Мемлекеттік қызмет түрлері халыққа қолжетімді

Ел тәуелсіздігін алғалы жиырма алты жылдың жүзі болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған стратегиялық бағдарламалары мен жыл сайынғы Жолдауларында атап көрсетілген міндеттердің дер кезінде жүзеге асырылуының нәтижесінде еліміз жаңғырудың екі кезеңін басынан өткеріп, елу дамыған елдің қатарына қосылды. Қазір мемлекетіміздің үшінші жаңғыруы бағытында бірқатар міндеттер іске асырылып жатыр.

Дамыған отыз елдің қатарына қосылу мақсатында жаппай әлеуметтік салаларды цифрландыру, электронды нұсқаға көшіру секілді жұмыстар қолға алынуда. Осы міндеттердің тиісті дәрежеде іске асып жатқандығын халыққа қызмет көрсету орталықтарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен көруге болады. Қазір баланың туу туралы куәлігінен бастап, автокөліктерді тіркеу секілді операциялар дерлік осында орындалады. Тіпті, жүргізуші куәліктері де осы жерден алынады.
Осыдан 4-5 жыл бұрын ХҚКО-ға барғанда, ұзын-сонар кезекте тұрып, бір анықтама алуға кем деген 1-2 сағат уақытымыз кететін. Бүгінде оның қай бөлімшесіне бара қалсаң, кезек тез жылжиды. Адамдар қарасы көп болғанымен, операциялар бұрынғыдай ұзақ емес, тез орындалады.
Облыс орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығына күн сайын 3 мыңнан астам адам түрлі қызмет түрін алуға жүгінеді екен. Солардың бір бөлігі үйінен шықпай-ақ, қажетті анықтамасын электронды нұсқамен алып жатыр. Бірақ, әлі күнге дейін орталыққа келіп қызмет алушылар қатары қалың. Алайда, азаматтарды электронды кезекпен қабылдайтын қызметкерлер бұл кезектің созылуына жол бермейді. Тез арада келушілердің өтінішін қабылдап, шаруасын бітіріп беру керек. Қазіргі таңда халықтың мұнда ағылатын да жөні бар. Себебі, биылдың өзінде олардың бұрынғы қызметтеріне тағы жиырмадан астам жаңа қызмет түрі қосылыпты. Олардың біразы ауыл шаруашылығы саласына қатысты болса, қалған бірнеше түрі әлеуметтік қызметтер.
Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалы – Ақмола облысының «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінде 23 бөлімше жұмыс істейді. Жыл басында мұнда мемлекеттік қызметтің 723 түрі көрсетіліп, оның 550-ге жуығы мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылған болатын.
Көкшетау қалалық №2 халыққа қызмет көрсету орталығы бөлімшесі басшысының орынбасары Бахтияр Мусиннің мәлімдеуінше:
–Халықтың қазір бізге көптеп келуінің себебі, қызмет түрлері көбейді. Осы күндері негізінен ауыл шаруашылығы техникаларын, мал басы мен түрлі қондырғыларды сатып алуға бөлінетін субсидияларға қатысты мемлекеттік қызмет түрлері ұсынылып жатыр. Бұл қызметтер бұрын-соңды болмаған еді. Одан бөлек баланың дүниеге келуіне байланысты әлеуметтік төлемдер де қазір осында ресімделеді. Жалпылай алғанда, қазір шамамен 750-дей мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, оның 620-дан астамы мемлекеттік корпорация арқылы жасалады. Бұрынғыдай тұрғындар түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, жүйкелерін жұқартпайды. Әрі жемқорлыққа да жол берілмейді. Тіпті, бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, қажетті құжаттарды қалаған жерде алуға жағдай жасалып отыр.
Қолдағы бар мәлімет бойынша, бүгінде 450 қызметті тұрғындар үйлерінде отырып-ақ электронды түрде ала алады. Ол үшін сіздің төлқұжатыңызға электронды қолтаңба енгізіліп, содан кейін арнайы құрылғы қажет болады. Тіпті, болмағанда мамандар электронды қолтаңбаны арнайы тасымалдағышқа салып береді. Алайда, осы бір ыңғайлы және оңай қызметті пайдаланатындар қатары өте аз екен. Мамандардың сөзіне қарағанда, электронды қызметтің белсенді қолданушылары бүгінде көзі ашық, көкірегі ояу жастар қауымы ғана екен. Ал, жасы үлкендер орталықтағы өз-өзіне қызмет көрсету бұрышындағы компьютерді де дұрыс пайдалана алмайды. Қарапайым мекен-жай анықтамасын алуға да орталық қызметкерлеріне жүгінеді.
–Электронды үкімет порталын қолдануды үйрету үшін көптеген мекемелерде азаматтарды оқытамыз. Биылдың өзінде ғана біздің бөлімше 20 шақты сондай оқыту курсын ұйымдастырды. Осында келетін адамдарға да оқытып, үйретуге тырысамыз. Көкшетаудағы осы №2 бөлімшенің өзіне күніне 800-дей адам келіп, түрлі қызмет түрлеріне жүгінеді. Солардың 200-дейі электронды үкімет порталынан қызмет алу үшін арнайы осында келеді. Ал, негізінде осы қызметтерді үйде отырып та алуға болады. Интернетің болса, қазіргі таңда тіпті коммуналдық төлемдерді, банктік қарыздарды да үйде отырып атқара беруге болады, – дейді Бахтияр Мусин.
Ағымдағы жылдың он айында ХҚКО қызметшілері 1 360 683 қызмет көрсеткен, олардың 65 пайызы электрондық түрде жүзеге асырылған. Өткен жылдың салыс-
тырмалы кезеңімен салыстырған бұл көрсеткіш 1,4 есеге көбейіпті. Облыстың барлық бөлімшелерінде «Connection point» өз-өзіне қызмет көрсететін секторлары ұйымдастырылып, оларда бүгінгі күні 64 орын бар екен. Осындай өз-өзіне қызмет ету секторы арқылы ағымдағы жылдың тоғыз айында 400 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сондай-ақ, биыл 220 мыңнан астам адамға электронды цифрлық қолтаңба берілген, бұл көрсеткіш те өткен жылғыдан 1,3 есеге артқан.
Осыдан шамамен екі-үш жыл бұрын еліміздің қай аймағы болмасын, мүмкіндігі шектеулі адамдарға мемлекеттік қызмет түрлерін ұсыну бойынша түрлі мәселелер туындап, даулы жағдайлар жиі орын алатын. Қазір оларға да жағдай жасалған. Қажет болған жағдайда олардың тұратын жерлеріне барып та, мемлекеттік қызмет түрлері ұсынылады. Мәселен, ағымдағы жылы орталықтардың қызметшілері 2,5 мыңдай шақыртуға барып, 2,8 мыңдай мемлекеттік қызмет түрін көрсетіпті. Бұл көрсеткіш те өткен жылғыдан әлдеқайда жоғары. Сонымен бірге, орталықтарда есту және сөйлеу қабілеттері нашар адамдарға қызмет көрсетудің жаңа сервистері ашылған. Онда арнайы мониторға келіп, қызметке жүгінуші өтінішін іс-қимылдармен көрсетеді, «Сурдо-онлайн» жүйесі арқылы қызмет көрсететін кәсіби маман мемлекеттік қызметті көрсететін қызметшіге құлаққап арқылы сурдоаударманы айтады, сосын қажетті қызмет көрсетіледі.
Мобильді халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы биыл 543 шығу қызметі ұйымдастырылып, онда 36,5 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген.
–Қазіргі уақытта филиал бойынша пошта байланысы бар елді мекендерде 6 бөлімше жұмыс істейді. Ерейментау ауданының Новомарковка, Целиноград ауданының Қабанбай батыр, Приречное, Бурабай ауданының Ақылбай, Жақсы ауданының Жаңа-Қима ауылдарында және Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе кентінде пош-
та байланысының бөлімшелері бар. Оларда тұрғындарға 2915 мемлекеттік қызмет көрсетілді, – дейді ХҚКО-ның мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылау бөлімінің басшысы Әсел Сансызбаева.
Бүгінде мемлекеттік корпорация мемлекеттік қызметті оңтайландыру мен қызмет көрсетудің мерзімін қысқарту мақсатында пилоттық жобалар енгізіп жатыр. Олардың ішінде бізде жақсы іске асырылып жатқан баланың тууына байланысты оны тіркеу, бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындау, кіріс көзінен айырылуына байланысты төлемақы тағайындау, балаларды балабақшаға кезекке қою секілді композиттік мемлекеттік қызмет түрлері бар. Сонымен бірге, адамның қайтыс болуына байланысты оны тіркеу және оның артында қалған ұрпақтарына жерлеу рәсімін өткізуге төленетін бір реттік төлемақы тағайындаудың да пилоттық жобасы енгізілген.
Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап азаматтардың сотты болмағандығын растайтын апостилденген анықтаманы берудің мерзімі қазақстандықтар үшін 22 жұмыс күнінен 8 күнге дейін қысқартылды. Бұл жоба ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен бірлесіп жасалды.
Биыл «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп жаңа қызмет түрі енгізіліп отыр. Ол – дайын құжаттарды өтініш берушілердің үйлеріне жеткізіп беру. Енді қызмет алушылар дайын құжаттарды да ХҚКО-ға бармай, тапсырыс беру арқылы қажетті мекен-жайға алдыра алады. Жеткізіп беру құны мекен-жайдың орналасқан аумағына байланысты. Қала ішінде жеткізіп беру 500, ал, аудандарда 600 теңге. Тапсырыс беруші тапсырыс құнын құжатты қолына алғаннан кейін төлейді. Сондай-ақ, маусым айынан бері тұрғындарға ХҚКО-ға барып уақыт кетіріп жүрмеулері үшін, бір реттік парольді sms-хабарлама арқылы алу нәтижесінде 30 түрлі қызмет түрін алуға мүмкіндік берілді.
–Жақында әке атанған едім. Бүгін баламның туу туралы куәлігін алып кетуге келдім. Өтінішті келіншегім үйде отырып, электронды үкімет арқылы берді. Ал, баланың туғанын растайтын мәліметтерді перинатальдық орталықтың мамандары автоматты түрде жібереді екен. Міне, бүгін таңертең құжат дайын деген sms келді. Жалпы, қазір құжаттарды ресімдеу бо-
йынша уақытты үнемдеу үшін бізге барлық жағдайлар жасалған. Бұрын шет мемлекеттерге қызығатынбыз, қазір оларда бардың бәрі біртіндеп бізге келіп жатыр, – дейді жақында ұлы дүниеге келген көкшетаулық Сабыр Ахметұлы.
Халыққа қызмет көрсету орталығына келушілердің қай-қайсысы болсын, алған қызметтеріне риза. Себебі, кез келген қызмет түрі барлығына бірдей қолжетімді әрі операциялардың орындалу мерзімі де тез.

Ырысалды Шамшиева.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар