Аттестаттаудың қорытындысы нені көрсетті

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15 қадамында көрсетілген мемлекеттік қызметшілердің «Б» тобын кешенді аттестаттау тапсырмасын орындау мақсатында биылғы жылдың  көктемінде еліміз бойынша кешенді аттестаттау шарасы өткен еді.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін жан-жақты ашып көрсету мақсатында өткізілген шара өз мақсат биігінен көрінді деп айтуға әбден болады.Оны өткізу қарсаңында мемлекеттік қызмет жөніндегі аймақтық департаменттермен түсіндіру-насихат жұмыстары жүргізілді. Бұл аттестаттаудың бұрын үш жыл сайын өткізіліп жүрген шарадан айырмашылығы бұрынғыдай тек заң мен өз қызмет құзыретін қалай білетіндігі ғана ескерілмей, мемлекеттік қызметкердің бойындағы кәсіби білімі мен біліктілігі, адами қасиеттері жан-жақты ашылатын кешенді шара түрінде өткізілуінде болды. Қызметкерлер үш блоктан тұратын жеке басы ерекшеліктерін анықтайтын тестілеуден өтті, атап айтқанда: халыққа қызмет ету, жұмыс тиімділігі, жұмыстың ашықтығы мен есептігі.
Біздің облысымызда аттестаттаудан барлығы төрт мыңнан астам маман өтті. Атап өтерлігі, аттестаттау мемлекеттік қызметкерлердің өздерінің білімдері мен кәсіби біліктіліктерін, қабілет-қарымдарын жан-жақты көрсетулеріне мүмкіндік жасап қана қоймай, сондай-ақ, қызмет баспалдағымен өсу жолындағы үміттерін де толық ақтады деп айтуға негіз бар. Өйткені, осы аттестаттаудың қорытындысына сай, көптеген қызметкерлердің қызметтік лауазымдары өсіп, жоғарылады. Мәселен, биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін аттестаттаудың қорытындысында жақсы нәтижелер көрсеткен 33 маманның қызметі жоғарылатылды. Аттес-таттаудан өткен қызметкерлердің 92 пайызы өз қызметтік деңгейіне сай екендіктерін көрсетіп берді.
Шара қорытындысы бойынша облысымыздың мемлекеттік қызметшілерінің бойында қызмет көрсетудің басым бағыттарын айқындау, халықты ақпараттандыру, бастамашылдық, стреске төзімділік сияқты қасиеттердің жоғары екендігі анықталды. Атап өту керек, бұл қасиеттердің бәрі мемлекеттік қызметкер үшін ең қажет. Халықпен қоян-қолтық араласа жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер үшін ашуын ақылға жеңгізетін ұстамдылық, адамдардың сұрақтарына ықыласпен жа-уап беру, бастамашылдық қасиеттердің аса қажеттігі анық. Мамандарымыздың бойында сондай мемлекеттік қызмет үшін қажетті қасиеттердің молынан табылып жатқандығы қуантады.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерімізге назар аударатын олқы тұстары жайында да айтпай кетуге болмайды. Ол ең алдымен бірлесе, ынтымақтаса жұмыс істеу, яғни, ұжымшылдық және өзін-өзі дамыту. Өкінішке орай, көп қызметкерлеріміздің бойынан осындай қасиеттер көп көріне қоймайды екен.
Аттестаттау шарасын сапалы және жоғары дәрежеде өткізу үшін оған өз деңгейінде дайындалу қажеттігі түсінікті. Осы орайда, аттестаттау комиссиясының мүшелерін арнайы қысқа мерзімді курстарда оқыту қолға алынды. Бұл міндетті Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Басқару академиясы мен аймақтық мемлекеттік қызметшілердің білімдерін жетілдіру орталықтары атқарды. Біздің облысымызда да аттестаттауды өткізуге байланысты дайындық шаралары жоғары деңгейде өтті. Облыстың мемлекеттік органдарынан 47 аттестациялық комиссия құрылып жұмыс істеді. Ол комиссиялар облыс әкімі, облыстық мәслихат аппараттарынан бастап, облыстық басқармалар мен департаменттерден құрылды. Оған қоса, жергілікті жерлерде 20 аттестациялық комиссиялар құрылып жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметшілерге кеңес беру және түскен шағымдарға жауап қайтару, ақпараттық-түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында мемлекеттік қызмет департаментінен арнайы топ құрылды.
Аттестаттаудың қорытындысына орай, мемлекеттік қызметкерлердің пікіріне назар аударсақ, оның берген оң нәтижелерінің аз болмағандығын бағамдауға болады. Ең алдымен, аттестаттаудан өткен мамандар өздеріне жүктелген міндеттің ауыр және өте жауапты екендігін сезіне түскен.  Ал, көп қызметкерлерге аттестаттау өздерінің бойларындағы қарым-қабілеттерін жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік жасаған. Мәселен, 2008 жылы Ақкөл ауданы әкімі аппаратына жетекші маман болып келген Н.Шоқаев аттестаттаудың қорытындысына сай бөлім басшысы қызметіне жоғарылатылды. Осындай өз саласы бойынша қызмет сатысымен көтерілген мамандар жер-жерден кездесті.
Аттестаттаудың қорытындысына қарап отырып, біз Ұлт жоспарының 15-ші қадамында қамтылған мемлекеттік қызметкерлерді білімі мен біліктілігіне, басқа да кәсіби қырларына қарай отырып бағалау міндетін орындауда бұл шараның үлкен ықпалы болғандығын және халыққа қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлеріміздің өз деңгейінде екендігін анықтауға игі ықпалын тигізгенін атап өтуіміз қажет.
Берген БЕСПАЛИНОВ,
облыстық мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл департаментінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар