Әр сөзінен шынайы қамқорлықты ұғындық

Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық жетекші телеарналардың өкілдеріне берген  сұхбатын басынан аяғына дейін ерекше ынта қойып тыңдадым. Өйткені, мемлекет басшысы көпшілікті толғандыратын барлық сұрақтарға толыққанды жауап қайтарды.

Журналистер бұл кездесуде экономика, әлемдік қаржы дағдарысы, терроризм, көршілес елдердегі саяси ахуал және басқа да мәселелерге қатысты көптеген сауалдар қоя алды.
Мен қарт ана болсам да бүгінгі өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қатты алаңдаймын. Еліміздегі әр бала сапалы білім, саналы тәрбие алса екен деймін. Осы орайда, «Астана» телеарнасының журналисі Оксана Петерс елімізде демографиялық ахуалдың жақсарғанын тілге тиек етіп, халқымыздың саны жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтты. Журналистің көтерген мәселесі орынды деп ойлаймын. Мен егде жасқа келіп қалсам да елімізде болып жатқан түрлі оқиғаларға құлақ түріп отырамын.
Жалпы, Елбасымыздың арқасында жыл сайын мектептер мен бала бақшалар салынып, білім саласы оң қарқынмен дамуда. Осы орайда, Елбасымыз қойылған сауалға кідірместен, мүдірместен толымды жауап бергеніне шынайы риза болдым. Ол Тайланд мемлекеті тәуелсіздік алғанда халқы 16 миллион болғанын айтып, 40-50 жылдың ішінде халықтың саны 65 миллионға жеткенін  мысалға келтірді. Түптің-түбінде біз де сол межеге жетуіміз керек екенін ұғындырды. Ол 1991-1995 жылдар аралығында Қазақстаннан 3 жарым миллион адам басқа елдерге қоныс аударғанын жеткізіп, қазір халықтың саны қайтадан орнына келгенін айтты. Бұл ретте елге оралған қандастарымыз туралы да кеңінен айта кетуге болады. Президентіміздің арқасында қандастарымыз туған Ота-нына оралып, бақытты өмір сүруде. Көшбасшымыздың кемеңгерлігі мен көрегенділігінің арқасында елімізде әрбір қазақстандықтың қалыпты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалып жатыр десем еш қателеспеймін. Президентіміз айтқандай, егер демографиялық ахуалымыз жылдан-жылға жақсарып, Қазақстан жыл сайын бір қалаға көбейіп отыратын болса,  бұдан асқан қуаныш жоқ шығар. Өйткені, ұрпақ өмір жалғасы, бала болашақтың бастауы емес пе? Әсіресе, менің көңілімнен шыққаны Нұрсұлтан Назарбаевтың балалар көбейген сайын мектеп салынатынын баса қадап айтқаны. Сарабдал саясаткердің сөзінен ұққанымыз тәуелсіздік алғаннан бері елімізде 700 мектеп салынған екен. Бұл қуанарлық жәйт. Білімге ұмтылған өрендер үшін жыл сайын жаңа мектептер есігін айқара ашатын болса, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсара түскендігі. Бірақ, Елбасымыз әлі де болса үш ауысымдық және жөндеуді қажет ететін мектептердің барын айтып, жағдайдың түзелетініне сенім білдірді. Алла абырой беріп, Президентіміздің берген уәдесі орындалатынына еш күмәнім жоқ. Өйткені, Мемлекет басшысы әрқашан халықтың алдында берген уәдесін орындап келеді. Мен де жаңа бала бақшалар мен мектептер салынып, оқу, білімге ұмтылған өрендердің жолы нұрлы болса екен деп тілеймін.

Ақшатай ИЗАХМЕТОВА,
ардагер ұстаз, Қазақстан
Республикасы білім беру ісінің үздігі.

Бұланды ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар