Ресей ғалымы Калачи туралы не дейді

Соңғы бір жылдан бері Қазақстанның Калачи елді мекеніндегі «ұйқы ауруына» шалдыққан адамдарды ояту мәселесі күн тәртібінен түспей келе жатқаны белгілі. Алайда, бұл кеселді адамдардың бойындағы созылмалы аурудан көріп отырған қазақстандық дәрігерлердің айтқанында қаншалықты дәлел бар? Мәселе ауыл тұрғындарының әлі ұйықтап қалуында болып отыр.

Билік бұдан шығудың жолын поселкені көшіру арқылы тапқан секілді. Бірақ, Калачидегі «ұйқы ауруына» қатысты пікірталас тоқтамай отыр. Ұсыныстар көп. Осы аптаның басында Томск политехникалық университетінің ғалымы, профессор Леонид Рихванов Калачи тұрғындарына көмектесудің жолын ұсынды. Оның инженерлік ұсынысы көңілге қонарлықтай. Бірақ, бұл жоба біршама қаржыны керек етеді. Рас, Калачидегі жағдайды зерттеу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылғаны белгілі. Ал, Ресей ғалымы қандай ұсыныс тастап отыр?  
– Жағдайды шешу үшін жергілікті жердегі уран өндірісін түпкілікті зерттеу қажет. Өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бастап мұнда уран өндірісі дамып, өңделе бастады. Мұның зардабы болатынын жасырмау керек. Уран өндірісінен қалған газ бар. Бұл – түссіз инерттік, радондық газ. Ол уран өндірген тереңдікте жатыр. Белгілі бір уақытта ол жер бетіне тарап тұрады. Мұның химиялық зияны орасан зор. Мысалы, көктем немесе күзде жерасты суы жоғары немесе төмен түскенде, химиялық улы газ жер бетіне шығады да, адамдардың санасына әсер етіп, тұрғындарды наркотикалық ұйқыға шалдықтырады. Сөйтіп, адамдардың ағзасында цитогенетикалық өзгерістер пайда болады да, олар ұйқыға кетеді. Кейбір ағзалар оған төзеді, ал, әлсіз, аурушаңдық белгісі бар науқастар мұны көтере алмайды да, ұйықтап қалады, – дейді профессор Леонид Рихванов.  
Профессор бұл тығырықтан шығудың жолын ұсынады. Іс мұнымен бітпек пе?  
– Жер астына 100 метрден асатын бұрғы жіберіп, алдымен су құрамындағы газды анықтау қажет. Негізінде, бұрғылау жұмыстарын ауыз су үшін де пайдаланатыны жасырын емес. Егер судың құрамында газдың қауіпті концентрациясы бар болса, оған бұрғы арқылы жер бетінен тұщы су жіберіп, улы газдың көтерілуіне кедергі келтіру керек. Басқа сөзбен айтқанда, осылай инженерлік жүйемен қорғау арқылы улы газдың сыртқа шығуына бөгет жасай аламыз, – дейді профессор Леонид Рихванов.
Бірақ, Калачи елді мекеніндегі тұрғындардың барлығы да ұйқыға кетіп жатқан жоқ қой. Ағзасы әлсіздерге ғана «ұйқы ауруы» әсер етіп жатыр. Ғалымның ойынша, бұл алдағы уақытта көрші елді мекендерге жұғуы мүмкін. Өйткені, мұнда ондаған шахталар бар көрінеді. Әрине, Ресей ғалымының ұсынысы қаншалықты шынайы? Мәселе сонда…

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар