Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын

(Ортаға салар ойым бар)

Өткен жылы Жетісу өлкесі суырып салма, төкпе айтыс ақыны Айтақын Бұлғақовтың 60 жас мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Талдықорған театры республикадағы маңдайалды театрлардың бірі екені бесенеден белгілі. Сонау Кеңес заманында қойған «Біржан-сара» операсынан алған әсеріміз әлі күнге көкейімізден кетер емес. Былтыр аталған театр өнерпаздары мен мәдениет қызметкерлері Айтақынның шығармашылық өмірінен өте тамаша қойылымдар қойып иығына шапан жауып мәртебесін көтерді. Азаматының өнерін бағалап ардақтай білген елден айналып-ақ кетпейсің бе?!

Жетісу телеарнасынан суырып салма ақын Айтақынның мерейін өсіріп, облыс көлемінде осындай іс-шара өткізген халқына риза бола отырып ойға қалдым, себебі, бізде де осындай өнер қайраткерлері жеткілікті ғой, тек біз сондай жандарды уақытында елеп ескеріп, бағалай алып жүрміз бе? Әлде хакім Абай айтқандай «қазақтың тірісінде жақсысы жоқ, өлгеннен кейін жаманы жоқтың»  кебі ме. Әсілі, әр нәрсені өз уақытында бағалай білгенге не жетсін.

Осындай ардақтайтын азаматтар біздің Көкше өңірінде де баршылық. Соның бірі, бірі емес бірегейі ақын, драматург, жазушы, манасшы, кинорежиссер, сценарийші, актер, мәдениет қайраткері, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Баянғали Әлімжанов. Сегіз қырлы бір сырлы тума талант иесі отыз жеті кітап пен төрт көркем фильмнің және бірнеше деректі фильмдердің авторы.

Шашасына шаң жұқпаған дүлдүл ақын екі жүз он алты рет айтысқа қатысып жиырма рет бас жүлдеге ие болған екен. Аспандағы аққуға үнін қосқан бабасы Біржан салдың ауылында дүниеге келіп, Біржан бабасының жолын жалғап жүрген ағамыз келесі жылы мағыналы ғұмырының биік бір белесі кемел де қазыналы жетпіс жасқа толады. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз қызмет етіп үлес қосып жүрген ағамыз барлық салада өзін жан-жақты қырынан танытып келеді. Қазақтың тарихын таныту тұрғысында  «Сказ столетного степняка» атты шығармасын басқа ұлттарға түсінікті болу үшін орыс тілінде жазып, қазақтың жүз жылдық тарихын жүз жасаған қарияның аузымен баяндауы жазушының тапқырлығын жаңа бір қырынан көрсетіп тұр емес пе?! Аталған роман Мәскеуден мыңдаған тиражбен басылып шығарылды, кейін ағылшын тілінде Лондонда, одан араб тілінде басып шығарылып, түрік жазушыларының қызығушылығын оятып өздері аға баласы санайтын қазақ елінің тарихын таныту үшін түбі бір күллі Түркі әлеміне көп тиражбен басылып шығарылмақшы. Осы уақытқа дейін негізінен қазақтың тарихын қазақ тілді оқырмандар ғана оқып шектеліп келсе енді жазушының осы романын әлем елдері оқып қазақтың мемлекеті, хан мен билері, батырлары туралы мәліметті білетін болады.

Сонымен қатар, қырғыздың өзі жазбаған Манас жырын бір кітапқа сыйғызып түгел жазып шыққан жалғыз ақын да осы Баянғали ағамыз екен. Манасты тек қырғыз ғана айту керек деген теорияны да алғаш бұзған Баянғали ақын. Манас жырын жырлап жүрген кездерінде өзінің айтуынша түсіне Манас батыр кіріп аян берген көрінеді. Мұндайды қырғыз халқы «аян болмай, баян болмайды», – дейді екен, себебі, Манас жырын айтатын манасшылардың түсіне Манас бабалары кіріп аян бергеннен кейін көсіліп жырлайтын көрінеді. Осылайша Манас батырдан түсінде аян алған жыршы Қырғызстанда өткен Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсында арнайы жүлдені жеңіп алады. Екі елдің арасында шығармашылығымен дәнекер болып жүрген жыршы-манасшыны Қырғыз президенті өз қолымен Достық орденімен марапаттайды.

Жазушының балаларға арналған тартуы да бір төбе. 2022 балалар жылына арнап Әліппе өлең кітабын нотасымен, әуенімен өлең қылып шығарған, сонымен қатар алфавит бойынша балалардың бал тілімен тілге жеңіл, қызықты қылып ұлттық құндылықтарға толы 400 тақпағы бар кітабы баспадан шықпақшы. Яғни, «баланы тәрбиелеу ұлтты тәрбиелеу»  десек Баянғали ақын осы үдеден шығып, ұрпақ тәрбиесіне де сүбелі үлес қосып жүргенін атап өту керек. Оның өзі сценарийін жазып шығарған көркем фильмдері де жас буын ұрпақты жаман әдеттен жиреніп, адамгершілікпен адал өмір сүруге тәрбиелейді. Осылай жасы жетпіске таяса да шаршадым, шалдықтым демей өнер майданының бел ортасында елдің руханияты үшін аянбай тер төгіп жүрген сегіз қырлы, бір сырлы ақын ағамыздың алда келе жатқан мерейтойын шығармашылығымен қоса облыс көлемінде өз дәрежесінде атап өтсек барымызды бағалап елдігімізді танытқан болар едік.

Бұл шара өзі туып өскен Біржан елінен, Біржан сал ауданынан басталып жалғасын табатын болса нұр үстіне нұр болар еді.

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ,
Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар