«Тұғырынан таймаған»

Былтыр, жоқ әлде өткен жылы ма екен, Еңбекшілдер ауданында құсбегімен кездескенбіз. Әуелі қыран құс, оны баптау туралы әңгіме өрбіген. Содан соңғы сөз бүркіттің жасы, оның атаулары туралы сабақталған. Білгенімізден білмейтініміздің көп екені рас. Талай тосын жайлардың беті ашылған.

Осы жерде тағы да олжалы болдық. Оның жөні былай. Әдетте біз көп сөзді байыбына бармай айта береміз ғой. Үйреніп қалған, ауызға түскенін. Мысалы, қазақта «тұғырынан таймаған» деген сөз бар. Адамның күш-қуаты қайтпағанын, әлі де мықты екендігін аңғартатын сөз.
–Мына бір құсым шау тартты. Әлденеше жыл қызығын көрген соң қартайса да бағып отырмын. Алтыға толғанда ең шеткі, соңғы екі құйрық қауырсыны түскен кезде түз бүркітін «бозым болып қалған екен, үйретуге жарайма» деп күдіктенеді. Бүркіттің сегіз жастағысын құмтүлек, тоғыз жастағысын оба, он жастағысын жала деп атайды екен. Ал, мынау әбден қартайған, жиырмаға толған мола құс. Бұл атау жігері кеміп, молаға ықтағыш, қарайған бірдеңе көрсе, соны паналағыш болған соң қойылған ғой. Менің құсым да қайраты кемігені сондай, тұғырында отыра алмай, құлап қала береді,–деді құсбегі.
Қыран құстың қонақтар жері – тұғыры. Қарымының қуаты азайып, бұлшық еті босаң тартқан соң, өз денесін өзі көтере алмай, қалғып кеткенде құлап қалады екен. Ал, күш-қуаты бойында тұрған жас қыран тұғырында отырып ұйықтай береді.
Қазақтың түгел сөзінің түбі бір екендігі осы бір мысалдан-ақ көрініп тұрған жоқ па?..

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар