Көз қорқақ, қол батыр

Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы несие алып, өз шаруасын дөңгелетіп отырған Қайдар Тасылбековтың кәсібімен танысу үшін аталмыш мекеменің директоры Жадыра Бейсенбаевамен бірге  Қарағай ауылына жол тарттық.

 

Жолшыбай орталықтың директоры ауданда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы мен тұрғындарды жұмыспен қамтуға ықпал етудің кешенді жоспары қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде айтып берді. Аталмыш жоспарға сәйкес, жұмыспен қамту шараларымен 439 адамды қамту жоспарланған. Оның 242-сі жұмыссыз адамдар, өзгесі тұрақсыз жұмыспен қамтылған тұрғындар. Биыл аумақты дамыту, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары мен индустрияландыру картасы аясында 317 адам тұрақты жұмысқа тартылады. Бүгінгі күнге дейін 203 адам жұмысқа орналастырылса, оның 82 па-йызы тұрақты жұмыс істейді.
Сонымен бірге, мемлекеттің қолдауынсыз 103 адам жұмысқа орналасқан. Олар аудан орталығындағы №1 орта мектептің бу қазандығын, Абай атындағы №2 орта мектептің автотұрағын жөндеуден өткізген. Сондай-ақ, Аңғал батыр ауылында темір шарбақ орнатып, көшелерді көгалдандырып, ауылішілік жолдарды жөндеген. Невский селосында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты аясында биылғы жылы 24 қатысушыға шағын несие беру үшін 69 миллион теңге қарастырылған. Оның 33 миллион теңгесі бөлініп, он қатысушы 24 миллион 200 мың теңгесін игерді. Қазір алты қатысушы мал шаруашылығын дамытуда. Өзгелері дәмхана, жылыжай, автожуу орнын ашса, Қайдар Тасылбеков ағаш өңдеу қызметімен айналысады. Мәселен, Еңбекшілдер ауылында тұратын жеке кәсіпкер Айбек Хамитов несие алып, жанар-жағармай құю станция-сын ашты. Мұнда екі адам тұрақты жұмыс істейді. Осы ауылдың тұрғыны Кенжебек Мұқышев ашқан техникалық қызмет көрсету станциясы да жұмыс істеп тұр. Кеңащы ауылында Индира Әкімбаеваның ашқан дәмханасына жерлестері разы.  Невский селосындағы «Тілек» шаруа қожалығының басшысы Хапар Самалхан мен Еңбекшілдер ауылында тұратын жеке кәсіпкер Рамил Кәрімов ірі қара мал басы мен қой санын көбейтуде. Сондай-ақ, Мамай ауылындағы Қалипа Нұржанованың наубайханасында пісірілген нан дүкен сөресінде көп жатпайды.
Аудандағы елді мекендердің көбі шалғайда орналасқан. Біз аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан Қарағай ауылына  Макинск қаласын басып өтіп бардық. Бұл ауыл бұрынғы Астанаға баратын жолдың бойында орналасқан. Мұндағы тұрғын үйлердің бәрі қарағайдан бұрап салыныпты. Қайдар Тасылбековтың үйі көшенің арғы жақ шетінде орналасыпты. Қожайыны қандай болса, шаруашылығы сондай, демекші бұл үйдің маңайы жинақы, бір қылтанақ таба алмайсыз. Бізді кәсіпкердің өзі қарсы алып, өз қолымен салған ағаш өңдеу цехтарын, қоймасын, моншасы мен мал қорасын аралатып көрсетті. Жазғы ағаш өңдеу цехында тақтай және өзге де құрылыс материалдары тілінеді. Мұнда шетелдің арнайы қондырғылары қойылған. Қысқы ағаш өңдеу цехында тақтай тәрізді өзге де құрылыс материалдарын кептіретін арнайы пеш орнатылған. Өңделген материалдар қоймада сақталады. Кәсіпкер тапсырыс берушіге «Газ-53» автокөлігімен және «МТЗ-90» тракторымен тасымалдау қызметін де көрсетеді. Қызмет бағасы төмен. Ағаш өңдеу цехтарының қалдықтары отын ретінде сатылады. Ұнтағы тегін таратылады. Азамат та әкесінің жолын қуып, ағаштан түйін түюдің қыр-сырын үйреніп жүр. Қасына Равиль есімді досын ертіп алыпты.
– Бұдан бұрын өзгелерге жұмысқа жалданып жүрдім. Көлігіммен жұрттың отынын таситынмын. Ауылда жұмыссыз адамдар көп. Соларға жұмыс та-уып берейін деген оймен өз ісімді ашуды жөн көрдім. Былтыр аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге көлемінде несие алдым. Ағаш өңдеу цехын ашып, Сергей Зейннер мен Сергей Савченконы жұмысқа алдым. Отын дайындау кезінде жұмысқа тағы да адамдар тартамын. Еңбекақыларын уақытында төлеймін. Тұрғындардың тапсырысын орындау үшін 2 миллион теңгенің ағашын сатып алдым. Кейін бұдан есік, шарбақ және үй мен моншаның құрылыс материалдарын жасаймыз. Бизнесімді кеңейтуді жоспарлап отырмын. Қазір көбі шарбақ материалдарына тапсырыс беруде. Бөрене мен тақтай тілеміз. Қыс айларында жұмыс істейтін цех салып алдым. Макинка, Баймұрза ауылдары тәрізді жақын елді мекендерде тұратын тапсырыс берушілердің құрылыс материалдарын үйлеріне жеткізіп береміз. Зейнеткерлердің де жағдайына қараймын. Ауылдың балаларына хоккей кортын жасап бердім. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, әзір бәрі жақсы, – дейді жеке кәсіпкер Қайдар Тасылбеков. Біз өз ісіне шынайы берілген жеке кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, кері қайттық.

Суретте: ағаш шебері Сергей Зейннер жұмыс үстінде.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар