Перзентханадан нәрестені алып  шыққандағы дарақылық  

Ерсайын түнімен  көз ілмей шықты. Ертең көптен күткен сәбиін перзентханадан шығаратын күн.  Алдында әйеліне уәде еткені есіне түскен сайын, ұйқысы шайдай ашылды. «Алтыным, сендерді лимузинмен алып кетемін» деген. Кеше бағасын білсе, көлік жалдау құны удай қымбат. Бір сағаты 25 мың теңге. Бұған қоса аниматорлар мен 101 раушан гүлі, шоу бағдарламаға тапсырыс беру керек. Қайтсем де табамын деген  оймен таңды атырды…

Той десе барын шашатын қазақ, тойханалар мен мейрамханаларды қойып, ендігі перзентхананың алдын да шоуға айналдырып жатыр. Біз де осы орайда, облыс орталығындағы перзентханаға жол тартып, мәселені көзбен көріп, көңілге түйіп қайттық. Шынымен де перзентхана алдында кішігірім той. «Алтыным, маған қыз сыйлағаның үшін рахмет!». «Қазақ еліне +1 батыр!» деген жазулар мен шарлары бар қымбат көліктер, құшақ-құшақ гүлдер, түрлі мультфильм кейпінде киінген аниматорлар, дауыс күшейткішті қолына алып сөйлеп тұрған жүргізушілер, шалқыған той әндері, бәрі-бәрі бар.

Дұрыс-ақ, қуанышты бөліссең көбейеді. Бірақ, бір ескеретін жайт, перзентханада бір ана сәбиін құшағына алып, қуанып жатса, енді бірі жансақтау бөлімінде өмір мен өлім арасында күресіп жататыны бар.  Бірі баласынан көз жазып, қан жылап жатады. Ал, 600-700 грамм салмақпен ай-күні жетілмей туған шақалақтарға, тыныштық керек емес пе? Ырду-дырду көп шоу, әсіре мақтаншақтықтан да хабар беріп тұрғандай көрінеді.

– Негізгі мамандығым медицина қызметкері. Короновирус инфекциясы өршіп тұрған кезде, күні-түні жұмыс істедік. Өзіміз де короновируспен ауырып, бір ажалдан қалдық. Сол жылы тұрмыс құрған болатынмын. Бес жылдан бері армандап, қалап сүйген баламыз еді. Әттең-ай, баянды болмады, – дейді өкінішпен Лаура (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынған). Мұндайда ананың жай-күйін сөзбен жеткізуге бола ма? Сөз артық…

Ауруханада осылай жан азабын тартып жатқанда, терезе алдында баласын бауырына алған, асыр салып той тойлап жатқандарды көрген Лаураның күйі қандай болды десеңізші…

Бұл мәселе турасында көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері  Светлана Қадырханқызымен де тілдестік.

– Біздің бала кезімізде сәби дүниеге келгенде жалпы, босаға аттаған келіннің өзін жан баласының сұқ көзінен аулақ ұстап, жұрт көзіне түсірмеуге тырысатын. Сәбиді қырқынан шығарғанша ешкімге көрсетпей өсіретін. Жұрт алдына шығарғанда да көзмоншақ тағып, үкілеп әспеттейтін. Өз басым Аллаға шүкір он баланы дүниеге әкелдім. Алла берген екі қыз, сегіз ұлым бар.  Ойлап отырсам, солардың бірін қандай көлікпен перзентханадан шығарғаны да есімде жоқ. Бастысы балаларымның саулығы, амандығы еді. Ауылда тұрдық. Бар баламды бір бесікке бөлеп өсірдім. Қымбат кереует ал, қымбат көлікке мінгіз дегенді ойламаппын. Бәлкім, қазіргі заман талабы сондай ма, кім білсін. Адам әсіресе, әйел заты еліктегіш келеді ғой. Меніңше қазір перзентханадан шығару да бір бәсекелестікке айналып кеткендей. Негізі көрпеңе қарай көсілген дұрыс деп есептеймін. Бірақ, оған көнетін бала болса…

– Тәте, сіз ескіше ойлайсыз, – деді маған өзімнен  жиырма жас кіші ағамның қызы осы тақырып төңірегінде сөз болған сәтте. – «Я ведь заслуживаю! Пусть старается, находит, чем я хуже других!».

Ойыма бірден әжем орала кетті. Соғыс жылдарындағы өмірін көп баяндайтын. Балам үшін жаным пида деген  қайран, қара нар қарттарым-ай! Құрмет көрмей, оны көрмедім деп тағы көңіліне алмай өмірден өткен  өздеріңізді ойласам, жүректен маза қашады…

… Ерсайын бүгін тағы түнімен көз ілмеді. Ендігі ойы әйеліне берген уәдені орындау мақсатында несиеге алған ақшаны отбасы бюджетіне нұқсан келтірмейтіндей етіп, білдірмей төлеу. Бастысы, шоудың қырсығынан шу шығып, шаңырақ шайқалмаса екен…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар