Қаржыға сай қарекет керек

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ақмола облысында өнімді жұмыспен қамту және кәсіпкерлік бағдаламасын іске асырудың аралық нәтижелері» тақырыбында брифинг өткізілді. Онда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова үш кезеңдік бағдарламаның биылғы жартыжылдықтағы қорытындысы жөнінде есеп беріп, журналистер мен мүдделі мекемелер өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды.

Былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жаңа бағдарлама 2021 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл бұдан бұрынғы «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын толықтыра түспек. Мұндағы ерекшелік, кәсіптік білімге деген басымдықтан байқалады. Дина Қамидоллақызының айтуынша, үш бағытты біріктіретін жобаларды жүзеге асыру үшін облысқа 6829,2 миллион теңге бөлініп отыр. Биылғы жартыжылдың қорытындысында аталған қаржының 1679,2 миллион теңгесі игерілді. Шілде айындағы дерек бойынша бағдарламаға 11706 адамның қатысып отырғаны, тұрғындардың өнімді еңбекке деген ынтасының артқандығын көрсетеді.
«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіби біліммен қамту, қысқа мерзімді оқуға тарту» аталатын бірінші бағыт аясында биыл 2665 адамды арнайы курстарда оқыту жоспарланыпты. Қазіргі күні облыс аумағындағы 25 колледж бен 5 оқыту орталығында 60 мамандық және 122 біліктілік бойынша сабақтар жүргізілуде. Сондай-ақ, қысқа мерзімді оқыту Көкшетау қаласындағы Жоғары колледж бен Шағалалы агробизнес колледжіндегі мобильді оқыту орталықтарында да жүргізілуде. Мұнда 150 адам дәріс алуда.
Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағытына қатысты Ақмола облыстық әкімдік 2018 жылдың 27 наурызында ҚР Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен үшжақты несие келісіміне қол қойды. Осыған сәйкес, тиісті қаржы бөлініп отыр. Биылғы жылы 735 адамды шағын
несиемен қамту жоспарланса, 1 шілдеге дейін 186 кісі 682,4 миллион теңге несие қаржысын алды. Аталған несиенің пайыздық өтемі 6 пайызды құрайды. Бұл 226 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Осы ретте, жағымды жаңалық ретінде, үстіміздегі жылы жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында, 100 айлық есепті көрсеткіш көлемінде немесе 240,5 мың теңге қайтарымсыз грант қаржысын бөлу жоспарланғанын атап өткіміз келеді. Жалпы, кәсіпкерлік негіздерін оқыту бағдарламаның «Бас-тау-Бизнес» жобасы арқылы жүргізіледі.
Бағдарламаның үшінші бағыты жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар сияқты қолданыстағы белсенді тетіктер арқылы атқарылмақ. Қазірдің өзінде бұл шараларға 2868 азамат қатысып, белгіленген жоспар 87,2 пайызға орындалып отыр.
Брифинг қорытындысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы «Еңбек нарығының инфрақұрылымын қуаттандыру» бастамасымен электронды биржа арқылы жұмысқа орналастыру мәселесі қолға алынғанына назар аударды. Шілденің 3-не дейінгі дерек бойынша 6519 азамат осы әдіспен жұмысқа тартылыпты. Яғни, жоспар 102 пайызға орындалған. Әйткенмен, жұмыс берушілердің белсенділігі елеулі дәрежеде төмендеп кеткен. Атап, айтқанда, мұнда жыл басынан бері 925 кісі жұмысқа орналастырылып, жоспар небары 14,2 пайызбен шектеліп қалған. Ал, электронды биржа деректеріне қарағанда облыста 2074 бос жұмыс орны бар екен. Демек, ақпараттық түсінік жұмыстарын жандандыра түсу талап етілетіні білгілі.

Бақберген Амалбеков.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар