Астық сатып алу квотасының ең көп бөлігі Ақмола облысына берілді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ресурсына астық сатудың тәртібі жөнінде сөз болды.

Аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен ведомстволардың, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен ауыл шаруашылығы құрылымдарының, астық қабылдау кәсіпорындарының, Агрокредит корпорациясы мен қаржылай қолдау қорының басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан фермерлер одағының өкілдері қатысқан кеңесте сөз сөйлеген аймақ басшысының орынбасары өткен жылдың тамызынан желтоқсанға дейін астықтың еркін рыногында сатылған бидай бағасы 2016 жылмен салыстырғанда арзандап кеткенін атап өтті. Ал, 2017 жылғы бидайдың сапалық көрсеткіші алдыңғы жылғыдан жоғары. Жалпы жиналған бидайдың 85 пайызы 3 класты құрайды. Бұған қарамастан, облыстың ауыл шаруашылығы та-уар өндірушілері бидайды төмен бағамен сатып келген. Қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі, 2017 жылы Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы ресурсына астық сатып алынбады.
Бұл жағдайды түсінген Қазақстан Республикасының Үкіметі 2017 жылғы желтоқсанның соңында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ресурсына 2 миллион тонна көлемінде жаздық бидай сатып алу үшін бюджеттен қаржы қарастырды. Ақмола облысынан 645 мың тонна бидай сатып алуға ең үлкен квота бөлінді. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен бидай сатып алу жөніндегі Үкіметтің бұл шешімі облыстың диқандарына жоғары бағамен астық сатуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, агробизнестегі шаруашылық субъектілерінің қаржылық жағдайы біршама жақсарады. Облыстық әкімдік астық сатып алуды ұйымдастыру жөнінде белгілі дайындық жұмысын жүргізіпті. «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ресурсына астық сатып алу жөнінде облыстық жұмыс тобы бекітілген. Асқарбек Үйсімбаев төрағалық ететін топтың құрамына облыстық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан фермерлер одағының өкілдері, облыстық мәслихаттың депутаттары, бұл мәселенің шешілуіне қатысты мемлекеттік ведомство басшылары кіреді. Астықтың жалпы жиналуына сәйкес, өңір аудандары арасында облыстың квотасы бекітілді. Аудандар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің арасында астық алқабының бір гектарына 173 келі есебімен квоталарды таратуы тиіс. Астық квотасын алуға тілек білдірген шаруашылықтар астық сатып алу жөніндегі квотаны ұлғайтуды өтініп, комиссияға ертерек хат жіберулері керек. Астық сатып алу жөніндегі облыстық жұмыс тобы бұл өтінішті қарап, әр ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі бойынша квотаның ауысуын шешеді. Биылғы жылғы астық сатып алудың ерекшелігі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен астық сатып алу алғаш рет minagro.kz. порталы арқылы электрондық түрде жүргізіледі. Осы орайда, электрондық түрдегі астық сатып алу үрдісі бойынша семинар-кеңес өткізіледі. Заңнамаға сәйкес, астық тізімінің тіркеушісі болып табылатын «Ақпараттық орталық» акционерлік қоғамы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен өтінім қабылдауды электрондық түрде жүргізеді. Бағдарламаға қатысу және «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы ресурсына астық сату-сатып алу астық қолхаты ақпараттық жүйенің веб порталында жүргізіледі. Кеңес барысында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев акционерлік қоғамның ресурсына астық сатып алу жөнінде айтып берді.
–Биылғы жылы мемлекеттік астық сатып алу алғаш рет minagro.kz. порталында электрондық форматта жүргізіледі. Ол үшін «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы сатып алушы ретінде «Ақпараттық-есептік орталығы» акционерлік қоғамының арнайы жүйелік жобасын пайдаланады. Астықты электрондық саудалаудың ұсынылатын тетігі азық-түлік корпорациясының маманы мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушімен бетпе бет кездестірмейді. Баға жарияланғаннан кейін рыноктың назары бізге ауды. Бүгінгі таңда 3 класты бидайдың бір тоннасының құны 41-42 мың теңге шамасында. Азық-түлік корпорациясы сатып алушы болғаннан кейін вагондарға деген сұраныс тұрақтанып, бидай бағасының өсуіне жол ашылды. Квота жөнінде айтатын болсақ, егер өңір тиісті көлемді ұлғайтқысы келсе немесе қойылған міндетті орындай алмаса квота қайтадан таратылуы мүмкін. Астық үшінші жақтан сатып алынбай, бағдарламаға қатысушы сатуы тиіс,–деді басқарма төрағасының орынбасары.
«Ақпараттық-есептік орталығы» акционерлік қоғамының жетекші маманы Қайрат Сұлтанбеков сатып алудың электрондық жүйесі жөнінде айтып берді. Бұл жүйе егістік алқабына байланысты сату квотасын әділ анықтайды. Екі күннің ішінде келісім-шартқа қол қоймай сату-сатып алу жұмысы жүргізіледі. Сатып алу бойынша барлық операциялар сайттағы онлайнда белгіленген.
Бидайды сатып алу екі кезеңде жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі астық қолхаты жүйесіне кіріп, кадастрлық жер нөмірін көрсетеді. Сол кезде учас-келер шекарасы автоматты түрде ашылады. Ол жер телімі ішіне бидай себілген өз алқаптарының суретін салады. Сондай-ақ, бұған дәнді дақылдар атауын, өнімділігін және өзге де өлшемдерді кіргізеді. Жүйенің өзі мультиспектральдық спутниктік түсірілімді еркін көздерден көрсетеді.
Бұл ашықтық және үрдістің нақтылығы үшін жер кадастры мәліметімен, заңды және жеке тұлғаның базасымен салыстырылады.
Онлайн сатып алудың екінші кезеңі – бұл квота бойынша астық қолхатын сатудың бұйрығына қол қою. Қатысушы өз бетінде алқапты суретке салып, «сат» сөзін басады. Сол кезде жүйемен сатып алушының – азық-түлік корпорациясының мәліметі толтырылады. Ауыл шаруашылығы та-
уарларын өндіруші «Төлемге қарсы тасымалдау» белгісімен астықты сататын бұйрыққа қол қояды.
Азық-түлік корпорациясы астық қолхатын сатып алу үшін өз міндетін жедел орындайды. Жүйе тіркеуші есебіне сатудан түскен ақшаны бірден көрсетіп, астық қолхаты азық-түлік корпорациясында автоматты түрде толтырылады. Ақша комиссиясыз агрардың есебіне аударылады. Түсінікті болу үшін мысал келтірілді. Фермердің 500 гектар жері бар. Оның 70 гектары жайылым жер. 430 гектар алқаптың тек қана 380 гектары себілген. Бір гектардан тасымалдау көлемін азық-түлік корпорациясы анықтайды. Бұл – өңірдегі жалпы квоталар мен орташа өнімділікке байланысты. Яғни, 380 гектарды 0,173 тоннаға көбейтіп, 65,74 тонна аламыз.
Кеңес соңында әркім өз сауалына тұшымды жауап алды. Облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бірқатар тапсырмалар берді.

– «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы аудан әкімдерімен бірге аудандардың квотасы аясында веб порталға уақытында өтінім беруді қамтамасыз етуі керек. Тапсырылған астықтың ақшасын ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытында аудару қажет. Барлық жұмыстар ерекше бақылауда ұсталуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары Асқарбек Үйсімбаев өзінің қорытынды сөзінде.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар