Тәжік орталығында болған бір күн

Бүгінгі таңда облысымызда 18 этносты біріктіретін 50-ге жуық этномәдени бірлестік бар. Ал, өткен жылы олардың қатарын «Санги-Кабуд» тәжік орталығы толықтырды. Атауын қазақшаға аударғанда «Көкшетау таулары» деген мағынаны білдіретін бұл бірлестік 2017 жылдың қараша айында ашылған болатын.

«Жас келсе – іске» демекші, кәсіби спортшы, қазақ, араб, парсы тілдерін еркін меңгерген іскер жас Умар Шоназаровтың жетекшілігімен тәжік ұлттық-мәдени орталығы ашылған күннен бастап-ақ жұмысқа қызу кірісіп кетті. Ал, жуырда ғана олар Қазақстан мен Тәжікстан елдерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толуына арнап облыс орталығындағы Достық үйінде ауқымды іс-шара өткізді. Оған Қазақстандағы Тәжікстан мемлекеті елшілігінің өкілдері, еліміздің басқа да облыстарындағы тәжік орталықтарының жетекшілері қатысқан болатын.
Осы орайда, тарих беттеріне біраз шолу жасасақ, аталған екі ел арасындағы достық, дипломатиялық байланыс сонау 1993 жылдан бері жалғасып келеді. Сол жылы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында ынтымақтың негізін қалаушы басты құжат – келісімшартқа қол қойылған еді. Бұл қарым-қатынастың басталуы өте ауыр кезеңдермен тұспа-тұс келді. Олай дейтініміз, КСРО-ның ыдырауы бұрынғы одақтас республикалардың экономикасын қирауға дейін әкеп соқты. Тек көреген Көшбасшылары бар елдер ғана осы қиындықтан шығып, бүгінде әлемге өзінің экономикасы, саясаты бар дербес мемлекет ретінде танылып отыр.
Бүгінде тәжік диаспорасын әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарында көптеп кездестіреміз. Республикада «Қазақстандағы тәжіктер диаспорасы», «Пяндж», «Ынтымақ», «Жамбыл», «Шарак», «Сомониен-солтүстік» атты тәжіктер қоғамы бар. Өткен жылы біздің облыста да ашылған «Санги-Кабуд» тәжік ұлттық-мәдени орталығы екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының нығаюына, еліміздегі ұлттар арасындағы достықтың беки түсуіне септігін тигізетініне сенім мол.
Бізбен әңгімесінде орталық төрағасы Умар Шоназаров ұйым халықтар достығын, ұлтаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты нығайту мақсатында құрылғанын ерекше атап өтті. Ашылғанына аз уақыт болса да, орталық облысымыздағы бірқатар ауылдардың командалары арасында футболдан жарыс ұйымдастырып үлгерді. Болашақта олар жастар қанатын, тілдер орталығын ашуды жоспарлап отыр. Қайырымдылық шараларын өткізу,
жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді көздейтін кездесулер өткізу де келешектің еншісінде.
– Еліміздің көптеген облыстарында болдым. Олардың біразында, атап айтсам Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Шымкент қалаларында тәжік орталықтары барын көріп, өзіміздің Көкше жерінде де сондай ұйым болғанын қаладым. Міне, сол арманым орындалып, өткен жылы Тұңғыш Президент күні қарсаңында орталығымыз салтанатты түрде ашылды. Бүгінде облысымызда 200-ге тарта тәжіктер тұрады. Достық үйінде этномәдени бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасалған. Бұрындары Ассамблея жайлы сырттай ғана естуші едім. Енді сол ұйымға өзім де мүше болып, шынымен де түрлі ұлт өкілдерінің татулықта бір терінің пұшпағын илеп, бірлесіп жұмыс істеп жатқандығына куә болдым, – дейді Умар Файзудинұлы. Халқымызда «Бірлігі күшті ел азбайды» деген дана сөз бар. Тәжік орталығында болған осы бір кездесуімізден ұйымның алға қойған мақсаты зор, тілегі елмен бір екен деген ой түйдік.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар