Ауыл әкімдері сайланды

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов БАҚ өкілдерімен болған брифингте 8 тамызда өткен аудандық маңызы бар қалалар мен селолық округтердің және кенттердің әкімдерін сайлаудың қорытындысы туралы айтып берді.

  Мемлекет басшысының 2013 жылдың 24 сәуіріндегі Жарлығына сай, сол жылы жергілікті әкімдерді сайлау  өткізілген болатын. Сол уақытта төрт жыл мерзімге сайланған 246 ауыл әкімінің 136-сы төрт жыл бойы, яғни, сайлау мерзімі аяқталғанша жұмыс істепті.  Кезекті сайлау биылғы жылдың  8  тамызына белгіленген. Бұл сайлауға 136 селолық округ бойынша  әкім болуға үміткер 412 адам ұсынылған екен. Оған қоса, шығып  қалған 21 ауыл әкімінің орнына да үміткерлер ұсынылыпты.
Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша, ауыл әкімдеріне үміткерлерді ұсыну биылғы жылдың  9-13 шілдесі аралығында жүргізіліп,  23 шілдеде тіркеу аяқталған. 24 шілдеден  6 тамызға дейін үміткерлердің сайлауалды насихат жұмыстары жүргізілген. Ауыл әкімдігінен үміткер 459  адам тіркеліп, сайлауға түскен. Солардың арасынан 157 үміткер әкім болып сайланған.
Айта кетейік, ауыл әкімдерін аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары сайлайды. Облысымыздағы жергілікті мәслихаттардың  242  депутатының  231-і , яғни,  95 пайызы дауыс беруге қатысқан. Сайлау барлық заң талаптарына сай өтті деп мәлімдеді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы. Оған түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардан және бұқаралық ақпарат құралдарынан бақылаушылар,  үміткерлердің сенім білдірген өкілдері бақылаушы ретінде қатысқан. Сайланғандардың  99-ы бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әкімдер болса, қалғандары жаңадан сайланғандар. Олардың 128-і немесе  81,5  пайызы ер адамдар,  28-і  немесе 18,5  пайызы әйелдер. Жаңа сайланған ауыл әкімдерінің орташа жасы  45-те және бәрінің жоғары білімдері бар. Таяудағы бес күннің ішінде жаңа сайланған ауыл әкімдеріне куәлік беріліп, өз қызметтеріне кірісетін болады.
Демократиялық принципке сай, сайланып қойылған ауыл әкімдері алдағы төрт жыл бойы жергілікті жердегі билік тізгінін ұстап, халыққа қызмет етеді. Биылдан бастап ауыл әкімдерінің өз бюджеті құрылатынын ескерсек, олар атқаратын жұмыс ауқымы мен жауапкершілік те ауырлай түсетінін бағамдауға болады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар