Сиыр бақсаң, симменталь бақ, сүті бұлақ

Желтоқсанның етек-жеңіңді кеулеп, тұла бойыңды мұздататын өткір суық желі мен бет шымшитын шыңылтыр аязы «Хамзе» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасының буы бұрқыраған мал қорасының табалдырығын аттаған сәтте сыпырылып сыртта қалған. Іште тамыздың тамылжыған күніндей майтоңғысыз жып-жылы екен. Симменталь тұқымдас жардай сиырлар алаңсыз оттап тұр. Зеңгі бабаның көп жұрттың көзіне түспеген тұқымы айрықша ірі, қоңды, шоқтығы биік, қабырғасы бітеу мал екен.
Мал қораның іші тап-таза, көлденең жатқан бір бұрау жоқ. Алдымен көзіміз оттыққа түскен. Өзгеше оттық екен. Біз көргенде сырғауылдан, әйтпесе сәбидің білегіндей темір тұрбалардан жасалушы еді. Әлгі оттықтардың алқымы малдың алдынан қалған қырқындыға толып тұратын. Ал, бұл жердегісі біз көрмеген өзгеше оттық. Тіпті, мал алдына салынған байытылған құрама жемді көмкерген де ештеңе жоқ, тек түбіне керамикалық тақташалар төселіпті. Мамандардың айтуына қарағанда, шіріген қырқынды шөп мал ағзасына зиян. Ал, құрама жемнен бір уыс та қалмайды. Атам қазақта «тілмен жалағандай» дейтұғын тазалықты аңғартатын сөз тіркесі болушы еді, осы жерге қолдансақ айна-қатесіз дәл келетін тәрізді.
Әлденеше жыл егін егумен айналысқан ағайынды Сағидолла, Қабиболла, Қайырбай, Ержан Биекеновтер әр жыл сайын он мың гектарға жуық алқапқа дәнді дақылдар сіңіретін. Күш қаптал жетіп, мүмкіндік он мың гектарды орап алғанымен, Ерейменнің етегі талапты ерге де сараңдау. Егін шыққан жылдың өзінде гектарына 7-8 центнерден айналуы мүмкін. Әйтпесе, әр жыл сайын гектар айналымы небары 2,5-3 центнерден аспайды. Биыл қара қарғаның миы қайнайтын жаздың ыстығында тура жетпіс күн бойы зеңгір көктен нәр тамбаған. Шөліркеген даланың шөлі қанбаған соң өнім туралы не айтарсыз. Бірақ, соның өзінде де шаруа қожалығы азын-аулақ өнімінен пай иелеріне тиісінше астығын, шөбін, сабанын беріп тұрады екен.
– Ел өзіміздікі болған соң шығымы мол, топырағы құнарлы, жайлы жер іздеп жылыстап кете алмайсың,–дейді шаруа қожалығының басшысы Ержан Биекенов,–алдағы уақытта суармалы егістік мәселесін шешкіміз келеді. Сонда ғана бұл жерден тәуір өнім алуға болады. Әйтпесе еңбегің – еш, тұзың – сор.
Шаруа қожалығының басшысының айтуына қарағанда, көктен иіп, жерден беретін жомарт жыл төрт-бес жылда бір-ақ рет қайталанады екен. Оған шейін тұқымы, жанар-жағар майы, механизатордың еңбекақысы, тыңайтқышы деген тәрізді толып жатқан шығындардың өзін әупірімдеп әзер жабады. Соның өзінде де таудан, тастан беті қайтпаған талапты жандар жер емшегін ембек болып талаптанып тырбануда. Жалғыз өздерінің игіліктері үшін емес, жалпақ жұрттың жайы үшін. Әуел баста әрқайсысы жеке-жеке кәсіп қылса, кейін берекенің бірлікте екендігін санамен салмақтаған ағайынды жігіттер үш шаруа қожалығы мен бір жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің күш-қуатын бір жерге шоғырландырып, тауарлы сүт фермасын құруды қолға алған. Бұл ойдың өзі Ержан Германияға зәуі бір себеппен барған кезінде туындаған көрінеді. Әр ісіне мұқият неміс ағайындардың мал фермасындағы істің жайын көрген Ержан таң-тамаша қалса керек. Малдан жоғары өнім алып отырған немістің қолынан келген іс қазақтың қолынан неге келмесін? Оның үстіне төрт түлік малды өсіру ұлтымыздың әлмисақтан келе жатқан еншілі шаруасы. Бірақ, бұрынғы қалыппен, ескі сүрлеумен жүре беру ендігі арада ұтымсыз екен. Ұтымдысы – бұл салада да жаңару, жаңғырту қажет. Көш басын алға түзеп, әлденеше қырдан асып үлгерген неміс малшыларының соныға салған соқпағына түсіп, алға ұмтылу түптеп келгенде мал өнімін молайтуға кең жол ашпақ.
«Хамзе» шаруа қожалығының тауарлы сүт фермасын құру жөніндегі инвестициялық жобасы 400 басқа шақталып есептелген. Әрине, мал баққан соң мал азығы маңызды. Онда да бұрынғыдай оттықты шөп пен сабанға толтыру маңызды мәселені біржола шеше алмайды. Сиырдың сүті тілінде екендігін бұлар да жақсы біледі. Сондықтан, мал азығын өңдейтін, тәулігіне бес мың тонна өнім дайындауға қуаты қаптал жететін шағын мал азығы зауытын салып алды. Жалпы осы жобаның құны 300 миллион теңге болатын болса, оның 275 миллион теңгесі «Ерейментау агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің несие серіктестігі арқылы бөлініп отыр. Ал, 25 миллион теңгесі шаруашылықтың өз қаржысы. Сол өз қаржысына қаңырап қалған ғимаратты қайтадан жабдықтаған. Құрқылтайдың ұясындай жұтындырып мал қорасына айналдырған. «Елочка» деп аталатын сауын аппаратын орнатқан. Германиядан симменталь
тұқымды 129 бас сиыр әкелген. Күні бүгінге дейін оның 120-сы
бұзаулапты. Бұзаулардың әрқайсысына ат қойылып, нөмірленген. Тәуліктік салмақ қосуы, өсіп-жетілуі мұқият қадағаланады. Әрқайсысына төрт-бес төлден сиятын жеке орындар дайындалған. Жаңа туған бұзаудың үстін кептіретін, жылы леп соғатын жәшікшелер де жасалыпты. Әр бұзауға өз енесінің сүті ауыстырылмай берілуі қатты қадағаланады. Бұл да бұзаудың ауырып-сырқамай, жедел өсіп жетілуіне қажетті қағида.
Үстіміздегі жылдың тамыз айынан желтоқсан айына дейінгі аралықта 24,5 тонна сүт өндірген. Ферманы таза сумен қамтамасыз ететін құбыр қазылған. Қазір су орталықтандырылған құбыр арқылы өткізіліп, сауын сиырларға жылытылып беріледі. Мал қыстатуға 200 тонна шөп, 700 тонна сүрлем дайындалған. Жаңа жобаның арқасында он адам жұмыспен қамтылған. Олардың еңбекақысы 60 мың теңге төңірегінде. Қазір фермада үш сауыншы, екі бұзаушы, үш малшы жұмыс істейді.
Сауын жүйесі немістің осы заманғы, ең озық технологиясына сай жабдықталған. Сауын аппараттары да баяғы кеңес заманындағыдай сүтпен қоса қанын соратын жебір емес. Желіндегі сүт сарқылған кезде компьютердің бұйрығымен өзінен-өзі тоқтатылады, тағы бір ғажабы, ақылды техника сүт құрамын да анықтай алады. Айталық, сауын сиырдың ағзасына кінәрат болса сүт құрамы да бұзылмақ. Міне, осы сәтте әрқайсысы жеке-жеке нөмірмен белгіленген сауын сиырдың қайсысының сүтін бұзылғандығын компьютер көрсетіп берген соң бірден мал дәрігері келеді де ауру малды бөлек қоршауға қамайды. Содан соң ауру себептері анықталып, емдейді. Демек, тауарлы сүт фермасының өнімі осындай жаңа технологияның арқасында сапалы әрі сенімді деуге болады. Әдетте қыс түсе қожырайтын сүттің майлылығы қазір 4,2 пайызды құрайды екен. Бұл осы төңіректегі ғана емес облыстағы ең жоғары көрсеткіш. Әрі етті әрі сүтті симменталь тұқымды сауын сиырлар тәулігіне 18 литрге дейін сүт бере алатын мүмкіндігі бар. Ол үшін мал азығы сай болуы керек. Жоғарыда айтқан мал азығын дайындайтын цехта шөбі, сабаны, сүрлемі, тұзы, әртүрлі дәрумендері ғылыми негізделген ұсынысқа сай ұнтақталып дайындалады. Алдағы уақытта мал азығын молайту үшін екпе шөп егу жоспарланып отыр.
Сауын сиырларды өз төлі есебінен көбейтуді жоспарлап отырған тауарлы сүт фермасы болашақта өңірдегі мал тұқымын жақсартуға да айталықтай септігін тигізетін сыңайлы. Қазірдің өзінде асыл тұқымды бұқа сатып алуға тапсырыстар түсе бастаған. Сіңіре будандастырудың арқасында бес-алты айналымнан кейін өнімі жоғары, тұқымы асыл мал Ерейменнің етегін берекеге белшесінен мелтектететіні сөзсіз.
Осы арада тағы бір мәселені айтпай кетуге болмайды. Қияндағы технологиясы озық, тәжірибесі мол Германиядан асыл тұқымды мал жеткізіп, астананың түбіндегі азық-түлік белдеуін нығайтып, Елорданың тұрғындарын сапалы сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді жоспарлап отырған осы инвестициялық жобаға несие жылдық өсімі 14 пайызбен беріліп отыр. Әуел баста жеті пайызға беріледі деп уәделескен екен, кейін үйдегі ойды базардағы баға бұзып, несиенің жылдық өсімі екі есе қымбаттап кеткен. Негізінде бұл алға басқан қадамға шідерлеп тұсау салғанмен бірдей. Демек, азық-түлік молшылығын жасауды армандаған дәл осындай тиянақты да бекем іске береке байлануы үшін несиенің жылдық өсім пайызын төмендету керек-ақ. Әйтпесе, әр бас сиырды алыс шетелден бір миллион теңгеге әкеліп, жыл он екі ай бойы қорадан шығармай бағу, оның талапқа сай жем-шөбін тауып беру малсақ қауым үшін ауыр-ақ. Қорадан шығармайтыны, жергілікті жердегі жайылым сапасына байланысты, оның үстіне асыл тұқымды мал тым кірпияз, жайылымнан ауру жұқтыруы да әбден мүмкін. Сондықтан, қымбат малды көзінің қарашығындай сақтап, айтып келмей ауру-сырқаудан аман алып қалу үшін жыл бойы қораға қамап бағады.
Сөз соңын түйіндей келе, ақты молайтып, ел ырыздығын еселеуге үлес қосып отырған ағайынды азаматтардың еңбегі айрықша құрметтеуге әбден лайықты. Ел ішінде осындай ілкімді істер көбейсе, аузымызға тиер ақ аз болмас еді.

Байқал Байәділов.

Ерейментау ауданы.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар