Ел кооперативтің тиімділігін біле ме?!.

Ерінбеген адамға ел ішінде екі қолына ұстар бір күрек табылып-ақ тұр. Алдымен ынта болсын деңіз. Ынтаға қажыр-қайрат қосылса, тіпті тамаша. Бүгінгі таңда елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асырылуда.

Жобаның мақсаты – жұмыспен қамтылмаған адамдарды арнайы оқу курстарынан өткізіп, жеке кәсіптерін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуді көздейді. Бұл жай ойға алған ісін неден бастарын білмей, қаңтарылып отырған тұрғындар үшін өте қолайлы. Соныдан соқпақ салып, қолтықтарынан демесе, күні ертең қыр асып кетпей ме? Бір айлық оқуда бизнес әлемінің қыр-сырын түгел болмағанымен, алғашқы әліппесі дерлік бас-
тамасын бажайлап, ішкі есебіне жатқызып, қабырғасымен кеңесе келе, кеңге құлаш сермеу-
ге толайым мүмкіндік туатындай. Оқу курстарын тәмамдағандарға арнайы сертификаттар да беріледі. Кәсіпкерлік қолайын тапқанға ғана жалынан ұстатпақ. Онда да өз ісіңді сүюің керек. Сонда ғана жаңағы курстан алған біліммен бірге талпынысың табанды нәтиже береді. Өз жобаларын қорғап, тиімділігіне көз жеткізгеннен кейін қаржылай қолдау алуға мүмкіндік туады. Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бері қолға алынған жоба аясында облыс бойынша 143 адам қаржылай қолдауға ие болғанын айтатұғын болсақ, жалпы бағыттың дұрыстығына кәдімгідей көзіңіз жетер еді. Енді оқырман назарына осы «Бастау бизнес» жобасына қатысушылардың бірін мысал ретінде көрсете кетерлік. Ол Зеренді ауданына қарасты Бірлестік ауылының тұрғыны Бүркітбай Мақажанов.
Бизнес әлеміне енді ғана қадам басқан Бүркітбай сәуір айында аудан орталығына барып, бір айлық курста оқып білім алды. Малмен көзін ашқан ауыл адамына етене жақын жұмыс – мал шаруашылығы. Өзі қыр-сырын жақсы білетін саланың бір пұшпағын илемекші болып, білегін сыбанған болашақ кәсіпкер сүт бағытындағы ауыл шаруашылығы кооперативін құру жобасын қорғады. Үйдегі ойды базардағы нарық бұзып кетпесе, бастаған ісі берекелі болмақшы. Таңсық дүние емес. Содан соң бес миллион теңге көлемінде мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болды. Қазір сол қаржыға жалпы сыйымдылығы екі мың литр болатын сүт қабылдайтын бекет сатып алды. Осы арада мынадай бір ойды айта кетерлік. Негізі сүт өңдейтін кәсіпорындар үшін сүттің бір жерге әрі мол жиналғаны жақсы. Әйтпесе, таңғы сауынды бір тасып, кешкі сауынды бір тасып жүретін болса, сүт таситын көліктің жанар-жағар майы бар, басқа да шығындар бар, сүттің өзіндік құны қымбатқа түсер еді. Ал, кәсіпкер екі мың литр сүтті бекетке жинап қойса, тасуға да ыңғайлы. Екінші жағынан мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары да сүт ақысынан тәп-тәуір қаражат жинап қалады. Осылайша ауылдағы шағын қожалықтарының басын біріктірген Бүркітбай Мақажановтың шағын шаруашылығы биыл алғаш рет ауыл шаруашылығы кооперативі ретінде жұмыс істей бастады.
–Мен өзі бұл жоба жайлы алғашында атүсті естігенмін. Онда да шала-шарпы. Кейін бажайлап қарасам, мемлекеттің жанды көмегі екен. Оның үстіне қарекетсіз қарап отырған қаншама адамға жұмыс орны ашылып, тұрақты табыс көзі пайда болмақ. Содан соң білек сыбанып қатысып көрейінші деген ұйғарымға келдім. Шындығын айтқанда, бұл тақыр жерде пайда болған тосын дүние емес, бұрын да сүт жинап, оны тапсыратын шағын шаруашылық болған. Бірақ, шағынның аты шағын. Ал, енді биылдан бастап мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында ауыл шаруашылығы кооперативі болып жұмыс істеп жатырмыз. Ақыл таразысына салып бағамдасақ, жобаның тиімді тұстары мол,–дейді кәсіпкер Бүркітбай Мақажанов.
Оның соныға соқпақ салған ісін ауылдастары да қолдап отыр. Өйткені, өз өнімдері де кідіріссіз өтеді ғой. Кісінің күні кісімен дегендей, бір-біріне елбесіп-селбесіп, тіршіліктің тайқазанын бұрқ-сарқ қайнатса, қаржы тауып қоңданған ауылдың да ажары кіріп қалар еді. Мәселен, осы ауылдың тұрғыны Асылбек Мейрамов та жоба бойынша біліктілігін көтеріп білім алып, мал шаруашылығын дамытуға арналған жобаны қорғап шықты. Соңында 4,5 миллион теңге несие рәсімдеп, қолына тиген қаражатқа 16 бас қара мал сатып алды. Малсақ жанның ендігі жоспары мал өсіру. Оның етін, сүтін пайдаға жарату. Сүт демекші, Бүркітбай Мақажановтың сүт қабылдайтын бекеті жұмыс істеп тұрса, менің сүтімді сатып алшы деп ешкімнің алдында бас имесі анық.
–Біз тәрізді ел ішінде жүрген адамға төрт түліктің тосындығы жоқ қой. Бірақ, қолыңда қаражат болмаған соң өрісің оңайлықпен кеңи қоя ма? Мемлекеттің осы бағдарламасы өте тиімді екен. Әрине, істі бастар алдында оңымыз бен солымызды бажайлап қарап, шығар шығын мен кірер кірісті таразы басына тарттық. Шүкір, береке оралатын сыңайлы,–дейді ауыл тұрғыны Асылбек Мейрамов.
Жоба қолға алынғалы аудан бойынша 131 адам арнайы курста оқып, білім алған. Оның 23-і ауыл шаруашылығын қолдау қорынан, ал, жетеуі «Зеренді Инвест» серіктестігі арқылы қаржылай қолдауға ие болыпты. Облыстық кәсіпкерлер палатасы Зеренді аудандық филиалының директоры Ержан Мәлғаждаровтың айтуына қарағанда, аталмыш жобаға деген қызығушылық күрт көбейіп келеді. Несие алып, табыстың дәмін татқандар жеке кәсіптерін одан әрі кеңейтпек.
Бір айта кетерлігі, осы жоба бойынша ауыл тұрғындарын отыз күн ішінде «Кәсіпкерлік негіздері» бағытында оқытады екен. Қатысушылар өз алдарына жеке бизнес жоспарларын жасап, өздері қалаған кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, қателескенге кешірімі аз бизнес саласының талаптарын үйреніп шығады. Одан соң тағы бір маңызды шаруа – бизнес жоспарын қорғау. Бұл жерде де арнайы сарапшылар жоспардың кем-кетігін жөндеп, олқы тұсына ақыл қосып, содан кейін барып қаржылай көмек көрсетіледі.
Әзірге бұл жоба Зеренді, Атбасар, Ерейментау, Бұланды және Шортанды аудандарында пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылып жатыр. Жаңа жобаның нәтижесі де көңіл тоғайтарлық. Нәтижелі істің өрістеуі де керек қой. Келер жылдан бастап облыстың барлық аудандарында осы жоба қолға алынбақ. Биылдың өзінде 900-ден астам адамды оқыту жоспарланып отыр. Алғашқы 608 адам арнайы сертификаттарға ие болған. Қысқа қайырып айтқанда, «Бастау бизнес» жобасы ел ішінің берекесін келтіретін жоба десек, жарасымды болмақ.

Байқал Байәділов.

Зеренді ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар