Биіктен самғап қыран бүркіт…

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне және атақты бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске түсіруге арналған құсбегілердің «Қансонар» халықаралық турнирінің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйледі.

– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығы және облыстық әкімдік қолдап, көрікті Бурабай етегіндегі Текекөл маңында өткізіліп жатқан шараға Қытай, Ресей, Мажарстан, Монғолия мен Қазақстан Республикасының екі қаласы мен он өңірінен алпыс екі бүркітші қатысып отыр. Көкшетау жерінде бастау алған бұл турнир он екі жылдан бері біздің өңірде дәстүрлі түрде өткізіліп, бүгінгі таңда бұл шара халықаралық деңгейге көтерілді. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясындағы шара аталмыш құжатта белгіленген міндеттер мен бағыттарға сәйкес келеді. Облыс әкімі мен барлық ақмолалықтардың атынан шараға қатысушыларға сәттілік тілеймін,–деді аймақ басшысының орынбасары. Салтанатта Монғолияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Лувсан Баттулга сөз сөйлеп, алдағы уақытта бұл халықаралық шараның географиясы кеңейетінін, Қазақстан мен Монғолия қарым-қатынасының тарихы тереңде жатқанын, бүркітшілікпен монғолдардың айналысатынын айтып өтті. Сондай-ақ, Түркі халықтарының дәстүрлі спорт түрлері халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Ерден Оспанов өз сөзінде жарыстың басты мақсаты бүркітшілік дәстүрді келешек ұрпаққа жеткізу екенін, осы бір ақсүйек өнердің алдымен қазақ елінде пайда болғанын бүкіл әлем мойындағанын жеткізді. Сондай-ақ, жүлделі орынға «Нива» автокөлігін қойған Ақмола облысының әкімдігіне, сыйлық қорына екі миллион теңге қаржы бөлген Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына алғысын білдірді.
– Мәсіп Батырханұлы бүркітшілікпен айналысып, отызыншы жылдардағы аштықта ауылдастарын аман алып қалған. Ел басына күн туған сонау 1941 жылы ұлы Бүркітбайды соғысқа аттандырып салып, өзінің аңшылық кәсібін жалғастырған. Аң терісін мемлекетке өткізіп, одан түскен қаражатқа оқ-дәрі сатып алып, майданға жөнелткен. Атам сол кезде КСРО-дағы аңшылар одағының мүшесі болды. Ұлы Бүркітбай жеңіспен елге оралды. Мәсіп Батырханұлының еңбегі еленіп, Сталин медалімен наградталды,–деді облыстық туризм басқармасының басшысы, облыстағы бүркітші қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов. Бұдан кейін шараға қатысушылар Мәсіп Батырханұлына арналған музейді көріп танысты. Біз Монғолиядағы Баян-Өлгейдің Алтай тауы етегінен келген бүркітші Ардақ Құмарханұлын әңгімеге тарттық.
– Монғолияда үш жүздей бүркітші бар. Марқұм әкем атақты бүркітші болып, өз кәсібін өзгелерге көп үйретті. Атамұраны одан әрі жалғастырып, аңға шығып, бүркітшілер сайысына жиі қатысамыз. Палуан мен жүйрік баптаған тәрізді бүркіт те көп күтімді қажет етеді. Оны аңға баптап саламыз. Жемін аз беріп, үйретеміз. Семіз немесе арық бүркіт аңға түспейді. Бүркіт қой мен аңның етімен қоректенеді. Құсты 3-4 жылдан кейін босатып қоя береміз. Кейін ол ұяда жұмыртқа басып, балапан шығарады. Осы балапандарды күтімге аламыз,–дейді ол. Көрікті Бурабай жерінде өтіп жатқан дүбірлі дода – бүркітшілердің жарысына Тәттімбет Кәпұлы Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Көкөзек ауылынан келіпті.
Турнир үш іріктеу кезеңі бойынша өтті. Мұнда бүркітшілер мен құстардың сыртқы пішіні, бүркіттің еркін ұшуы, аң аулауы бағаланды. Ең мықты бүркітті таңдап алуға мүмкіндік беретін жарыстың барлық кезеңі қиынға соққанын атап өткен жөн. Көрермендер қолға шақыру, еркін ұшыру және шырға салу тәрізді құсбегілер арасындағы жарыста бүркіттердің биікке самғауын, аңның үстіне дәл түсуін, олжасын иесіне қайтарып беруін тамашалады. Әсіресе, құсбегілердің қаршығамен және ителгімен аң аулауы әдемі-ақ. Қатысушылар өз құстарының шеберлігін көрсете білді. Қаршыға мен ителгілер өз олжасын аспанда қас-қағым сәтте қағып, көрермендерді тәнті етті. Жарыс нәтижесінде Ақмола облыстық ұлттық спорт түрлері жөніндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қанат Шүленбаев бас жүлде – «Нива» автокөлігін жеңіп алды. Екінші орыннан атыраулық Арман Қошқаров көрінсе, үшінші орынды астаналық Күнтуған Серікбек пен ақмолалық Тастанбек Бергенбай өзара бөлісті.

Рамазан Тілеуов.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар