Ұлт саулығы – басты байлығымыз

Әрбір адам өз денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауы керек. Медициналық көмек пен емдеуге ғана негізделген, әбден қалыптасып кеткен әдет-ғұрыптан арылуымыз қажет. Әр адам өз денсаулығын қоғамның, еліміздің байлығы деп түсінгені жөн.

Қазіргі таңда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулез ауруына байланысты эпидемиологиялық жағдайды қарастыра отырып, осы жұқпаның деңгейін 100 мың адамға шаққандағы жаңа тіркелген аурушаңдық көрсеткіштерімен емес, осыншама адамның арасында оның таралуымен бағалау керек деген шешім қабылдады. Демек, жыл бойы тіркелген алғашқы рет ауырған аурулар санына қайталанып ауырған адамдар саны 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіш 50,0-ден аспауы керек. Ал, біздің өңірде үстіміздегі 10 айдың ішінде осы жұқпаның таралу көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 80,7 пайызды құрап отыр. Қалай дегенмен, ол өткен жылға қарағанда 7,7 пайызға төмендеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағдарламасы бойынша 100 мың адамға шаққанда 2020 жылы аурушаңдық, ал, 2025 жылы аурудың таралу көрсеткішері 50 пайыздан аспау мақсаты қойылып отыр. Осы жұқпадан өлім көрсеткіші болмауы керек, себебі, туберкулезден адамды емдеп, айығып шығуға толық мүмкіндік бар.
Қазіргі заманда еліміздің қай өңірінде болмасын, туберкулезді уақытында диагностикалауға, толығынан емдеуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге барлық жағдай жасалған. Басты мәселенің бірі дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету болса, айта кетерлік жай, әрбір жаңа тіркелген науқас туралы мәлімет жедел түрде Ұлттық тіркеуге алынады да емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысы күнделікті бақылауда болады. Үстіміздегі жылы туберкулезбен ауырған 600 науқас айығып шықса, өте ауыр халде облыстық тубдиспансерге түскен 90 адамды дәрігерлер ажалдан алып қалды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезбен өмірінде алғаш рет ауырған, ауру таяқшасын бөлмейтін науқастардың 50 пайызын амбулаториялық жағдайда емдеуді талап етуде. Осы орайда, облысымыз бойынша 106 науқас немесе қойылған талаптарға сай 42,7 пайыз емделуші амбулаториялық жағдайда ем алуда, себебі, оларға стационарлық жағдайда емделу қажет емес.
Сырқаттан айығып шығу үшін бас-
ты көрсеткіштің бірі – ем алу тәртібін сақтау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы уақытылы «ем қабылдамайтындар 5 пайыздан аспау керек» – деген мақсат қойса біздің науқастардың ішінде тәртіп бұзушылар бар-жоғы 0,8 пайызды құрайды. Айығып шыққандардың арасында қайталап ауырғандар саны жыл сайын азаюда, өткен жылы ол 199 адам, үстіміздегі жылдың 10 айында 172 адамды құрады. Негізгі көрсеткіштердің бірі, көп дәріге төзімді науқастардың емделудегі оң нәтижесі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қойған талап «осы көрсеткіш 75 пайыздан төмен болмауы, республикамыз бойынша осы көрсеткіш 77,7 пайыз болса, өңірміздің дәрігерлерімен науқастардың қол жеткен көрсеткіші 85,7 пайызды құрайды. Негізінде туберкулезді уақытында диагностикалау үшін осы кезде үш тәсіл қолданылады – флюорография, микроскопия, аллергиялық манту сынамасы.
Микроскопия тәсілімен туберкулез таяқшаларын табу көрсеткіші облыс бо-
йынша 5,8 пайыз, республикалық көрсеткіш 4,8, флюорографиялық тәсілмен тексерістен өткен әр 1000 адам ішінен 1,9 пайызының ауруға шалдыққаны белгілі болса, республика бойынша бұл көрсеткіш 1 пайызды құрайды, демек еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш. Осы көрсеткіштердің де біздің өңірімізде туберкулез ауруы көп таралды деген тұжырымға себеп болуы мүмкін. Бірақ, бұл медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасының бағасы деген дұрыс болар еді. Жасалған іс-шаралар, қол жеткен жетістіктер аз емес, дегенмен де Жақсы, Астрахан, Жарқайың, Есіл, Еңбекшілдер аудандарында және Көкшетау қаласында аурушаңдық көрсеткіштері биік деңгейде болып тұр.
Жағдайдың негізгі себептеріне келсек, науқастардың 40 пайызы медициналық көмекке өте кеш жүгінген, сонымен қатар, айналасындағы халыққа эпидемиологиялық қауіп төндірген. Елбасы Н.Назарбаев халыққа медициналық көмекті дамытудағы мақсаттарға тоқтала отыра, әр азаматтың өз денсаулығы үшін жауапты екеніне ой салған еді, соны ұмытпаған абзал. Күнделікті жағдайды сараптай отырғанда көңіл толмайтын, түрткі болатын және қоғам үшін қауіпті жағдайлар – ауырған науқастардың 68 пайызы жұмыссыздар, 45-і ішімдікке әуес, 13 пайызының қосалқы аурулары барлар, 57 пайызында туберкулезбен ауырғандармен тығыз қарым-қатынаста болып уақытында медициналық тексерістен өтпегендер. Осыған байланысты, басты мәселелердің бірі тұрғындарды жаппай есепке алу, олардың өз ынтасымен емханаға бекітілуі медициналық мекемелердің жоспарлы, жүйелі түрде тексерістен өткізуіне мүмкіндік берер еді. Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жергілікті билік органдары туберкулезбен ауырғандарға уақытылы әлеуметтік көмек көрсетуді бақылауды қамтамасыз етуді, аурудан емделіп шыққасын оларды жұмысқа орналастыруды, тұрғын үй, құжаттандыру мәселелерін қарастыруы қажет. Ошақтағы балаларды сауықтыру орындарына уақытында жіберуді білім беру орындары, ата-аналармен бірлесе отырып, қамтамасыз етулері керек. Осы орайда, Есіл, Атбасар, Целиноград аудандарында аурудың алдын алу шаралары жүйелі ұйымдастырылатындығын баса айтқым келеді. Облыстық туберкулезге қарсы диспансер дәрігерлері Ұлттық ғылыми орталықпен бірлесе отырып соңғы үш жылда туберкулез ауруын анықтау, емдеу тәсілдеріне емхана мен ауруханалардың 450 маманын оқытып шығарды, осы жылы 75 дәрігер дайындалды. Тұрғындарға көрсетіліп жатқан туберкулезге қарсы ем сапасын тексеріп, оған баға беру мақсатында елді мекендерге, аудандарға іссапарға шығып жұмыс жүргізіп, 8 ауданның әкімдіктері жанындағы үйлестіру кеңестерінде туберкулез ауруына байланысты мәселелерді қарап, шешімдер қабылдады. Туберкулезді диагностикалауды жетілдіру, көп дәріге төзімді ауруларды емдеудің, дәрілерді пайдаланудың жаңа тәсілдерін жаhандық қор арқылы іске асыру мақсатында, ҚР Үкіметімен келісім-шарт аясында Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарында жаңа жобалар іске асырылуда.
Жаhандық қор арқылы облысымыздың Атбасар, Ерейментау, Жарқайың, Целиноград аудандары мен Степногорск, Көкшетау қалалары және облыстық диспансерге туберкулезді тез арада анықтап диагностикаға мүмкіншілік беретін зертханалық қондырғылар берілді. Жағдайы нашар 30- дан аса науқас әлеуметтік қолдау ретінде ай сайын ақшалай көмек алады, Көкшетау қаласындағы амбулаториялық ем алып жүрген науқастарға қызмет көрсету үшін Қор арқылы жеңіл автокөлік бөлінді. Туберкулезбен ауырғандарға аудандар әкімдіктерінің шешімімен жыл сайын әлеуметтік көмек есебінде 30-35 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді, бірақ, бұл өте аз, сол себептен мемлекеттік әлеуметтік тапсырма ретінде қаржы бөліп қоғамдық қорлар арқылы көмек көрсетуге болар еді. Туберкулезге қарсы іс-шараларды екпіндету мақсатында екі қоғамдық қор «Игілік» және «Луч Надежды» белсенді қызмет атқаруда.
Туберкулез ауруы бүгінгі таңда еліміздің әлеуметтік және экономикалық жағдайын сипаттайтын негізгі көрсеткіштердің, Ұлт қауіпсіздігін қамтамасыз етер компоненттерінің бірі, сондықтан, әр азаматтың ел болашағына, қосқан үлесінің бірі – осы халық денсаулығы жолындағы жауапкершілігі.

Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар