Үлгілі отбасыларға құрмет көрсетілді

Отбасы күніне орай, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырəлімова Көкшетау қаласында тұратын үлгілі отбасылар Айтқожиндар мен Самцовтардың шаңырақтарында болып, облыс басшысының атынан сый-сияпат жасады.

Өнегелі отбасының иесі Қажығали Айтқожин еңбек ардагері болып табылады. Ол көптеген медальдардың иегері. Жұбайы Қазкен Айтқожина да «Алтын алқа» алқасымен марапатталған Батыр ана. Екеуі он бір ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 25 немере мен 35 шөбере сүйіп отыр. Биыл отау құрғандарына 67 жыл толды. 2016 жылы «Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы атанған бұл отбасының алға қойған негізгі қағидасы – туған өлкеге деген құрмет, балаларын патриоттыққа, отансүйгіштікке және елге адал қызмет етуге тәрбиелеу. Қажығали Айтқожиннің балалары ауыл шаруашылығы, мұнай өнеркәсібі, құқық қорғау құрылымдарында, мемлекеттік қызметтің түрлі салаларында абыройлы еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жүрген жандар.
Биылғы жылы үш немересі мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орнына оқуға түссе, сол немерелерінің бірі, Бақытбек Дүйсенов Копенгагенде өткен IRONMAN супертриатлонында үш ақмолалықтың ішінде «темір адам» атағын иеленіп жеңіске жетті.
Айтқожиндер бүгінде достық пен үйлесімділік тапқан, үш ұрпақ өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан, қазақстандық дәстүрлі отбасына айналған. Бұл отбасындағы негізгі құндылықтар мен байланыстырушы буын – ол балаларға, немерелерге және шөберелерге үлгі болып отырған Қажығали ата мен Қазкен әже. Олар қазақстандық отбасының барлық дәстүрлі құндылықтарын, яғни, балаларының жайлылығы мен жылуын, отбасының тұтастығын сақтау құпияларын жетік меңгере білген.
Облысымыздағы Самцовтар отбасы да еңбек династиясымен өңірімізге танымал жандар. Әулеттің үлкені Григорий Васильевич Самцов 1978 жылдың 25 желтоқсанында он жеті жасында «Тыныс» акционерлік қоғамына токарь болып жұмысқа орналасқан. Бүгінде ол 17 жыл бойғы абыройлы еңбегінің арқасында зауыттың механикалық құрастыру бөлімінің 5 разрядты үздік токары болып танылған. Григорий Самцов 2004 жылдан бастап кәсіптік оқыту тәлімгері ретінде лайықты шәкірттер тәрбиелеуде. Оның отбасы зауытпен тығыз байланыста. Жан жары Галина Павловнаны да осы зауытта кездестірген. Осы күні ұлы мен қызы және күйеу баласы да өзінің еңбек жолын «Тыныс» зауытымен байланыстырған. Тіпті, олар тұрып жатқан пәтер де бір кездері зауыт арқылы берілген.
Бүгінгі күні екі әулеттің де мүшелері тату-тәтті, ел қатарлы өмір кешуде. Айна Мысырəлімова өнегелі отбасылармен кездесу барысында отбасы институтын нығайтудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, келешек ұрпақты тәрбиелеуде Айтқожиндар мен Самцовтардың жарқын үлгі көрсетіп отырғандығын атап өтіп, қос отбасына да бағалы сыйлықтар табыс етті.

Асылай Қадырқызы.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Отбасы күні облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева Зеренді ауданының Баратай ауылында үш баланы қамқорлығына алып отырған Сайран және Гүлнар Ыбыраевтардың отбасында болып, облыс әкімінің атынан құттықтады.

Ыбыраевтар отбасы осыдан бірер жыл бұрын өздерінің ер жеткен үш баласы бола тұра Ақкөлдегі балалар үйінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған туған бауырлар Виктория, Евгений және Иван есімді балаларды патронаттық тәрбиеге алған еді. Жетімдер Ақкөлдегі балалар үйінде 3 жыл бойы тұрған екен. Ал, қазір міне, 4 жылдан бері Баратай ауылындағы Ыбыраевтар отбасында тәрбиеленуде.
– Әрине, бастапқыда қиындықтар болды. Бірақ, баланы асырап алғандықтан, олардың тағдыры үшін біз жауаптымыз. Отағасы екеуімізге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан, біз бұл балалардың әке мен ана махаббатын сезініп, еліміздің үлкен азаматы болып тәрбиеленіп шығуына барлық жағдай жасайтын боламыз, –деді Гүлнар Ыбыраева.
Осы күні өзгенің баласын өз баласындай бауырына басқан Ыбыраевтар отбасы бақытты өмір сүруде. Балаларының білімі жақсы, мектепте ұйымдастырылатын барлық шараларға белсенді қатысуда. 2017 жылы бұл отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жүлделі екінші орын иеленді.
Ақмола облысы әкімі М.Мырзалиннің атынан құттықтаған Гүлжанар Шөкеева жетімдерді қамқорлығына алып, азаматтық жауапкершілік танытқан отбасына шексіз алғысын білдірді.
Аслан ОСПАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар