Аграрлық облыста картоп неге тапшы?..

Жаздың аптап ыстық, ал, көктемнің салқын болуы картоптың өніп-өсуіне кері әсер етіп, биыл облыста бұл өнім жылдағыдан аз болды. Соған сай, бағасы да жылдағыдан қымбатқа түсіп, халықтың қалтасына ауыр соғуда.

Үстіміздегі жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қаулысымен бір гектар картоп үшін берілетін субсидия алынып тасталды. Жыл сайын шағын шаруа қожалықтары осы субсидия арқылы картоп өсірумен айналысып келген еді. Бұл да картоптың жылдағы мөлшерінен аз болуына, бағасының көтерілуіне әсер етіп отыр. Солтүстікте ғана емес, жалпы Қазақстандағы жағдай осындай. Жаздың жаңбырлы болуына байланысты Ресейде де картоп тапшылығы байқалады. Ақмола облысының аумақтық-географиялық жағдайын есепке алсақ, негізінен Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін құрайды. Осы орайда, өңірде 2009 жылдан бері облыс пен тұрғындары серпінді өсіп келе жатқан Астана қажеттілігін отандық өндірістің негізгі азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету жұмысы жүргізілуде.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Димаш Таласбаевтың айтуынша, Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту аясында 2009-2016 жылдары 113 жоба жүзеге асырылған. Оның ішінде картоп пен көкөніс сақтайтын он қойма мен бір жылыжай салыныпты. Үстіміздегі жылы бұл бағыттағы 12 жобаның жетеуі жүзеге асырылды. Мәселен, «Қазақстанның жылыжай технологиясы» серіктестігінің жылыжай кешені ұлғайтылды. Қолданған шаралардың нәтижесінде жыл сайын өндіріс көлемі ұлғайып, ауыл шаруашылығы өнімдері астаналық рынокқа көп тасымалданатын болды. Биыл мұнда 45,5 мың тонна картоп, 17,8 мың тонна көкөніс сатылды. Астанаға делдалсыз азық-түлік тағамдарын тасымалдау үшін облыстық әкімдік «Ақмол» сауда үйі» серіктестігін құрды. Оның құрамында «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен өңірдегі ең ірі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері бар. Серіктестік Астана қаласына тауарлар тасымалдаудың логистикасын және көтерме сауда мәселесін шешеді. Жыл соңына дейін 3 дүкен, келесі жылы 10-20 дүкен ашу жоспарланған. Биылғы жылы өңірімізде картоп өндірумен айналысатын 44 серіктестік, 85 шаруа қожалығы, 7 жеке кәсіпкер 2500,3 гектар алқаптан картоп жинады. Орташа гектар берекесі 168 центнерден айналды. Облыстың тұрғындарын қоса есептегенде барлығы 280 мың тонна картоп жинап алынды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары 60,4 гектар қияр, 255,3 гектар қырыққабат, 100 гектар сәбіз, 111,6 гектар жерге қызылша өсіріп, жақсы өнім жинады.
– Биылғы жылы Астрахан ауданындағы «Шишов Е.И.» шаруа қожалығы 134 гектар, «Махамбет» шаруа қожалығы 120 гектар, Аршалы ауданындағы «Еңбек-1» серіктестігі 261 гектар, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі 100 гектар, Зеренді ауданындағы «Агротрейд Көкше» серіктестігі 150 гектар, «Агро Крестьянский двор» серіктестігі 182 гектар, Целиноград ауданындағы «Green Star» серіктестігі 106 гектар, Шортанды ауданындағы «Табиғат ТР» серіктестігі 140 гектар алқаптан картоп жинап алды. Облыстың аудандарында 50,5 мың тонна картоп сақтайтын әртүрлі 26 қойма бар. Қоймалардың көбі картоп сұрыптау қондырғыларымен жабдықталған. Жерасты картоп сақтау қоймалары жаңартуды қажет етеді. Кейбіреуіне арнайы қондырғылар қажет. Қоймалардың көбі биыл толық қуатында пайдаланылмады,–дейді басқарма басшысының орынбасары. Үстіміздегі жылы өзен-көл маңындағы суармалы картоп алқаптарының әр гектарынан 229-296 центнер аралығында өнім алынған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 64 центнерге кем. Мәселен, Астрахан ауданындағы «Шишов Е.И.» шаруа қожалығы 134 гектар алқаптан 3880 тонна картоп, 6 гектардан 110 тонна қырыққабат, 40 тонна сәбіз, 101 тонна қызылша жинап алды. Әр гектардан 296 центнер картоп, 55 тонна қырыққабат, 20 тонна сәбіз, 50 тонна қызылша жиналды. Өткен жылы бір гектардан 360 центнер картоп алыныпты.
– Биылғы жылдың маусым, шілде айларында күн ыстық болып, жаңбыр жаумады. Картоп ыстық немесе салқын күндері өспейді. 20-25 градус аралығында жақсы өседі. Картопты механикалық жолмен отырғыздық. Алқаптарды Есіл өзенінің суымен суарамыз. Астрахан селосының тұрғындарын жалдап, арамшөбін жұлдық. Картоп механикалық жолмен қазылып, жалдамалы еңбеккерлер жинады. Қоймаға 600 тонна тұқым салдық. Картоптың бір келісін 80 теңгеден Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облыстың аудандарынан келгендерге, жергілікті мектептер мен бала бақшаларға сатып жатырмыз. Қазір қоймада 800 тонна картоп қалды,–дейді шаруа қожалығының бригадирі Владимир Галуза. Сондай-ақ, Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» серіктестігі 100 гектар алқаптан 2226 тонна картоп, 10 гектар жерден 287646 тонна көкөніс жинап алды. Гектар берекесі 229 центнерден айналды.
– Картоп пен көкөніс алқаптары өзен суымен суарылады. Картопты германиялық үш «Грим» комбайнымен жинадық. Картоп сақтайтын 3 мың тонналық қоймамыз бар. Сегіз мектепке картопты тегін босаттық. Қазір картоптың бір келісін 90 теңгеден сатып жатырмыз,– дейді серіктестіктің директоры Қуантай Сұлтанов. Қазір облыс орталығындағы орталық базарда бір келі картоп 150 теңгеден, «Көкше Қамқор» коммуналдық павильонында 130 теңгеден, көшеде 100 теңгеден сатылуда. Сатушы Айнагүл Ырысбаеваның айтуынша, базардағы өнімдердің басым бөлігі оңтүстік өңірлерден әкелінеді.
– Өңір бойынша картоп тапшылығы сезілмей қоймады. Себебі, біздегілер картоп өсіруге құлықсыз. Сондықтан, біз оңтүстіктен әкелінген картопты сатуға мәжбүрміз. Жаз бойы жалғыз картоп қана емес, қырыққабат, сәбіз, пияз, сарымсақ, қияр мен қызанақтың, жеміс-жидектердің бағасы арзандап көрген емес. Егер картоп пен көкөніс қала дүкендеріне алыпсатарсыз жеткізілсе, баға шарықтамас еді,–дейді ол. Бұдан ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің картопқа деген сұранысты толық қанағаттандыра алмай отырғанын көруге болады. Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының қалаға көптеп қоныс аударуына байланысты азық-түлік тағамдарын тұтынушылар саны көбейіп, картопқа тиесілі жер көлемі қысқарды.Осы орайда, ауыл шаруашылығы құрылымдары картоп пен көкөніс алқаптарын кеңейтіп, қазіргі заманғы картоп сақтайтын қоймалар санын көбейткені жөн сияқты.
– Қазір қызанақтың бір келісі 450-500 теңге, қияр 450-550 теңге, қырыққабат 80-100 теңгеден сатылуда. Қарапайым отбасының кез-келгенінің қалтасы көтере бермейтін қияр мен қызанақты еңбекақы алған кезде ғана айына бірер рет аздап сатып алатын жұрттың күнделікті ас мәзірінде көкөніс мүлдем жоқ деуге болады. Жеміс-жидекті айтпағанда, базарларда сықап тұрған картоптың бағасы да аспандап кетті,–дейді қала тұрғыны Айнұр Молдахметова кейістік білдіріп. Қала тұрғындарының картоп сақтайтын жертөлесі болса жақсы. Жертөлесі жоқ көпқабатты үйлердің тұрғындары сауда орындарына тәуелді. Қыстай базар аралап, жергілікті картопты іздейді. Көкшетау қалалық әкімдігіндегі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленовтың айтуынша, қала аумағындағы 1764 гектар алқапта 23665 сая-
жай орналасқан. Жалпы қала тұрғындары 655 гектар жерден 16375 тонна картоп алған. Ал, «Агротрейд Қызылжар» мен «Вито» серіктестіктері 53 гектар алқаптан 16195 тонна картоп жинады. Гектар берекесі 250 центнерден айналды. Сондай-ақ, қала тұрғындары 201 гектар жерден 6030 тонна, ауыл шаруашылығы құрылымдары 32 гектар алқаптан 960 тонна көкөніс жинап алды. Өнім шығымдылығы 300 центнерді құрады.
– Биыл Көкшетау қаласының тұрғындары үшін ертерек қам жасалып, «Агротрейд Көкше» серіктестігінен 300 тонна картоп сатып алынды. Бұл өнім қоймада жатыр. Картоп бағасы қымбаттағанда саудаға түседі. Сондай-ақ, қырыққабат, сәбіз, қызылша, пияз сатып алу үшін келісім-шарт жасадық. Желтоқсаннан мамыр айына дейін қала тұрғындары арнайы павильондар арқылы осы көкөністермен қамтамасыз етіледі. Тұрақты қормен көп жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бұл салада тәжірибеміз бар, көкөністердің сақталуы үшін қажетті қондырғылардың барлығы сатып алынды. Арнайы жүк көлігі Көкшетау қаласына күн сайын көкөніс тасымалдаумен айналысатын болады,–дейді «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қазбек Ескендіров.

Рамазан Тілеуов.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар