Әке аманаты

Ақшам жамырай қара телефон кірне болған баладай қайта-қайта шырылдаған. Көтерсе қызы екен. Дауысы өкси, қобалжып шығады. Қас қарайған соң-ақ беймезгіл шырылдайтын телефоннан сескенетін еді. Бұл жолы қызының бейуақытта қоңырау шалғанынан, дауысының біртүрлі жыламсырап шыққанынан шошынып қалғаны да рас.

Сөйтсе, соншалықты тітіркенетін, қауіп ойлайтын ештеңе жоқ екен. Қуаныштың, шаттықтың лебі, көз жасы. Адам оқыстан қатты бір қуанғанда, қатты бір шошынғанда көңілі босап, дауыс ырғағына ие бола алмайды ғой. Әңгіменің ау-жайынан ұққаны, қызы Дананың атасы жайлы хабары. Ресей Қорғаныс министрлігі «Халықтар ерлігі» деп аталатын сайт ашқан екен. Дана сайттан атасының аты-жөнін жазып іздесе, мәңгі өлмейтін ерліктің сорабы айқын қылаң берген. Табылған құжатқа қарағанда жауынгер Атай Құдабаев қарша бораған оқтан сескенбейтін көзсіз батыр болғанға ұқсайды. 1944 жылдың 9 қыркүйегінде Санок қаласы маңында қиян-кескі ұрыс болған. Майданның алдыңғы шебінде шабуылға шығатын жаяу әскердің жолын ашып, дұшпанды пулемет оғымен бұқтыру міндеті жүктелген кіші сержант қарсы бағыттағы үш жау пулеметтері орналасқан бекіністерді аңғарып қалады. Іле дәл көздеп, біреуінің көзін жояды. Осы сәтте сақылдап оқ жаудырып тұрған өз пулеметі де істен шыққан. Жаудың нөсерлей жауған оғымен қара жердің қыртысын аспанға атып жарылған снарядтардың астында жатып пулеметін жөндеп алады. Содан соң екінші және үшінші жау бекіністерін жойып, жаяу әскердің қарсы шабуылға шығуына жол ашады. Осы ерлігі үшін кіші сержант Атай Құдабаев Үкімет наградасына ұсынылады.
Өлгені тірілгендей, жоғалғаны табылғандай жақсылық хабар сан алуан сезімге бөледі. Көңілдің терең бір түкпірінде жатқан сарытап сағыныштың қатпар-қатпар жүгі аршылып, өткен күннің сұлбасы елес берген. Иә, қайран әке! Әрдайым жан жүрегін аялап, санасында бірге жүрер әке бейнесі қашанда ыстық.
Мынау жарық дүниеде тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар кемде-кем. Өз басы асқар тауға балаған абзал әкенің нұр-дидары көз алдына келгендей. Қайран әкенің бал күлкілі балалық шағы да болмаған екен. Болса болған шығар, бірақ, жоқшылықпен өткен. 1919 жылы Павлодар облысына қарасты №7 ауылда дүниеге келген әке облыс орталығындағы №1 жетім балалар үйінде тәрбиеленген. Әлде мұғалімдердің жетімсіздігі, әлде жалпы жұртта жағдай солай болды ма, әйтеуір, төте жазумен сауат ашқан. 1939 жылы әскери міндетін өтеуге шақырылған. Жиырма жасынан комсомол мүшесі.
Майданнан оралғаннан кейін бейбіт өмірде тіршілік істеу қажет. Жас коммунист, кешегі майдангер, «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері Атай Құдабаев еңбек әліппесін НКВД-да бастаған. Өзінің нақты ойы болмаса да, сол кездегі қажеттілікке орай әскери комиссариаттың ұсынысымен, тиісті орындар қолдап, Павлодар облысына қарасты Бесқарағай ауданының Семьярка ауылындағы бөлімшеге орналасқан. Әскери шені сержант. Кейін НКВД-ның аудандағы бөлімшесі жабылып, милицияға ауысады. Осы жерде шаңырақ көтерген. Абзал әкенің бойындағы асқан адамгершілік, терең парасатты айқын көрсететін сәл ғана жанама мысал. Үйленген кезінде өмірлік жарының үш сіңлісі бар екен. Ер азаматтың қамқор-көмегін, жанашыр жақсылығын қажет ететін бойжетпеген балалар. Шырылдатып қайда тастап кетпек. Бәрін бірге бауырына басқан. Тіршіліктің салмағына, күнделікті қам-қарекеттің ауыртпалығына өз иығын тосқан. Соғыс аяқталғанымен, әлі елдің есін жия қоймаған кезі. Азық-түлік тапшы. Халықтың көбі аш құрсақ, иіні жалаңаш. Жалғыз жалақыны қолына қарап отырған барша адамға жеткізу керек. Сол кезде бір есінде қалғаны таңертең темір тәртіпке мойынсұнған әкей бозторғайдың шырылымен бірге оянып, өзеннен балық аулайды екен. Жұмысқа аттанғанынша қармаққа ілінген нәпақаны үйге жеткізеді. Сәлде болса талғажау. Сөйтіп, тақа жүдемесе де, бірді бірге жалғастырып, қарапайым күн кешкен. Ал, от-жалынның ортасынан аман-есен оралған әке көңілі адал еді. Дастарханына тек қана маңдай термен табылған адал ас қоюдан айныған емес. Кейін арада жылдар өткенде жарының сіңлілерін бірінен соң бірін ұзатып, өмір айдынына ұшырды.
Еңбек барысында да бүгін тосын көрінетін, тіпті, қазіргі мөлшермен ойлағанда ақылға сия қоймайтын жайлар жиі ұшырасқан екен. Бесқарағай Керекуден 180 шақырым жерде. Көліктің жоқ кезі. Әлдебір қылмысына орай жазалы болғандарды өгіз арбамен жеткізеді екен. Митың-митың еткен өгіз жүрісі қаншалықты дейсіз. Діттеген жеріне жеткенше айға жуық уақыт өтпек. Міне, сондай күндерді де басынан кешірген. Бірде мал ұрлап жазалы болған, сотталған көрші азамат Атайға өтініш айтады. Таңертең абақтыны бетке алып, ұзақ та ауыр жолға шығамыз ғой, тым болмаса бір түн үйімде түнеп шығайыншы. Адамгершілігі мол Атай рұқсат беріпті. Айдалып бара жатқан міскін де уәдесін жұтпаған. Ешқайда қашпастан таңсәріден мойынсұнып, өзі келген. Егер алда-жалда жазадан жалтарып қашып кетсе, Атайдың өзі сотталмақ. Сол кездегі адамдардың уәдеге беріктігі осы бір ғана мысалдан айқын көрінер еді.
– Бала кезімізде үй шаруасын бәріміз жабылып атқаратынбыз. Әсіресе, есімде қалғаны шөп шабу науқаны. Таң сібірлеп жаңа атып келе жатқанда өткір шалғыны құлаштай сілтеп, адамның белінен келетін жасыл шалғынды сыр-сыр еткізіп шапқан қандай рахат. Ауа тап-таза, төңіректің бәрі гүл, неше алуан көкірегіңді толтыратын сүйкімді шалғын иісі. Күн арқан бойы көтерілген сәтте ыси бастайды. Шабындықтың басына түрлі ыдыстарға құйып су, шалап ала келуші едік. Балалардың ішетін суына ортақтаспайын дейді ме екен, әкей марқұм қол орамалын тоспа судың үстіне жая салып, сонымен сүзіп су ішетін. Таңқалып неге бұлай ішесіз деп сұраушы едік. Сонда әке айтушы еді. Мөп-мөлдір су ғой, кешегі қанды майдан соғыста бұдан әлдеқайда жаманын ішкенбіз. Ештеңе етпейді деуші еді, – дейді Тоқан Атайұлы.
Арада қанша жыл өтсе де әке мейірімін, әкенің махаббатын ұмыта алмақ емес. Қанша ғұмыр кешсе, сонша көкірегінде бірге жүретін асыл қазынасы да, баға жетпес байлығы да сол. Ендігі бір ойы тар жол тайғақ кешіп жүріп ер жеткен абзал әкенің бойындағы барлық ғажайып қасиеттерді кейінгі ұрпағына айтып, өнеге ету. Үшінші дәрежелі «Даңқ» ордені мен бірнеше медальдармен марапатталған майдангер ердің жасы елуге толғаннан кейін бар болғаны екі-үш ай төсек тартып, қайтпас сапарға аттанды. Жоқшылыққа шыдаған, жетімдік жігерін мұқалта алмаған, қан майданнан дін аман келген аптал азаматты жаны жаралы, тәні қаралы Семейдегі атом бомбасының қасіреті алып жықты. Әкенің өмірден өтуі ұлы Тоқан үшін тым-тым ауыр соққы болды. Жанары жасқа шыланып жүріп жер бесіктің қойнына өз қолымен тапсырды. Бірақ, өзі өмірден өткенімен, «жақсы әке ұрпағына қырық жыл азық болады» дейтініндей аруағымен қолдап, көлеңкесімен қорғап жүрді. Өзі де ат жалын тартып мінген соң қай жерге барса да Атайдың ұлымын десе, тілдескен жұрт тік тұратын. Ақырын жүріп, анық басқан, бес күндік жалған тіршілікте адалдықтан айнымаған абзал әкенің жалпақ жұрттың алдындағы беделі мен абыройы тым асқақ екендігін, биікте екендігін ұғына білген. Кейін өзі де әке жолын қуып, қызметке араласқанда қылдан таймайтын адалдықты алдына адас-тырмас темірқазық тәрізді мақсат етіп қойған.
Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында ұлттық қауіпсіздік саласының ардагері, полковник Тоқан Атайұлы әкесі Атай Құдабаевтың аруағына бағыштатып құран оқып, өзі ғана түйсінер, өзі ғана білер бір құдіреттің алдында есеп береді. Иман тілеп күбірлеп отырып, жанары жастан кіреукеленген сәтте сағыныштың мұңы торлап, еңсесін төмен тартқан уақытта зау биіктегі әке бейнесіне мінәжат етіп, өзі әке салған соқпақты басып, аманатын алға арқалап келе жатқандығын айтатын болуы керек. Өйткені, перзент үшін ата-анасынан қымбат ешкім жоқ қой.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар