Әскери білім алуға неге құлықсызбыз?

Елімізде ғана емес, жалпы Орта Азиядағы кәсіпқой сержанттарды даярлайтын бірден-бір оқу орны – Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусы. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарайтын Кадет корпусы 1996 жылы 1 шілдеде Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. 2000 жылы әскери оқу орнына Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Ауданға арнайы іссапармен барғанда осы әскери білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Әлемнің жетекші елдерінің кіші сержант мамандарын даярлау тәжірибесі негізінде ашылған білім ордасы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің сержанттар құрамы лауазымында келісім-шарт бойынша қызмет ететін кіші командалық құрамға кәсіби мамандарды даярлауға арналған. Кәсіби сержанттардың ең алғашқы түлектері 1999 жылы бітіріп шыққан. Құрылғаннан бері корпустан 3 мыңнан астам кадеттер оқу бітіріпті. Олар қазір ҚР Қарулы Күштерінің құрамында бөлімше командирінен бастап, бас сержант лауазымдарына дейінгі қызметтерді атқаруда. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының бас сержанты осы кадет корпусының түлегі болып табылады. Корпустың бастығы полковник Руслан Кабдулинов.
Кадет корпусының жаңа ғимараты 2014 жылы аталмыш оқу орнына пайдалануға беріліпті. Бұған дейін ол кадет корпусына арналып салынғанымен, министрліктің бұйрығымен уақытша Қорғаныс университеті болған. Кадет корпусының негізгі мақсаты – әскерге кіші командалық сержанттар құрамын даярлау. Кадеттердің оқу мерзімі 1 жыл он айды құрайды. Осы мерзім ішінде олар әскери техникалық және кәсіптік білім алып шығады. Кадет боламын деген ниеті бар азаматтар әскерге бармаған болса 17 жастан 21 жасқа дейін, әскерге барып келгендер 23 жасқа дейін қабылданады.
–Қазір адамдар психологиялық тұрғыдан алғанда әлсіздеу келеді. Өмірдің қиындықтарына төзбейді. Сондықтан, жастарды оқуға қабылдау кезінде ең бірінші психологиялық мінездемесіне көп көңіл бөлеміз. Психологиялық іріктеу кезінде көптеген жігіттер талапқа сай болмай шығады. Жақсы нәтиже көрсеткен үміткерлер келесі саты – дене дайындығы бойынша сынақтан өтеді. Жалпы, оқуға 1 мыңнан астам үміткер келсе, соның төрттен бірі ғана қабылданады. Бір жылдары 280 бала қабылдадық, бірақ, көбі форма үшін келе ме, әлде оқу оңай деп ойлай ма, әйтеуір шыдай алмай кетіп қалып жатады. Кейбірінің денсаулығы жарамайды, организмдері үйренбейді, сабаққа үлгермейді. Осылайша іріктеліп, бас-аяғы сол 200-250 кадет оқуды бітіріп шығады. Биыл резервпен 270 бала қабылдадық, – дейді кадет корпусының тәрбиелік жұмыстарын ұйымдастырушы, аға сержант Айман Темірханқызы.
Оқуға келетін үміткерлердің көбі оңтүстік аймақтардың жастары екен. Осы орайда, солтүстік өңірлердің балалары неге әскери білім алуға құлықсыз деген сауалымызға жауынгерлік дайындық бойынша нұсқаушы, 3-ші сыныпты сержант Азамат Жақыпов былай деп жауап берді:
–Оңтүстік аймақтарда сегіз-тоғыз баласы бар көпбалалы отбасылар көп. Комиссия мүшелері үміткерлермен әңгімелесу кезінде олардың отбасылық жағдайына назар аударады. Сонымен бірге, ата-анасы жоқ, жетім балалар бірінші кезекте қабылданады. Солтүстік өңірлердің мектептеріне арнайы барып, қыруар насихат жұмыстары жүргізілсе де, аз келеді. Оңтүстік, Шығыс Қазақстан облыстарынан келетіндер көп. Бір жағынан солтүстіктің балаларының денсаулықтары әлжуаздау шығар. Екінші жағынан, қазір жастар бірден жоғары оқу орнына тапсырып, оқығылары келеді және бізде халық саны да аз. Тағы бір айта кетерлігі, кадет корпусы жоғары әскери оқу орны емес, тек колледждің статусында ғана, –дейді ол.
Осы кадет корпусын Орта Азияда құрылған кәсіпқой сержанттарды даярлайтын жалғыз оқу орны деп айтатындығын жоғарыда атап өткен едік. Ресейдің өзінде мұндай оқу орны енді ғана ашылыпты. Олардағы кадет корпусы біздің жас ұландар оқитын мектептің деңгейінде, үміткерлерді 5-6 сыныптан қабылдап, 11-ші сыныпқа дейін ғана оқытады. Ал, бізде балалар он бірінші сыныпты бітіріп келеді де, екі жылдай оқиды, содан кейін келісім-шартпен он жылға дейін сержанттық қызмет атқаруға әскери бөлімдерге жіберіледі. Он жылдан кейін өз еріктері бойынша жалғастыруға болады, мемлекеттік қызметке ауысса да ешқандай шек қойылмайды.
Бала кезімнен әскери қызметке қызығып өскен мен «қыз балалардың кадеттер қатарына қалай қосылуына болады?» деп сұрағанымда, оларды кәсіпқой сержанттар қатарына алуға тыйым салынғанын, медицина, кадр, бухгалтер, яғни, ісқағазбен айналысатын қызметтерге ғана келісім-шартпен қабылдайтынын естідім.
–Кадеттер екі жылдың ішінде толық білімді алып шығады. Сабақ оқуға талап қоямыз. Бұлар кәсіпқой сержанттар болғандықтан, әскери бөлімдерге офицерлердің көмекшілері болып барады. Сондықтан, олар танкіден бастап, басқа да ұрыс машиналарын жүргізуді, жөндеуді үйренеді. Осының барлығын жақсы меңгеріп шығуларына атсалысамыз, – дейді 3-ші сыныпты сержант Азамат Жақыпов.
Қолдарына дипломдарын алғаннан кейін кадеттер Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне қызмет етуге жіберіледі. Сержанттардың басқа жаққа кетіп, қиналмаулары үшін туған өңіріне баруына көңіл бөлінеді. Кадет корпусын бітірген соң, әр кадетке сауықтыруға арналған материалдық көмек беріледі. Барған әскери бөлімдерінен де көтерме ақы алады. Әскери бөлімдер тұрғын үймен қамтамасыз етеді немесе жалдайтын үйінің қаржысын төлейді. Үйленген болса, отбасына байланысты кісі басына Щучинск қаласында 20 мыңнан, Астана қаласына барса 46 мың теңге, Алматыда 56 мың теңгеден үй жалдауға төлеп тұрады.
Әскери білім ордасында болашақ кадеттерді 26 офицер, 20-ға жуық нұсқаушы сержанттар оқытуда. Нұсқаушы лауазымдары 2015 жылдан бастап ашылып, кадет корпусын бітіріп шыққан, Қарулы Күштердің әскери бөлімдерінде қызмет атқарып, шыңдалып келген сержанттар тағайындалады.
Практикалық сабақтар Щучинск қаласынан елу шақырымдай аралықта орналасқан «Амандық» оқыту орталығында оқытылады. Атыс жаттығулары, жаяу ұрыс машинасын жүргізу, әскери топографияны меңгерту, тактикалық дайындық және радиациялық-химиялық, биологиялық қарудан қорғану, инженерлік сабақтардың барлығы осында өтеді. Оқу орны сержанттарының көбі спорттық жарыстарда үздіктер қатарында көрініп жүр. Қарулы Күштер бойынша Қазақстанда екінші орындарды иеленіп келген сержанттар көп. Кадеттер арасында нұсқаушы Уәлихан Жүсіпов және психолог Алина
Саутиева тәрізді спорт шеберлері бар. Кадет корпусына дивизион бойынша жаңа үлгідегі әскери техникалар алыпты. Мұнда артиллерия факультеті енді ашылып жатыр екен, сол себепті, артиллеристерді дайындайтын алыс қашықтықта ататын қарулар жаңадан алынған.

Ырысалды Шамшиева.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар