Жақсыдан қалған шарапат

Адам баласы қашан, қайда да әр кез еңбегімен бағалы болған. Өмірде сондай өнегелі із қалдырған Малдыбай Тоқмағанбетұлы Баймұқанов 1925 жылы қазіргі Зеренді ауданының Ортақ ауылында дүниеге келген еді.

Әкесі Тоқмағанбет 1936-1952 жылдары  сол төңіректегі Ортақ, Жарқайың, Жаңатілек ауылдарында колхоз басқармасының төрағасы болып еңбек етті. Өзі де еңбексүйгіш әке жалғыз ұлы Малдыбайды кішкентайынан еңбекке баулыды. Өбектемей, шаруаға шынықтырған бала он үш жасынан бастап өз қатарластарымен бірге колхоздың әртүрлі науқандық жұмыстарына араласты.
Бертін өзі оқымай, бойына біткен табиғи қабілетімен ел басқарған әке Малдыбайының оқығанын қалайтын. Алайда, жастайынан техникаға үйір жалғыз ұл ауылда еңбек жолын жалғастыруды ұйғарады. Бұл жөнінде үлкен ағасы, белгілі партия және шаруашылық қайраткері, есімі Көкше еліне кеңінен мәлім Мәулітбай Кәрімов «атамыз Тоқмағанбет басқарма, біздер жеткіншек балалар, еңбекке ерте араластық. Менің оқуға деген ынтамды байқап «Мәулітбай, сен оқуға зерексің, сондықтан, әрі қарай оқып, білім ал. Мына Малдыбай ініңді де сенімен бірге оқуға жіберейін, бас-көз бол» дегенінде Малдыбай  бұл сөзге көнбей, ауылда қала берді. Мұның бір себебі, ауылға жаңа трактор беріліп, сол тракторға көңілі кеткен інім «мен оқымаймын, одан да ауылда қалып, тракторшы боламын» дегеннен танбады» деп еске алатын.
Осылай жеті кластық біліммен тоқтаған Малдыбай аға кейін балалы-шағалы болғанда сырттай ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, орта арнайы білім алады. Есесіне жастайынан шежіре-қиссаларға, аңыз әңгімелерге өте зерек ел ағасы сөзден тосылмайтын әрі есте сақтау қабілетімен де  көпшілікті тәнті ететін. Жан-жақтағы ауылдардың, аудан, облыс көлеміндегі жер-су аттарының шығу тарихын тілге тиек ете қалғанда, кім болсын ол кісінің жан-жақтылығына таң қалатын. Осылайша көкірегі ояу, алғыр, қолы да, көзі де ашық Малдыбай Тоқмағанбетұлы сан ұлттың өкілдерімен қоян-қолтық еңбек ете жүріп, өзін асыл қырларынан танытқан абзал азаматтардың бірі болатын.
Тың игеру кезінде Ортақ ауылы «Раздольный» совхозының бөлімшесі болды. 1957 жылы Малдыбай аға осы бөлімшенің меңгерушісі болып тағайындалады. Сөйтіп, сол уақытта ауылдың әлеуметтік тұрмысы жақсаруына, жаңа үйлер салынуына, көше жолдарының жөнделуіне өзінің лайықты үлесін қосады. Туған ауылына шын жанашырлығын мына бір мысалдан да көруімізге болады. 1964 жылы алыстағы Литва республикасынан совхозға сүтті қара ала сиырлар әкелінгенде, оның бір тобын Ортаққа да бөлгізіп, сол асыл тұқымды сиырларға озат сауыншы Шәрия Сабырова ие болады.
Сол кездегі замандастары Малдыбай ағаның бұдан басқа да іскерлік қасиеттерін, мәселен, еңбек адамдарына деген қамқорлығын, жоғарыдағы басшыларға ауылдың мұң-мұқтажын жеткізе білген қырларын жиі айтып отырады. Сөзі өтімді, қолынан іс келетін азамат 1957 жылы тракторшылықтан егіс бригадасының жетекшілігіне көтерілді. Сол ауыр да жемісті еңбегінің нәтижесі ретінде 1963 жылы есімі Құрмет алтын кітабына жазылды. Ал, 1966 жылы сол кездегі ел астанасы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, зор әсермен оралды. Жаны жайсаң абзал жан бұдан кейін де көп жылдар бойы трактор-егіс бригадасын басқарып, оның орналасқан жері ауылдың ауыл шаруашылығы картасында «Малдыбай бригадасы» деген атпен мәңгі қалып қойды.
Осылай жақсы аға әкесі Тоқмағанбеттің

«балам, қашан да халықтың ортасында бол, адамның аты еңбегімен, жақсы ісімен шығады, соны ұмытпа» деген сөзін өз өмірінде бойтұмардай аялап өтті. Оған 1954 жылы тың және тыңайған жерлерді игеру барысында алған алғашқы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, 1957 жылы омырауына таққан «Құрмет Белгісі» ордені айқын дәлел еді.  
Ауылдың орналасқан жері шоқ-шоқ ақ қайың, тал-терек. Табиғаттың осы бір сыйынан төңірек аң-құстарға да кенде болмайтын. Әкесі Тоқмағанбеттің жүйрік ат ұстап, оны қасқырға салатын әуесқойлығы да көне көздер жадында. Кезінде бүкіл елге белгілі атақты аңшы Нұрсерке атамыздың Тоқмағанбет баптаған жүйрікпен бірден  екі қасқыр соғып алғаны облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде де көрініс тапқан екен. Әкенің осы бір қасиеті ұлы Малдыбайда да бар болатын. Әсіресе, құс атқанды ұнататын ол дала үйрегі, қаз алудың шебері еді. Сондайда көздегенін қалт жібермейтін мергендігі таң қалдыратын. Осы өнері бертін немересі Еркінге қонды. Қазақтың тазыларын ұстап, бір кездегі атасындай ол да аңға шығып тұрады. Сондайда қанжығасы майланбай, құр қайтқан емес. Атадан балаға, баладан немереге дарыған бұл қасиет те ұрпақтар сабақтастығы екені айдан анық.
Жалпы, Малдыбай аға мен Шәрипа әже он баланы дүниеге әкеліп, олардың бәріне де өнегелі тәлім-тәрбие беріп кетті. Сол балаларының әрқайсысы өмірде өз жолын таңдап, белгілі бір жетістіктерге жетіп, адал, мейірімді мінез-құлықтарымен ата-аналарының атына кір келтірмей күн кешуде. Бүгінде сол он ұл-қыздан тараған 23 немере, 21 шөберенің  көпшілігі жоғары білім алып, әр салада еңбек етіп, мына тіршілік атты өмір керуеніне бір-бір шуақ болып себездеуде.
– Көзі тірісінде әкеміз бен анамыздың бізге берген өнегелі тәрбиесін қашан да жылы сезіммен еске алып отырамыз.  Сол кісілердің бойына біткен еңбекқорлық, жан жылуы, әсіресе, немере-шөберелеріне көбірек дари түссе, бұдан артық үлгі-өнеге бар ма, – дейді асыл ағаның үлкен қызы, жас  ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен ұлағатты ұстаз атанған Зәуреш апайымыз.
Иә, уақыттың өз дегенімен мына жұмыр жер бетінде ұрпақтар көші осылай жалғаса бермекші. Соның бір тұсында туған ауылының қажырлы бір еңбек иесі, тұлғалы азамат Малдыбай Баймұқановтың да жұлдызы кейінгі ұрпақтарына нұрлы шұғыласын шашып тұр.

Қ.КӘКЕНОВ.
Зеренді ауданы.

 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар