Астаналық облыстың даму мүмкіндіктері мол

Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Бурабай ауданындағы  «Есіл Агро» серіктестігі мен облыс орталығындағы «Тыныс» акционерлік қоғамының  жұмысымен танысты және Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту мәселелері мен туризмнің болашағына, аймақтың даму қорытындыларына арналған  мәжіліс өткізді. Премьер-Министрдің  өңірімізге сапарында  облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды.

 

Үкімет басшысының аймағымызға сапары алдымен Бурабай ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Есіл Агро» ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенін көруден басталды. Мал шаруашылығымен бірге егін шаруашылығын қатар жүргізетін серіктестік өз өнімдерін ұқсатумен де айналысады. Премьер-Министр серіктестік дайындаған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін көрді. Шаруашылық басшысының айтуынша, алдағы жылдары өндіріс көлемі екі  еседей  арттырылмақ. Сауын сиырды 2400-ге жеткізу көзделіп отыр. Бұдан кейін Үкімет басшысы шаруашылықтың егіс алқабында болып, биылғы жылғы егін жайындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының есебін тыңдады.
    Ірі халықаралық жарыстарды өткізуге мүмкіндігі бар Бурабайда салынып жатқан республикалық шаңғы базасының іске қосылатын күні де жақын. Қазір жұмыстың 90  пайыздан астамы аяқталған. Бас мердігер Германияның «Ферримекс Штальваренхандель Гесселшафтм Б.Х» компаниясы. Жоба құны да ауқымды – 15,1 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі күні трамплиндердің тірек құрылғылары жасалуда. Үкімет басшысы курортты аймақтың жолдарын да қарап, демалыс орындарының жайымен танысты.
    Айнакөлдің жағасындағы «Әлем» қонақ үйінде курортты аймақтағы туризмді дамыту жайына арналған мәжіліс өтті.  Мәжілісте Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы туризмнің қазіргі жайы мен болашақ даму бағдары жөнінде баяндама жасады. 2017 жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумның туризмнің бәсекелестікке қабілеттілік индексі бойынша Қазақстан әлемнің 136 елінің арасында  81-ші орынды иеленген.  2015 жылы еліміз 85-ші, ал,  2011 жылы  93-ші орында болғандығын ескерсек, Қазақстан туризмі жыл санап дамып келе жатқанын бағамдауға болады. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша «Жобалық басқару» бағдарламасы шеңберінде туризм ұлттық  экономикамыздың  алты  жетекші саласының қатарына енгізілді. Отандық туризмнің алдына зор мақсат қойылып отыр, туризм саласынан түсетін табыс көлемін 2025 жылға қарай  жалпы ішкі өнімнің 8 пайызына дейін жеткізу жоспарланған. Туризм саласын серпінді дамыту, ең алдымен бұл салаға кәсіпкерлерді белсенді тартуға байланысты. Яғни, туризмнің дамуы отандық бизнестің дамуымен қатар жүрмек. Биылғы жылдың 30  маусымындағы Елбасы тапсырмасы бойынша Үкімет 2023 жылға дейінгі мерзімге арналған Қазақстанның туризм саласын дамыту тұжырымдамасын қабылдаған болатын.  Онда саланы дамытудың алты басым бағытының ішінде «Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластеріне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының көшпенділер мәдениеті мұралары енгізілді. Бурабай курортты аймағы осы кластердің өзегі болып табылады.
    Бурабай курортты аймағын дамытуға Үкімет көп жылдардан бері жете көңіл бөліп, бұл бағытта біраз шаруалардың басы қайырылды. Қазіргі күні курортты аймақта тек отандық демалушылар ғана емес, шетелдерден, оның ішінде іргелес Ресей мен Қытайдан, Түркиядан, Иран, Индия сияқты елдерден келіп демалатындар қатары өсе түскен. Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің алпыстан астам елімен визасыз байланыс орнатқан. Яғни, еліміздің азаматтары бұл елдерге визасыз баруларына мүмкіндіктері бар.  Бурабай  жоғарыда айтылған «Табиғат және көшпенділер мәдениетінің бірлігі» кластерінің мәдени өзегі болуы тиіс. Онда халықаралық дәрежедегі спорттық, мәдени, балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі шаралар, фестивальдер мен конкурстар өткізіліп тұратын болады. Мәдениет және спорт министрлігі осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізбек.
Бұдан кейін облыс әкімі Мәлік Мырзалин курортты аймақты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Аймақ басшысының айтуынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамыту» мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыру үшін ҚР Үкіметі және Ақмола облысының әкімдігі тарапынан мақсатты жұмыстар жүргізілуде.  «Жоба бойынша 2012-2013 және 2014-2016 жылдарға арналған екі кезеңдік бағдарлама  жүзеге асырылды. Осының нәтижесінде  43 жоба аяқталып, 12 миллиард теңге қаржы игерілді. Биылғы жылға инфрақұрылым бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін 5,4 миллиард теңге бөлінді.
Қолда бар мәліметтерге қарағанда, соңғы 6 жылда Ақмола облысына келетін туристер саны 2 есеге артып, туристік қызмет көлемі 5 есеге  ұлғайған. Жаз маусымында туристер саны 500 мыңнан асса, ал, жыл ішінде 1 миллионға жетеді. Жалпы, 2011-2016 жылдары облыста туризм  саласы  бойынша  демалыс индустриясы жобасына 24 миллиард теңге инвестиция тартылып, 49 жоба жүзеге асырылған.
Биыл 2017-2019 жылдарға арналған құны 13 милиард теңгенің ту-ристік инфрақұрылымын дамытуға арналған  23 жобаны жүзеге асыру қарастырылған» – деді аймақ басшысы.
      Бүгінгі таңда  ЭКСПО халықаралық көрмесіне қатысушылар мен қонақтарына 100 нысан есігін айқара ашып отыр. Оның 95-сі Бурабай аймағында болса, 4-еуі Зеренді  және 1-еуі Қорғалжын өңірінің аумағында орналасқан. Курортты аймақты дамытуға арналған бес бағыттан тұратын жоба қолға алынуда.  Оның ішінде Шабақты көлі аумағын көпшілік демалатын орынға айналдыру,  Щучье көлі аумағын премиум-класты туризм аймағына айналдыру,  Қа-таркөл көлі аумағында ат спорты және балалардың сауықтыру ту-ризмі, Сарыбұлақ ауылында экоауыл құру, Жөкей көлінің аумағында кемпингті дамыту сияқты жобалар бар. Бұл 5 жобаны жүзеге асыру ішкі және сыртқы туризмді дамытуда бәскелестікке сай туристік орталық құруға мүмкіндік береді.  
Бурабай кентінде  өткен жылы жаңа қазандық орнатылып, бір орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқан еді.  Сондай-ақ, екінші кезектегі су тарату желісін қалпына келтіру жұмыстары да аяқталды. Қазіргі кезде Бурабай кентіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысының айтуынша,  2017-2020 жылға дейін Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 3-ші кезеңі бойынша  құны 27,2 миллиард теңгенің  21 жобасы қарастырылған. Сонымен қатар, қосымша 10 жоба бойынша 41,1 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.
Мәжілісте сондай-ақ, еліміздегі туризм саласын дамытудың болашағы жайында Қазақстан туристері ассоциациясының президенті Рысты Қарабаева, «Зерен нұр» ЖШС директоры, Ақмола облыстық туристік бизнес ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов саланы дамытуға қатысты өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Үкімет басшысы сонымен бірге, облыс кәсіпкерлерімен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді талқылады. Кездесу барысында қатысушылар туристік саланы дамытуға бөлінген қосымша қаражаттың бөлінуін, сауда нарықтарын жаңғыртуды, «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бюджетті арттыруды, ірі ауыл шаруашылығы өндірушілері кооперативтерін қаржыландыруды, елді мекендердің бас жоспарын түзетуді, сонымен қатар, Қазақстанда шағын индустриялық аймақтарды дамыту жайында өз ой-пірлерін ортаға салды. Кездесуде «Есіл» ЖШС бас директоры Қазбек Ескендіров, «Еңбек» ЖШС басшысы Қуаныш Рақышев, «Торговый дом» ЖШС бас директоры Алексей Смагин, «Новый Кокшетау» ЖШС басшысы Рустам Джангунаков, «Гормолзавод» ЖШС директоры Әсен Жақсылықов, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің президенті Мәди Елубаев,  «Тренд+» ЖШС құрылтайшысы Ержан Қуанған сөз сөйледі.
Көтерілген мәселелерге орай ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, ҚР Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Алик Айдарбаев және ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов түсінік берді.
Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті дамыту Үкімет жұмысының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Бұл бағытта бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауға барынша көңіл бөлінеді. Сондай-ақ,  Бақытжан Сағынтаев аймақтағы бизнес саласын дамытуда облыс экономикасының перспективалы салаларының бірі ретінде туризмге ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Осы орайда, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту, сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру қажет.  
Сол күні Премьер-Министр Көкшетаудағы қалалық еңбекпен қамту орталығында болды. Орталықты аралау барысында Бақытжан Сағынтаев операторлар жұмыс жасайтын операциялық залды қарап шықты. Өз кезегінде мекеме директоры Ерік Мұратбеков өңір тұрғындарына еңбекпен қамтуға көмек көрсетудің іске асырылып жатқан бағдарламалары туралы баяндама жасады.
2017 жылы орталықтың жәрдемдесуімен 706 адам еңбекпен қамтылды, 90-ға жуық адам кәсіптік оқытудан өтті, 193 адам қоғамдық жұмыстарға, 51 адам – уақытша әлеуметтік жұмыс орындарына және тағы 33 адам жастар іс-тәжірибесіне бағытталды.  
Айтар болсақ, Үкімет жұмыспен қамту мәселесін тұрақты бақылауда ұстайды. Жұмыс сапарлары барысында Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы органдардың және бизнес өкілдерінің назарын жаңа жұмыс орындарын, әсіресе экономика секторларында құру қажеттілігіне аудартады, олар басқа салалардан әлеуетті жұмыстан босаған жұмысшылардың ағымын қабылдай алады.
Сондай-ақ, 2017 жылдың басынан бастап Қазақстанда өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту жаңа бағдарламасы іске асырылуда, онда өз кәсібін ашқысы келетін, немесе жұмысқа тұрғысы келетін адамдарды қолдау бойынша бірқатар тетіктер бар.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар