Еліміздің мақтанышы

«Мың естігеннен, бір көрген артық»  демекші, ЭКСПО-ның ашылуын теледидардан тамашалағанда  көптеген шет мемлекеттердің басшыларының арнайы ат арытып келгендігіне қарап, халықаралық көрменің маңыздылығын түсінгендей болған едім. 

Ауданның жергілікті әкімдері мен мемлекеттік қызметшілері автобус жалдап, Астанаға арнайы барып, таңертеңнен кешке дейін халықаралық көрмені аралап тамашалап қайттық. Халықаралық көрмеден алған ең бірінші әсерім – осындай әлемдік маңызы бар шараның біздің елімізде өткізілуі десем, артық айтқандық болмас. Астана көрмесіне әлемнің 115  мемлекеті қатысып жатыр екен. Аумағы ат шаптырым дейтіндей алып көрмені, ондағы барлық елдердің павильондарын аралап шығу үшін бір емес, бірнеше күн қажет. Өкінішке орай, жеделдетіп біраз павильондарды ғана араладық. Алған әсер, көрген ғажайыптардың бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Астана көрмесі адамзат баласының болашақ даму көкжиегін көз алдымызға әкелгендей болды. Күн сәулесінен, судан, желден қуат өндіретін құрылғылар табиғатқа залал келтірмейтіні өз алдына, арзан әрі ыңғайлы екен. Мәселен, Сингапурдың күн көзінен зарядталатын шамдарын алыңызшы. Күнұзақ қуат жинап, түнімен айналаны жарықтандырып тұратын шам үздіксіз өздігінен жұмыс істей береді.
Бізге әсіресе, Қазақстанның павильоны қатты ұнады. Аспанмен таласқан жүз метрлік алып шар бейнесіндегі  сегіз қабаттан тұратын павильонда болашақ баламалы қуат көздері жан-жақты көрсетілген. Әсіресе, сегізінші қабатта орналасқан Елорданың болашақ сәулет бейнесі кеудемізде мақтаныш туғызып, «болашақтың қаласы осындай болуы керек» деген ойға қалдырды.
Қазір әлем халықтарының назары Астанаға ауып, ЭКСПО көрмесін тамашалауға келушілер қатары күн санап көбейіп келеді.  Мұның бәрі тәуелсіз елімізді барша әлемге танытып, мәртебесін арттыруға игі ықпалын тигізетіні анық. Сондықтан, ЭКСПО-ны осындай биік деңгейде өткізуге мұрындық болған Елбасына, Үкімет пен осы істің айналасында болған азаматтарға айтар алғысымыз көп. Халықаралық көрмені бір күн келіп тамашалап қайтудан алған әсерім мен толғаныстарым аз болмады. Оны ауызбен айтып жеткізу де қиын, сондықтан айтарым, мүмкіндік болса әрбір қазақстандық Астанада өтіп жатқан көрмені өз көзімен көріп, тамашалағаны жөн.
Мереке ҚҰСАЙЫНОВ,
Қатаркөл ауылдық округінің әкімі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар