Алғашқы кезеңнің орынды істері

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда Қоғамдық кеңестің 2018 жылғы жұмыс жоспары, 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының бірінші кезеңінің орындалу барысы, облыстық жергілікті полиция қызметіндегі жемқорлықпен күрес жұмыстары жайындағы мәселелер талқыланды.

Партия филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Серік Аяғановтың төрағалығымен өткен жиында 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламаның алғашқы кезеңінің орындалу барысы жайында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов жан-жақты баяндап берді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдын ала дайындалған жоспарға сай жүргізіліп, түрлі салалық басқармалармен іскерлік байланыста мақсатты шаруалар атқарылған. Мемлекеттік қызметшілер арасында «Адал жол» акциясы тұрақты жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен меморандум жасалып, жұртшылық арасында жемқорлыққа қарсы заңнамаларды түсіндіру шаралары ұйымдастырылып отырылады. Партияның «Жас Отан» қанатымен бірлесіп студент жастар арасында «Таза сессия» акциясы жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер арасындағы жемқорлықтың алдын алуда қызмет түрлерін электрондық нұсқаға көшірудің маңызы зор. Қоғамдық кеңес осы орайда, электрондық қызмет аясын кеңейтуге әрдайым жеткілікті көңіл бөледі. Мәселен, биыл жыл басынан бері барлығы 3 миллион 473 мың қызмет көрсетілсе, олардың 2,7 миллионы электрондық нұсқада көрсетілген. Электрондық қызмет көрсету көлемі жыл санап қарқынды өсіп келеді. Қоғамдық кеңес соңғы үш жылға жуық уақыт ішінде 60 мәжіліс өткізіп, онда 377 ұсыныс түріндегі шешімдер қабылдаса, солардың 297-сі нақты іс жүзіне асырылған.
Бұдан кейін «Нұр Отан» партиясы Атбасар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Мұқанов, Зеренді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Таласбаева және Бұланды аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Мәулиев өз өңірлеріндегі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелеп берді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Серік Баймұқанов есеп берді. Жергілікті полиция қызметі өз жеке құрамындағы жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу бағытында айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Заңдарды түсіндіру, насихат түріндегі шаралардан бөлек жыл басынан бері 300-ге жуық рейдтер өткізіліпті. Апта сайын командирлер жиыны өтіп, онда жемқорлыққа қатысты заң бұзушылықтар жөніндегі жұмысқа жете назар аударылу тапсырылады. Жол ережелерін бұзуға қатысты іс-шараларды бақылау және жүргізу электрондық нұсқаға көшірілуде. Бұл өз кезегінде жемқорлық құқық бұзушылыққа жол бермеуге игі ықпалын тигізеді. Жергілікті полиция қызметі басшысының айтуынша, жыл басынан бері парақорлыққа байланысты бір оқиға тіркелген екен. Өткен жылы осы кезеңде мұндай үш оқиға тіркелгендігі бұл саладағы құқық бұзушылық деңгейінің біршама төмендегенін көрсетсе керек.
Мәжілісте күн тәртібіне шығарылып, талқыланған барлық мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар