Адалдық пен әбжілдіктің арасы

немесе кенішті кенттің келбеті неге жүдеу?!.

 Облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына әкімшіліктік-аумақтық жағынан Степногорск қаласына қарайтын Ақсу кентінен бір топ адам келді. Қолдарында кент тұрғындарының жанайқайы іспетті шағым хат. Ұзын-ырғасы 45 адам қол қойған бұл хат былай басталады:
«Биылғы жылдың алғашқы айында біздің елді мекенде көпшілікті алаңдатқан тосын жағдай орын алды. Атап айтқанда, ауылымыздың үш бірдей азаматы түрмеге жабылды. Осыған байланысты ауыл тұрғындары алакөңіл».
Одан әрі хатта елді мекендегі күнкөріс сөз болады. Әлгі азаматтарға қылмыстық топ құрды деген айыптың тым қатаң екендігі, ауыл тұрғындарын жер астына қуып тыққан тұрмыстың екпіні мен тепкіні екені баяндалады. Содан соңғы жағдаяттар зауыт, фабриканың жабылуы. Соның салдарынан жұмыссыздық көбейген. Үлкендердің тек зейнетақыға қарап отырғандығы, жастардың жұмыссыз жүргендігі баяндалған. Хат соңында қамауға алынған ауыл азаматтарына қатысты шешім әділ болса екен деп сұрайды.
Осы үшбу хат себеп болып әрі тұрғындар жиыны өтеді деген хабар жеткен соң, редакцияның арнайы тапсырмасымен Степногорск қаласынан таяқ тастам жерде орналасқан Ақсу кентіне жолға шықтық. Қырдан түсе бергеніңде шашыраңқы орналасқан, көптеген тұрғын үйлері қирап, шашылған жұрты ғана жатқан, сыртқы кейпі тым жүдеу елді мекен көзге түседі. Қасат қар жыртық-тесікті бітеп, опырылған, омырылған жерлерді қаншалықты тегістесе де, ауылдың ахуалы мен мұндалап тұр. Босап қалған бес қабатты үйлердің үңірейген есік-терезесі тал түстің өзінде көңіліңе үрей үймелетеді екен. Кент әкімшілігінің жанында ошарылған жұрт. Қарамы 40-50 адам.
Жиналыстың басталуын тосып, өзара қауқылдасып, мал-жанның амандығын сұрасқан ел адамдары әңгімеге кіріскен. Мал-жанның амандығы деген сөз қалыптасқан тіркес. Әйтпесе, мұнда амандығын сұрайтын да мал жоқ. Өйткені, кенішті кентке судың берілмегеніне жиырма жылға таяу уақыт өткен. Мал түгілі адамы да ішетін бір қасық суға зәру. Таза су қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Ана жерде бірнеше әжейлер сөйлесіп тұр. Әдейілеп тыңдайын демесең де, шыңылтыр ауадағы шамырқанған сөз жаңғырып естіледі:
–Тауық алды деп естіп едік, бағып жатырсың ба?– деп сұрайды бір кейуана.
–Соның жемін тауып беру қиын болып тұр,–дейді екіншісі.
Алтынның үстінде отырып, арпаға зәру болған қайран ауылдың адамдары-ай.
Сәлден кейін Степногорск қаласының әкімі Мұратбек Тақамбаев та жетті. Жалғыз емес, қасында қала прокурорының орынбасары Қанат Әубәкіров, қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов бар. Жұртшылықпен жүздесу жаймашуақ бас-
талды. Әуелі күн тәртібіндегі мәселенің мәнісі айтылды. Сөйтсек, ақиқаты былай екен. Үстіміздегі жылы Бестөбе мен Ақсу елді мекендерінде заңсыз жер астына, тастанды шахталарға түсіп, алтын іздейтіндерді анықтау мақсатында бірнеше мәрте жедел алдын алу шаралары жүргізілген. Осындай іс-қимылдың барысында «Қазақалтын» кәсіпорнынан құрамында алтыны бар кен мен жарылғыш заттар жоғалғандығы, заңсыз алтын кенін жуу және ұқсату цехтарының жұмыс істейтіндігі анықталған. Бестөбе кентінің аумағында екі шағын цех және Ақсу кентінде тағы осындай екі цех табылған. Олардан он тоннадан астам құрамында алтыны бар кен, сондай-ақ, 137 дана «Аммонит» жарылғыш заты тәркіленген. 91 заңсыз алтын іздеуші анықталып, оларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Құрамында алтыны бар кенді тасымалдаушыларды анықтау үшін 816 автокөлік тексеруден өткізілген. Ақсу кентінің шет жағында анықталған цехтан 174 қап кен, жүз дана аммонит жарылғыш заты табылған. Оған қоса бір келі алтын және табылған. Міне, осы қылмыстық істерге орай, Қылмыстық Кодексінің 188 (ұрлық) және 287 (заңсыз сақтау), 334 (табиғи кенді өз бетінше пайдалану) баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Жиында ел тілегі қалыпты арнада өрбіді. Шектен шыққан, бір-біріне ретсіз дауыс көтерген жағдайлар болған жоқ. Бәрі байыпты, ақылмен айтылды. Бірақ, әр тұрғынның сөзінің астарында ақпанның аязындай сақылдаған суық леп бар еді. Енді осы жайға оралайық. Сөз алған ел ақсақалының бірі Несіпбек Хамзин кентте ондаған жылдар бойы ауыз судың жоқтығын тілге тиек етті. Су болмағандықтан, мал ұстау мүмкін емес, бақша да еге алмайсың, монша да жоқ.
–1997 жылдары осы кентте 12 мың халық тұрды,–дейді Несіпбек қарт,–қазір 3800-дей тұрғын бар. Қалған жұрт «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, шамасы келгендер Астанаға, Степногорск қаласына жайлы жер іздеп, көшіп кетті. Ал, туған жерін қимай әрі көшуге шамасы келмей, ошарылған аз ғана жұрт бүгінгі күні қиыншылықпен күн кешіп жатыр. Осы ұсталған жігіттер ауылымыздың жоқ-жітігін жамауға қол ұшын беріп тұр еді. Мектепке, мешітке көмектесетін. Ел іші болған соң ауру-сырқау, қайғы-қасірет болмай тұрмайды. Тіршіліктің санаңды сансыратар ауыр салмағын жеңілдетуге иығын тосқан аптал азаматтарымыз еді. Біз оларды мүлде ақтап, «періште» деп тұрған жоқпыз. Қай уақытта болмасын ақ-қарасын сот қана айтуға құқылы. Біз осы елде отырғаннан кейін ауыл адамдарының қамқоры болып жүрген жігіттер тым қатаң жаза тартпаса екен дейміз. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бір кезде жайнап тұрған кенттің бүгінгі кейпі осындай. Ауыз су құбыры тартылады дегелі қанша жыл өтті. Қазір іргеге келіп, 305-ші шақырымдағы биіктікте тұрған көрінеді. Соны елдің ішіне таратуға миллиондаған теңге қаржы керек екен. Аудан бюджетінде дәл қазір ондай ақша қайдан болсын. Кент іші қас қарайған соң қою қараңғылық құшағында қалады. Жарық мүлде жоқ. Бұрын 1200 оқушы оқыған үлкен мектебіміз болып еді. Қазір онда жүзге тарта ғана оқушылар білім алып жүр. Күндердің күнінде бала санының аздығынан мектеп те жабылып қала ма деген қорқыныш бар.
Мұнан соң қамауға алынып отырған жігіттерге бір кезде тәлім-тәрбие берген ұстаздары, соның ішінде зейнеткер Армия Сапарова сөз алды. Өз оқушыларының адалдығы мен ақкөңілділігін, қиналғандарға қамқор болатын жанашырлығын айта келіп:
–Әр жыл сайын ауылдағы мерекелердің өтуіне, қариялардың жоқ-жітігіне жанашыр болып жүрген азаматтардың аяқ астында істі болып қалғаны жаныма батады,–деді Армия апай,–талай адамдарға қол ұшын беріп еді. Енді бүгін міне, жазықты болып жатыр. Осыны естіген кезде үйде қарап отыра алмай, бәріміз де анадан тудық қой деп ана ретінде бір ауыз сөзімді айтқалы келдім. Кінәсін жоққа шығара алмаспыз, тек кешірімді де ұмытпау керек.    
Жиын соңын түйіндеген қала әкімі Мұратбек Тақамбаев атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Ақсу кентінің тұрғындары тақа жұмыссыз емес екен. Кент тұрғындарының ішіндегі шаруаға жарамдылары «Қазақалтын» кәсіпорнында жұмыс істейді. Кәсіпорын жанынан құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де қаншама адамға жұмыс тауып беріп отыр. Алдағы уақытта Ақсу кентінің көшелеріне мүмкіндігінше жөндеу жүргізіліп, абаттандырылмақ.
–Осы жігіттердің елге қамқор болып жүрген жақсы істерін мен де білуші едім,–деді қала әкімі Мұратбек Тақамбаев,–бірақ, заң бар, тәртіп бар. Кенттің асты кеніш екен деп әркім оған өз бетімен түсіп, алтын өндіруге болмайды ғой. Екіншіден, бұл мәселе әкімнің құзырындағы шаруа емес, соңғы шешімін сот айтады.
Расында, қала прокурорының орынбасары Қанат Әубәкіров пен қалалық ішкі істер бөлімінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов өз сөздерінде заң бұзып, қамауға алынғандардың тағдыры сотта шешілетіндігін, ал, жақсылығын көріп, жаны ашыған әлеуметтің пікірлері белгіленген тәртіпке орай, есепке алынатындығын айтып өтті.
Бір сәттік кездесуде кенттің қордаланып қалған қаншама мәселелері ортаға салынды. Негізгісі ауыз су. Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер. Мәселе демекші, дәл қазір бізге Ақсуда 3800 мәселе бардай көрінді. Өйткені, тұрғындардың бәрі жоғарыдағы мәселелерге тәуелді болып отырған соң, осындағы әр адам бір-бір мәселе десек, артық емес…

Суретте: тұрғындар жиынынан көрініс.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар