Кеше облыс орталығындағы Бурабай спорт сарайын-да Жоғары лиганың ерлер командалары арасында шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық чемпионатының ақтық ойыны өтті.

Шайбалы хоккейден 2015-2016 жылдар маусымының чемпионы атану үшін Көкшетау қаласының «Арлан» хоккей клубы мен Атырау қаласынан келген қонақтарымыз «Бейбарыс» командасы тартысты бәсекеге түсті.  Жанкүйерлердің қошеметі мен қолпаштауымен арқаланған «Арлан» командасының ойыншысы Александр Нурек ойынның алғашқы минуттарында-ақ гол соғып, ел еңсесін көтергендей еді, бірақ, ойынның екінші кезеңінде бастапқы қарқынынан
айырылып, жерлестеріміздің қақпасына екі шайба өтіп кетті. Оларды Спередонов пен Зубков салды. Екінші кезеңі аяқталғаннан соңғы үзілісте жанкүйерлердің әлі де «Арлан» командасының жеңісінен үмітті екені байқалып, бір-бірін жігерлендірумен болды. Ойыншылар қанша тырысқанымен бір-бірінің қақпаларына гол соға алмай, әлек болды. Тек соңғы кезеңнің аяқталуы жақындағанда «Бейбарыс» клубының ойыншысы Шарифльянов осы  ойынның ақырғы шайбасының авторы атанды.
Ойын бітісімен мұз айдынында осы чемпионаттың үздік ойыншылары  марапатталды. Оларға бағалы сыйлықтары мен медальдарын Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин табыс етті.  «Үздік қақпашы» аталымын «Бейбарыс» командасының қақпашысы Алексей Кузнецов иеленсе, «Үздік шабуылдаушы» аталымын «Ертіс» командасының ойыншысы Михаил Рахманов иеленді. Ал, «Үздік қорғаушы» аталымын «Арлан» командасының ойыншысы Владислав Колесников жеңіп алды. Чемпионаттың жүлдесін табыстамас бұрын облыс әкімі ойынның тартысты өткеніне, және «Арлан» клубының бүгінгі ойынына риза болғанын айтып, келесі жылы чемпион атану үшін барынша күш салу керектігін атап өтіп, осы жолда қолынан келгенше көмектесетінін жеткізді.

Мерген ТОҚСАНБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар