Маңызды мәселелер талқыланды

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген аппарат кеңесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және селолық әкімдер сайлауына әзірлік барысы пысықталды. Кеңеске облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің және ведомстволардың басшылары қатысты.

  Алдымен облыс әкімі Мәлік Мырзалин өзінің өкімімен үстіміздегі жылдың 31-ші шілдесі күні Нұрлан Жексенбайұлы Бекеновтың облыстық мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы болып тағайындалғанын хабарлады. Нұрлан Жексенбайұлы Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Кеңес ауылында 1961 жылы туған. Үш жоғары білімі бар. Еңбек жолын 1982 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Тернов кеңшарында бастаған. Қаржы саласында көп жылғы бай еңбек тәжірибесі бар. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін, 2011 жылдың тамыз айынан бастап, Ақмола облыстық мемлекеттік ішкі аудит департаментінің басшысы болып қызмет атқарған.
Аппарат кеңесінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың облысқа ресми іссапарының нәтижесі қорытындыланды. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Премьер-Министрдің өңірдің ахуалымен танысқан кезінде атқарылып жатқан шаруаға оң баға бергенін айтып өтті. Мұнан соң кеңесте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі талқыланды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Қисықова қоғамды елеңдетіп отырған осы бір өзекті шаруаның бүгінгі тынысын қамтып, хабарлама жасады.
Қазіргі күні міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен облыс тұрғындарын қамту жұмысы қауырт жүргізілуде. Әйтсе де, облыстағы негізгі көрсеткішті бірнеше аудандар кейінге тартып отыр. Олардың қатарынан небәрі 31,3 пайызды құрайтын Қорғалжын ауданын, 35,7 па-йызды құрайтын Зеренді ауданын, 39,8 пайызды құрайтын Көкшетау қаласын айта кетуге болады. Ұзын-ырғасы 10 аудан. Міне, осындай себептен Ақмола облысы республика бойынша үшінші орында. Халықтың арасында түсінік жұмыстарын бұрынғыдан да ширата жүргізу, кеңінен қамту мәселесі туындап отыр.
Мұнан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Дина Ахметжанова алға қойылып отырған міндеттер үдесінен шығу барысында қандай жұмыстар атқарылып жатқаны жайында баяндап берді.
Өңір басшысы әлеуметтік-тұрмыстық маңызы зор, бас-ты байлық болып саналатын халықтың денсаулығын көздің қарашығындай сақтауға қатысты соқталы мәселені серпінді шешу үшін тез арада ел ішіне барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек екендігіне тоқталды. Тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылдың 24 сәуіріндегі Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын өткізу туралы Жарлығына сәйкес үстіміздегі жылдың 8 тамызы күні өткізілетін сайлауға әзірлік мәселелері талқыланды. Осы тақырып бойынша облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан Шаяхметов хабарлама жасады. Облыс бойынша өкілетінің төртжылдық  мерзімі аяқталған аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауыл әкімдерінің сайлауы өткізіледі.
Орталық сайлау комиссиясының ұсынысына сәйкес сайлауды өткізу үшін облыста дауыс беретін 19 орын жабдықталған. Дауыс беретін бюллетеньдерге 157 селолық округ бойынша 460 кандидат енгізілген. 13 округте екі кандидаттан, 142 округте үш кандидаттан, ал, екі округте төрт кандидаттан тіркелген. Атқарылған жұмысты екшеп айта келе Әділхан Асылханұлы бұл өзекті мәселеде ешбір қолбайлау жоқ екендігін мәлімдеді.  Кеңес соңында өңір басшысы күн тәртібінен туындайтын кейбір мәселелер бойынша нақтылы тапсырмалар берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар