Бейне бақылау бәрін де «көріп» отыр

Облыс орталығында бейне бақылау камераларын қою 2007 жылдан бастау алады. Қазір Көкшетау қаласының орталық көшелері мен көше қиылыстарында жүзден астам бейне камералар тұр. Қаланың мөлтек аудандарын да біршама қамтыған. Үстіміздегі жылы тағы да 5 бейне бақылау камерасын орнату жоспарлануда.

Облыста бейне бақылау жүйесі тек Щучинск қаласында ғана бар. Қалған аудандар алдағы уақытта тиімділігі мол осы істі біртіндеп жүзеге асырмақ.
Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығы бүгінгі таңда қылмысты, көшелердегі ұрлық-қарлықты, әкімшілік құқық бұзу оқиғаларын жедел анықтау барысында жемісті еңбек етуде. Талай қылмыстың беті ашылған, анықталған, кінәлілер жауапқа тартылған. Осы орталық жұмысын жолға қойғаннан кейін қылмыстың жедел, ізін суытпай ашылу көрсеткіші өсе түскен. Алдағы уақытта көпқабатты үйлердің аулаларына да қойылмақшы. Осы жоспар жүзеге асса, пәтерлері мен көліктеріне, ең бастысы ойын балаларына алаңдайтын ата-аналардың сенімі нығая түсер еді.
–Қала тұрғындарына айтар құлаққағысым да бар,–дейді Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығының бастығы, полиция майоры Төлеген Бекеев,–жәбірленуші бірден уақыт өткізбей тәртіп сақшыларына хабарласса, қылмысты жедел ашуға, кінәлі адамдарды ұстауға мүмкіндік туар еді. Көп ретте, жәбірленушілер арада біршама уақыт өткен соң ғана хабарласып жатады. Бұл кезде қылмысты ашу қиын.
Қазір орталық қаланың тыныс-тіршілігін кірпік қақпай бақылап тұр. Болған оқиғамен бірге қылмыстың алдын алу барысында да септіктері мол. Бірер мысал келтіре кетелік. Орталықтағы мейрамханалардың алдында тұрған қымбат көлікті түн жарымын еңсерген уақытта күдікті біреу айналсоқтап жүр екен. Бейне камера әлгі адамды тура алақандағыдай айна-қатесіз көрсетіп тұр. Көліктің иесі болса айнала шиырлап жүріп, қолын көлегейлеп ішіне үңілмей, есігін тартып көрмей, бірден от алдырмас па еді. Жоқ мынау бөгде адам. Бірден жедел топ жеткен. Сөйтсе шынында да, жаңағы күдікті адам қымбат көліктің есігін ашпақшы болып жатқан жерінде қолға түсті. Қырағылықтың арқасында ойына алған қылмыстық әрекеті жүзеге аспай қалды.
Тағы бір мысал. Қыраулы қыс. Сақылдаған сары аяз. Түн ортасы. Велосипедке мінген әлдекім орталық көшені қиып өтіп, жанама көшеге түсіп барады. Күдікті ме, күдікті. Сақылдаған сары аязда ақыл-есі бүтін адам велосипед теуіп жүрмейді ғой. Оның үстіне жаяу жүргіншінің жолы қасат қарға кептеліп тұр. Бейне бақылаудан көрінген сәтте күдікті екендігі байқалған соң жедел топқа шұғыл хабар жеткізілген. Сөйтсе шынында да, әлгі адам көп қабатты үйлердің дәлізінен велосипедті ұрлап әкетіп бара жатқандығы анықталды.
Міне, осындай әншейінде ұсақ-түйек болып саналатын, бірақ, мал иесіне белгілі бір мөлшерде шығынын келтіретін көше қылмыстарының алдын алуды анықтау бағытында бейне бақылаудың тиімділігі зор. Сондай-ақ, тонау, қарақшылық, әкімшілік құқық бұзу фактілері де анықталуда. Басқасын былай қойғанда, жазды күндері әп-әдемі болып жайқалып, өсіп, көз қуантып тұрған гүлзарларды да таптап, гүлді жұлып кететін қаскүнемдер де кездеседі. Олардың барлығы орталықтың бейне бақылау камерасына ілігеді. Іліккен соң анықтау, ұстау тақа қиын шаруа емес.
–Қазір адамдардың көп нәрсеге еті өліп кеткен тәрізді,–дейді орталық басшысы Төлеген Сәлімжанұлы,–мысалы, көздері көріп тұрған қылмыстық әрекеттерді жедел хабарлай қоймайды. Бұл шын мәнінде адамдардың адамгершілігін, кісілігін көрсететін жай емес пе?
Бір кезде облыс орталығындағы көп қабатты үйлердің жанына қала тұрғындары амалсыз түнде қойып кететін көліктердің доңғалағын, аккумуляторын, магнитофонын тонау оқиғалары көбейіп кеткен болатын. Қазір қолының қыспасы бар баукеспелер де төбелерінде камера тұрғандығын білгендіктен сап тиылды.
Орталық басшысының уәжіне қарағанда, қызметтің барлық қыр-сырын ақтарып айтуға болмайды. Әр істің өз құпиясы, жұмыс тәсілі бар. Анығы, нақтылап айтуға болатыны, көше қылмыстарының көпшілігі осы орталықтың бейне бақылауы арқасында, қызметкерлердің өз істеріне жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде ашылуда. Алдағы уақытта жаңа заманның үдерісіне сай техникалық мүмкіндік те молая түспек. Бүгінгі таңда орталық қана емес, шеттегі мөлтек аудандар да біршама қамтылып отыр.
«Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» депті баяғыда бір баукеспе. Сол айтқандай, кісінің мүлкіне көзі қызығатын жаман әдеттен арылтудың бір жолы осы төбесінен төніп бақылау. Бақылаудың тиімділігі анық байқалады. Бірақ, басшының айтуына қарағанда, бұрнағы жылдармен салыстырып, таразы басына тартатын есеп жүргізілмейді екен.
–Бейне камералар қойылғалы қала көшелерінің тазарып қалғандығын аңғаруға болады,–дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Есімжан Қоқанов,–бұрын жұрт тартқан темекісінің тұқылын көшеге лақтыра салатын. Шекілдеуігінің қабығын да. Қазір қарап тұрсаң осындай келеңсіз құбылыстар азайған тәрізді. Өйткені, төбемізде бейне бақылау камералары бағып тұр ғой. Менің ойымша көше қылмыстарымен қатар, адам тәрбиесіне де мол әсері бар.
Арыдағы ойды қаузай келе, бейне бақылау орнатудың өзі жоғарыда біз айтқан міндеттермен қатар, адам тәрбиелеуге ықпалы зор тетік-ау деп түйсіндік.

Байқал Байәділов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар