Халықтың денсаулығы – мемлекеттің қуаты

Биылғы жыл еліміз үшін алда тұрған маңызды міндеттерді айқындаумен басталып отыр. Бұл өте орынды. Себебі, дамимын, алға қарай жылжимын деген мемлекет қашанда болашағын айқындап алады. Күні кеше Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жариялады.
Ендігі арада баршамыздың міндетіміз өз салаларымызды одан әрі дамыта түсу. Жаңадан ештеме ойлап табудың қажеті жоқ. Себебі, Президентіміз бұл міндеттерді өзінің «Қазақстан – 2050» стратегиясында, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да айтқан болатын. Биылғы Жолдауды аталған сол бағдарламалық құжаттардың жалғасы ретінде қабылдап, жұмысымызды жандандыра беруіміз керек. Осы орайда, Жолдауда айтылған үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлтты қалыптастыру идеясымен толықтай келісемін. Соның ішінде құжатта жастардың денсаулығын сақтау мәселесіне көп көңіл бөлінген. Өйткені, қазіргі кезде кейінгі жастардың арасында компьютерден бас алмаушылықтың салдарынан көз аурулары көбеюде. Әскерге баратын жастардың арасында да медициналық тексерістер кезінде бірқатар дерт анықталып жатады. Сондай жастарды ертерек диспансерлік есепке алып, сауықтырып отыру қажет.
Сонымен қатар, Жолдауда онкология мәселесі де тыс қалған жоқ. Қатерлі ісікті алғашқы сатысында анықтап, дұрыс ем-дом жасасақ, оның нәтижесі де жақсы болар еді. Айта кету керек, биыл облыс орталығында жаңадан онкологиялық емхананың құрылысы басталады.
Елдің денсаулығы – ең алдымен мемлекетіміздің қуаты. Халқының дені сау, Отанын қорғауға, еңбекке жарамды болса, ондай мемлекет мықты – мемлекет. Күллі әлемде медицина саласы көз ілеспес қарқынмен дамып келеді. Біз де бір орында отырған жоқпыз. Соңғы жылдары біздің облыстық ауруханаға компьютерлік томограф, ангиограф,
артроскоп секілді медициналық қондырғылар сатып алынды. Жаңа технологиялар енгізіліп, гемодиализ орталығының құрал-жабдықтары жаңартылып, жаңадан инсульт бөлімшесі, ота жасау және реанимация бөлімдері ашылды. Жас балалардың жүрегіне операция жасай бастадық.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында атап өткендей, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруымыз қажет. Азаматтардың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуын бүгінгі заманымыз талап етіп отыр. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыс-
тан диагностика жасап, сондай-ақ, осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Әлемде бұрыннан бар аталмыш тәжірибе біздің елімізде де енгізілсе, бұл отандық денсаулық сақтау саласына өзінің жақсылықтарын әкелер еді деп ойлаймын.
Сонымен қатар, Президент Жолдауда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеу қажеттігін айтты. Әрине, бұлардың барлығы да бір жылдың көлемінде ғана атқарылатын шаруалар емес. Дегенмен, сол міндеттерге бүгіннен бастап кірісе беруіміз қажет.
Серік АЯҒАНОВ,
Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері, облыстық
мәслихаттың депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар